Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-13
USD
523
-2.03
EUR
549
-1.55
RUB
5.07
-0.02

“Ерте ме, кеш пе қайтару керек…”. Назарбаев Қытайға неге барды?

156

Жоба жүзеге асар болса, балама тасымалдау құны арзан да жылдам байланыс жүйесі пайда болуы өз алдына, жол бойындағы көптеген транзиттік елдерге де келтірер пайдасы зор болушы еді. Тиісті инфрақұрылымды, атап айтқанда, тас, темір жолдарды салуға соңғы төрт жылда Қытай 50 миллиард доллар бөлді. Жақын болашақта тағы 250 миллиард доллар қосымша құймақ. Осының өзінен-ақ қытайлық бастама аймақтық ғана емес, ғаламдық маңызға ие екендігін аңғаруға болады. Олай болса, жобаға деген халықаралық қызығушылық та ерекше. Мәселен, Бейжінде өткен соңғы басқосуға 28 елдің басшылары қатысты.

Әу басында қытайлық бастамаға Еуразиядағы басқа ірі көршіміз Ресей жақтырмай қарап еді.

Себебі осы арқылы Орталық Азияда Бейжіннің ықпалы күшейіп, керісінше, Мәскеудің үлесі кемиді деп сескенді.

2014 жылы РФ президенті Владимир Путиннің асығыс-үсігіс Еуразиялық экономикалық одақты құруының астарында осындай қорқыныш жатты. Алайда Украина дағдарысы, халықаралық санкциялар салдарынан, Ресейдің өзі аса күрделі экономикалық қана емес, онымен бірге, ауыр саяси жағдайға душар болып, күрт әлсіреді.    

Путин екінші дәрежелі…

Қалыптасқан жағдайда, әлемнің көпшілік елдерімен, әсіресе, Батыспен, байланыстары нашарлағанда, Мәскеу Бейжінмен жақындасуға басымдық берді. Бірақ бұндай жақындасу тең дәрежеде өрбіді десек, ағаттық. Керісінше, күшейіп келе жатқан Аспан асты еліне экономикалық, қаржылық жағынан төтеп бере алмайтынын түсінген Кремль, бірқатар мәселелер бойынша көзқарасын өзгертуге мәжбүр болды. Соның ішінде, 2016 жылы қос мемлекет басшысы Ресей қарамағындағы Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың “Бір жол, бір белдеу” жобасын бұдан былай біріктіретіні туралы мәлімдеді. Аталмыш бірлестікте Ши Жинпин бірінші, ал Путин екінші дәрежелі серіктеске айналды.

Әрине, Орталық Азия аумағында империяшыл бағыттағы Ресей пәрменінің әлсірегені Қазақстанға тиімді. “Бір жол, бір белдеу” жобасының экономикалық маңызы өз алдына дәлелдеуді қажет етпейді.

Десе де

ортақ аймақта Ресей сынды бір алыпты Қытай секілді екінші алыптың алмастырғаны көптеген тәуекелдер тудыратыны сөзсіз.

Олай болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға жасаған сапарында екіжақты байланыстарға назар аударайық.

Рас, Қазақстан егемендігін алғаннан кейінгі жылдарда Қытаймен арадағы бірталай түйткілді мәселелерді тарқатып үлгерді. Олардың қатарында, шекараның бекітілуі, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға, игі көршілестік пен ынтымақтастықты дамытуға қатысты уағдаластықтарды атап өтуге тұрарлық. Аталған мерзім ішінде Қытай компаниялары Қазақстан сауда нарығында, экономиканың түрлі секторында қомақты үлке ие болды. Басқасын айтпағанда, жалғыз мұнай саласында бұл көрсеткіш бүгінде 25-30 пайызға теңеліп отыр. Орталық Азиядан Аспан асты еліне мұнай мен газ тасымалдаушы құбырлар желісі салынды.

Бірақ, Ертіс пен Іле сияқты маңызы зор трансшекаралық өзендердің тағдыры, қытайлық фермелерге жерді жалға беруден туындайтын түйткілдер, олардың экологияға зиян келтіруші технологияларды қолдануы, еліміздегі қытайлық кәсіпорындардағы дискриминация, заңсыз миграция, басқа да толып жатқан қиындықтар әлі күнге дейін күн тәртібіндегі өзекті мәселелер.  

Таяқтың екі ұшы бар      

Ендігі қауіп 2008-2009 жылғы ғаламдық экономикалық дағдарыстан кейін Қытай Қазақстанның ең негізгі қаржы көзіне айналғаны. Байқап отырсақ, Елбасы бұл елге жасаған әрбір сапары барысында 5-10 миллиард доллар, кейде одан да кең көлемдегі инвестицияларды тарту туралы келісім-шарттарға қол қойылады. Бір жағынан қарағанда, жағымды құбылыс. Әрине, егер сол қаржы отандық экономиканы дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалса. Алайда өзара байланыстардағы жемқорлық, келісімдердің шикілігі, жауапкершіліктің тапшылығы секілді былықтар мұндай ынтымақтастықтың көкжиектеріне күмәнмен қарауға негіз береді. Елді дүрліктірген соңғы оқиға – Қазақ-Қытай шекарасында Қорғас бекетінде ірі көлемде пара алған шендінің жауаптан бұлтарып кеткені.

Бірақ судың да сұрауы бар демекші, Қытайдан алынған қарызды ертелі ме кеш қайтару керек, үстеме пайыздамасын қосқанда. Біз немесе келесі ұрпақ оны қайтара алмаса, не болмақ?

Мәселен, банктер несиесін өтей алмағандардың үйін, бизнесін тартып алатыны белгілі. Ендеше, халықаралық қатынастарда басқаша болады деп кім айтты?

Ал негізі, қандай да мемлекетпен, мейлі, ол Ресей бола ма, Қытай бола ма, игі көршілістік пен ынтымақтастықты дамытқан абзал. Тек ондай байланыстар өзара теңдік пен сыйластық негізінде және  ұзақ мерзімдік ұлттық мүдделерге сәйкес жүзеге асатын болса. Оған қол жеткізу үшін сырт елдермен маңызды саяси иә экономикалық келісімдер бүгінгідей жабық есік жағдайында емес, сараптамалық орталарды қатыстыру арқылы қоғам алдында ашық жасалғаны маңызды. Өйткені құпия неғұрлым көп болса, алаяқтық пен заңсыздықтың мүмкіндіктері арта түседі.

Үшіншіден, тек экономика не қаржы саласында ғана емес, сондай-ақ саясатта да барлық жұмыртқаны бір себетке салған өте қауіпті.

Қытай саясаткерлерінің біз әлемді қарулы күшпен емес, экономикалық құдіретпен бағындырған Адамзат тарихындағы тұңғыш империя боламыз дегенін де естен шығармаған абзал.

Тиісінше, Қытай қаншалықты алып болса да, ең алдымен, өз әлеуетімізді ұлғайтқан жөн, ал жетіспей жатқан ұпайды ғаламдық сахнадағы басқа балама күштер, мәселен, Түрік әлемі, Батыс, Жапония, Оңтүстік Корея секілді елдердің мүмкіндігін пайдаланып, таразының басын теңестірген жөн.    

Расұл ЖҰМАЛЫсаясаттанушы

Арнайы kaz.365info.kz сайты үшін 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз