Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың білімін бағалау талаптарын күшейтпек. Жаңа тәртіп бойынша 5-11 сынып оқушысы бір немесе екі пәннен жылдық қорытынды баға ретінде «2» алса, жазда қайта жиынтық бағалаудан өтеді. Нәтиже болмаған жағдайда оқу жылын қайта оқуы мүмкін. Бұл туралы 365info.kz сайты 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа бұйрыққа сәйкес 1-сыныпта баға мүлдем қойылмайды. 2-4 сыныптарда 10 балдық шкала сақталады. Ал 5-11 сыныпқа дейінгі оқушылар бір немесе екі пәннен «2» деген жылдық баға алса, ол жазда қайта жиынтық бағалау тапсырады. Одан дұрыс баға ала алмағандарға жаңа оқу жылы басталар алдында тағы бір мүмкіндік беріледі. Онда да нәтиже болмаса, екінші жылға қалдырылады.
Министрліктің бұл талабымен ата-аналардың бірі келіссе, енді бірі балаға білім берудің өзге де жолы бар деп санайды. Ата-аналардың бірі «Жалпы керек. Түбінде оқиды бала, ұялады, намыстанады. Қаласын келесі жылға десе, бала намыстанып оқиды. Ата-ана да жан таласады. Әйтпесе жан таласпайды, бәрібір көшеді, сол үшін қояды» деген пікірін айтты.
Тұрғындардың пікірінше, қазіргі таңда мектептерде оқушыларға қосымша қолдау көрсетуге мүмкіндік көп. Сондықтан мұғалімдер мен ата-аналар баланың білімін жақсартудың түрлі жолдарын қарастыра алады. Ал үлгерімі төмен оқушыларды келесі сыныпқа автоматты түрде өткізе беру олардың біліміндегі олқылықтардың жиналуына әкелуі мүмкін.
Ата-аналар бір сыныпқа қалдыру баланың оқуына жауапкершілікпен қарауына және білім алуға деген мотивациясының артуына ықпал етуі мүмкін деп санайды.