Еліміздегі ең қарт көлік жүргізушісі Атырау облысында тұрады. Есбол ауылының тұрғыны Сабыр Сүйінғалиев 90-нан асқан жасына қарамастан, көлік тізгінінен ажыраған жоқ. 16 жасында көлік жүргізуді үйренген ол 1954 жылдан бастап ресми түрде ұйымның көліктерін басқарған.
Бүгінде Сабыр ақсақал 23 жылдан бері жекеменшік УАЗ шағын автобусымен ауыл тұрғындарына қолғабыс етуде. Темір тұлпарларды өз қолымен жөндеп, бабында ұстайтын ардагер бұл ісін 74 жылдық дағдыға айналдырған.
«16 жасымнан бастап машина айдадым. Бұл УАЗ-ды өзім жөндеп, өзім айдаймын. Ауылдастарым көмек сұраса, тегін барып келемін. Тек бензин құйып берсе болды. Еңбексіз отыра алмаймын, әйтпесе ауырып қаламын» – дейді Сабыр Сүйінғалиев.
Қарияның еңбексүйгіштігі ауылдастарына үлгі. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жұмақұловтың айтуынша, Сабыр ақсақал көктем-күз мезгілінде егіс шаруашылығына көмектесіп, қыста малшы қыстақтарына жолаушы тасумен айналысады.