Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Естіртудің жөні бөлек…”. Қазақтар қазаны қалай естірткен?

409

Шоқан қайын жұрты Тезек төренің ауылында ауыр науқастан жастай қайтыс болады. Сонда Шоқанның қазасын әкесі Шыңғысқа естірту үшін сұлтанның үйіне үш адам барады. Олардың біреуі сыбызғышы, біреуі домбырашы енді бірі қобызшы еді. Сонда Шыңғыс сұлтан: – Өзімнің де көңіл көтергім келіп отыр еді, қане бір күй тартшы, – дейді домбырашыға. Сонда күйшінің қара домбырасынан мұңға толы күй төгіледі. Ойында ештеңе жоқ Шыңғыс күйшіні тоқтатып: – Қой, оданда көңілді күй тыңдайық, – деп сыбызғышыға қарайды. Сыбызғының алғашқы дыбысынан-ақ қайғының лебі еседі. Сұлтан оны да тоқтатып қобызшыға кезек беріпті. Қобыздың солқылдап жылағандай зарлы үнін естігенде Шыңғыс сұлтан болған жағдайды түсініп: – Е, Шоқаным кеткен екен ғой, – деп үнсіз қалыпты.

Тағы кейде қазаны қалай естіртерін білмеген ауыл адамдарының ақындарға қолқа салатыны болған

Ақын Қалижан Бекхожин осындай бір оқиғаны естелік етіп жазған. Ол 1944 жылдың күзінде майданға аттанар алдында Шымкентте тұратын ақын Иса Байзақұлымен Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендерде болады. Бірінші күні «Дмитров» колхозының директоры Қожаназар Тілеулесұлының үйіне түседі.

«…Үйге кіріп жайғасқаннан кейін Қожекең:

Ақын да киелі адам ғой, келгеніңіз жақсы болды. Даңқыңызға қанық едім, байқадыңыз ба, үй сыртында киіз үй тігулі тұр. Енді сізге арнап тіктім деп айтсам да орынды, бірақ оның сыры бар. Міне, менің қолымда арыстай екі боздақтың қайғылы хабары бар. Осы ауылдың қадірлі ақсақалының қос қыршыны еді, майданда қаза тауыпты. Нәрестелері жетім, жұбайлары жесір қалды. Онсыз да қаусап қалған сорлы қартқа қайғыны қалай естіртем деп кешеден бері күйзеліп жүр едім. Осыны сіз естіртіңіз, ақын жылата да, жұбата да біледі ғой, – деп Исекеңе тілек білдірді.

Қас қарая киіз үйге ауыл жұрты ағыла бастады. Сыйғаны ішке, сыймағаны сыртқа орналасты. Төрде шалдармен қатар отырған Исекең, манағыдай емес, ширап алыпты. Шүйілер бүркіттей сұсты. Қос боздағынан айрылған қарттың анадан бергі жайларын біліп алса керек. Бір сәтте домбырасын күңіренте жөнелді. Неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздықтарын елестетіп, өртенген, жұртта жат елдің елдің айдауында азап шеккен аңыраған ананың, шырылдаған сәбилердің аянышты сипаттарын тебіренте толғап, жиналғандардың жүйкесін бір шымырлатып алды. Содан кейін соғыста есімі әйгілі қаһармандардың ерліктерін жыр етті, әсіресе самолеті отқа шалынып қатер төнгенде Гастелло деген ер жау самолетіне жан қия шүйіліп, Отан үшін кек алған екен деп аңыз ете жырлағанда, жұрт сүйсініп серпіліп қалды. Мұндай ауыр қазаға орай, естіртудің неше атасын білетін Исекең ескі нақылдарды да бір сыдырып өтті де, азалы қарттың ата-бабасынан бері қазаның хабарына келгенде қара терге түсіп, екілене, жігерлене серпілді. Астарлап, бейнелеп қартты босатып та алды…

Исаның бұл толғауы сай-сүйегімді сырқыратқан бір көріністі ғажап жыр еді. Жұрт жылап алды, ақын сөзіне разы болып жұбанып та қалды. Азалы қарт та:

Шарам бар ма, қайтейін-ай, өркенің өссін қарағым! – деп тіл қатты…».

Ел басына күн туған сол бір жылдары белгілі ақын Кенен Әзірбайұлы да барлық ауыртпашылықты елмен бірге көрді. Жұбайы Нәсиханың соғыстағы жалғыз бауырынан келген жеделхаттың құрметіне қуанып сол кезде туған қызының атын Тілграмкүл қойды. Қыдырбек Қабылтаевтың Смоленск түбінде ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз келгенде бұл суық хабарды жұбайына «Жалғыз қайным» деген қаралы өлеңімен көзіне жас алып тұрып өзі естірткені ақынның қызы Төрткеннің естелігінен белгілі.

Қазақ халқының басқаның басына түскен ауыртпалықты бөлісіп, демеу көрсететін үлкен адамгершілік қасиеті ерекше

Қайғы қонған шаңырақ иелерін аяп, ауыр қазаны марқұмның жақын туыстарына тұспалдап, естірту бүгінгі кезде де жалғасуда.

Бердалы Оспан, мәдениеттанушы

Фото: islam.kz
https://kaz.365info.kz/bygingiler-bile-me-bayagyda-khazakhtar-yrylardy-khalaj-zhazalagan-297797

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз