Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Еркектің басын айналдырады…”. Алматыдағы “Гейша” клубы нені насихаттап жүр?

321

Естеріңде болса, қарақтарым, бұрын күйеуден ажырасты дегенді естімеуші едік. «Бала алдырыпты, қыз кезінде екіқабат болыпты»  деген сұмдықтарды естімедік. Естісек те үлкендер жасырын сыбырлап, бұндай жаманаттарды айтпауға тырысатын. Көгілдір, еркекшораларды кейін көрдік. Ұят, обал, сауаппен өскен біз бақытты екенбіз. Рухани жаңғыру деп дабыл қаққан елбасының шырылын түсінген пендені көрмедім, Рухани азғындау үстіндеміз.

Ресми түрде ашылған азғындыққа үйрететін мектепті көрген ұрпақтың тағдыры не болмақшы?

Беті былш етпей ата-бабасының мұрасын дәріптегендей қазақтың жап-жас қыздары мектептің мақсатын мақтана сумаңдап таныстырып отыр.

60-тан асқан кемпірлер де сол мектепте отыр. Қазақтарды адастыруға арналған жеңіл әрі ұтымды жол. Масқара! Дәл осы еркекті айналдыруға арналған сабақ бергенше басқа тағлымды істермен неге айналыспайды? Нағыз көрсоқырлар, надандар!

Неге сырттың қаңсығына таңсық болдық? Орыс, неміс, американ мектебі, 3 тіл, ертең қытай мектебі ашылса ше? Бұл не болды бізге? Көз тиді ме? Қазағымыздың мәдениетін, салтын, әдет-ғұрпын құрту үшін жан-жақтан шабуыл жасап жатыр. Осылай үндемей жата берсек ұлт болудан қаламыз. Дереу қимылдау керек. Ертең кеш болады.

Мынау Астана мәңгүрттерінің ақша табу тәсілі ғой. Бұл мектеп қазақтың қыз-келіншектерін азғындыққа итермелейді.

Мынадай бизнес нысандарына лицензия неге береді екен? Билік қайда қарап отыр?

Ерлі-зайыптылар сезімдерін құпия түрде ұстамаушы ма еді? Бұл дегенің сезімді бизнеске айналдыру, яғни нәрестені шетелге сатқандай, қатын-қалаштарды шетелге күйеуге жібергендей, жерімізді, Отанымызды сатқандай көкейтесті мәселе ғой.

Сұмдық қой, сонда бұл әр адам баласы өз сезіміне өзі ие бола алмайды деген сөз ғой. Зорлық-зомбылық, педофилдердің көбеюуіне жол ашып беру деген сөз. Ана ел бүйтеді, мына ел сүйтеді дегенді қою керек. Біз — қазақпыз. Менталитет басқа. Не масқара еркекті еліту деген. Ол екі адамның арасындағы құпия. Оны үйрету деген қайдан шықты? Сендер үйретпей-ақ аз емес қой бүлініп жүргендер.

Міне, бұл — мылтықсыз майдан. Солардың бәріне төзген қазағым күніге өліп қара жамылуда. Баланы далаға тастап кету, ата-анасына қарамау, өзін-өзі өлтіру. Аяр, айлакер, қу қатындардан не оңды сабақ үйренуге болады? Ақша табу, аңқау, ессіздерді құрыққа түсіру оңай болды-ау қазір. Бақырайып тұрған затты неге көрмейміз?

Сиқырға, жезөкшелікке бастар осындай тренингтерді неге жоғары жақ жауып, айыппұл салмайды?

Бұл — ессіз көргенсіздік. Бұл — сұмдық қой. Болашақ ана болатын бойжеткендерге мұндайды үйреткенше, одан да қалай жақсы келін болудың қыр-сырын үйретпей ме?

Айтпақшы «Гейша» деген бұл мектеп жапондардан көшірме етіп алынған. Бірақ менің білуімше, онда жапонның салт-дәстүрлерін, ұлттық мәдениетін, күйеуін, үлкендерді қалай сыйлауды, құрметтеуді үйретеді.

Ал біздің «Гейшамыз» керісінше. Қазақ қызына оны үйретудің қажеті жоқ. Әр қыз өзінің назды қылығымен, биязылығымен кез келген жігіттің көңілін аудара алады. Ал мұндай мектептердің Қазақстанға қажеті жоқ

 Кемпірлер немене жас жігіт іздеп жүр ме екен?

Жабылсын, керек емес. Бұл — жастарды бұзу. Жетіспегені осы еді! Бұдан кейін басталады біреудің жанұясын бұзу, күйеулерін тартып алу. Бала туып, көшеге тастау өрши береді. Бізде мұндайлар аз ба еді? Өкімет, депутаттар, ақсақалдарымыз қайда қарап отыр?», – дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы «Қазақстан-Заман» газетіне жазған мақаласында.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз