Ислам Кәрімов енді тарихқа айналды. Ал тірі адам тіршілігін жасамай ма? Оның орнына кім келеді екен? Еg.ru порталы “таққа төрт үміткер таласуы мүмкін” деп болжапты.
Өзбекстанда бұл орынтақта Нигматилла Юлдашев отыр.
Бірақ, заң бір басқа, өмір бір басқа. Саяси элита да, сарапшылар да Юлдашевтың патша атану мүмкіндігі жоққа теңепті.
Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Рустам Иноятовтың әлеуеті Юлдашевке қарағанда сәл жоғары. Ол басқаратын құрылым қоғамдық өмірдің барлық саласын бақылауға алған. Ол басқаратын құрылыммен саяси элита да, бизнес те санасады. Сескенеді.
Одан қалды, Иноятов – Ислам Кәрімовтың бұрыннан бері үзеңгілес досы. Алайда ол қартайып қалды. 70-тен асып кетті.
Қартайған шағында “сұр кардиналдың” креслосын президенттік орынтаққа ауыстыруға Иноятовтың құлық таныта қоюы екіталай.
Ал вице-премьер Рустам Азимовтың кандидатурасы президенттікке сұранып-ақ тұр. Ол өзбек элитасындағы аса ықпалды “ташкенттік кланның” белді мүшесі. Атақты физик Садык Азимовтың ұлы. Айтпақшы, Азимовты Өзбекстандағы АҚШ елшілігі ерекше қолдайды. Бірақ, дәл осы дүние оның президенттік орынтаққа отыруына кедергі болуы мүмкін. Өзбекстанның АҚШ-тың айтқанымен жүруі Ресей мен Қытайға жақпасы бесенеден белгілі емес пе?
Кәрімовтың орнын басуы мүмкін ең ықтимал үміткер – қазіргі үкіметбасы Шавкат Мирзияев.
Біріншіден, ол Иноятовпен жақсы. Екіншіден қайтыс болған Ислам Кәрімовтың жесірінің сеніміне кірген. Оның сөзі көп нәрсені шешеді…
Мирзияев 59 -да қазір. Ол “самарқанд кланының” өкілі. Кәрімовтың ауыр сырқатқа шалдыққанын алғашқы болып хабарлаған да осы кісі. Бұл да біраз нәрсені аңғартады. Шавкаттың бөле қарындасы Диера Мирзияева 2009 жылы Бабұр Усмановқа тұрмысқа шыққан. Бабұр кім өзі?
Ол ресейлік миллиардер Әлішер Усмановтың жиені. Миллиардер Бабұрды өзінің мұрагері ретінде тәрбиелеген. Алайда арманы орындалмады. Бабұр көлік апатынан көз жұмды.
Мирзияв Өзбекстанның жаңа президенті болса Әлішер Усмановтың елдегі ықпалы әлденеше есеге артады. Турасын айтқанда, Өзбекстанның тағдырын айқындайтын ең маңызды шешімдер алдымен Усмановтың қарауынан өтеді. Мұндай жағдайда миллиардер Өзбекстанға кез-келген инвестиция құюға қорықпайды. Өз ақшасын ғана емес, ресейлік қалталы әріптестерін де Өзбекстанға шақырады.
Сарапшылардың айтуынша оқиғаның желісі мүлде басқа бағытта өрбуі ғажап емес. Қазіргі Өзбекстанға Ресей керек. Ресейде әзір 2 млн өзбек нәпақа тауып жүр! Мигранттар саны жөнінен Ресейдегі өзбектер бәрінен алда. Демек 2 миллион адамға екі елдің арасындағы байланыстардың өте жақсы болғаны керек.
Содан да шығар соңғы кездері “Өзбекстан президентінің орынтағынан Әлішер Усманов та үмітті”
деген әңгімелер айтылып жүр. Әрине, әзір бұл болжам ғана. Бірақ, Орта Азияда, оның ішінде Өзбекстанның жағдайында бәрі де мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.