Алматы облысы Есік қаласында полицейді өлтірді деген күдікті ұсталды.
Бұл туралы Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Tengrinews.kz хабарлады.
“Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қылмыс құралы тәркіленді. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу ерекше бақылауға алынды.
Полиция қызметкеріне қызметінен тыс уақытта шабуыл жасалған. Ол Еңбекшіқазақ аудандық ІІБ қызметкері болған”, – деп хабарлады полициядағылар.
Дереккөздің мәліметінше,
атыстан барлығы үш адам зардап шекті. Біреуі ауруханаға жеткізілер кезде көз жұмған, ал полицей 11-мамырда қаза тапқан. Үшінші зардап шеккен (жұмыссыз жүрген) адам қазіргі уақытта ауруханада жатыр.
Еске сала кетейік, осыған дейін Есікте атыс болып, полицейдің қаза тапқаны жайлы хабарланған болатын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, атыс 7 мамырдан 8 мамырға қараған түні болған. Еңбекшіқазақ ауданының ауруханасында оқ жарақатын алған екі ер адам түскен. Олардың бірі 31 жастағы полицей 11 мамырда көз жұмды. Оқ тигеннен бөлек, ол көптеген өзге жарақаттар алған.