Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
3
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Елордада «Бейбітшілік тағы» көрмесі ашылды

Елордада алғаш рет өткізілетін «Бейбітшілік тағы» көрмесінде белгілі суретші-пацифист Гонсало Мабунданың (Мозамбик) «Тақ» және «Маска» атты ерекше жұмыстары ұсынылды. Мүсіндердің басты ерекшелігі – олар деактивті қару-жарақтардың қалдықтарынан жасалған. Гонсало Мабунда агрессия құралдарын өнер туындыларына айналдырып, адамзатты бейбітшілікке үндейді.

Көрменің ашылу салтанатына «Дегдар» гуманитарлық қоры Қамқорлық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева, Қазақстан суретшілері академиясының президенті Амандос Аканаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директорыы Гүлмира Шалабаева, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов, «Еуразиялық мәдени альянс» ЕКҰ кураторы Владислав Слудский және басқа да қоғам  қайраткерлері қатысты.

Art Dubai-2021 заманауи өнер көрмесінде қойылып, ұмытылмас әсер қалдырған ерекше экспонаттар Дариға Назарбаеваның игі бастамасымен елордалық көрмеде ұсынылды.

– Гонсало Мабунданың «Тақ» және «Маска» мүсіндері негіз болған бүгінгі көрменің мәні зор. Суретші-пацифист Гонсало Мабунда өзінің туған жері Мозамбикте ұзақ жылғы азаматтық соғыстың ауыр зардабын басынан өткерді. Бейбіт заман орнағаннан кейін ол автоматтар, снарядтар мен атылған гильзалардан ерекше мүсіндерді жасап, сұрапыл соғыстың қару-жарақтарын өнер туындылары ретінде ұсынды.

Қазіргі уақытта соғыс оты тұтанып, зорлық-зомбылықтан зардап шегіп жүрген елдер көп. «Бейбітшілік тағы» көрмесінің идеясы өнер тілі арқылы барша адамзатты соғыстан бас тартып, татулық пен келісімге үндеуді көздейді, – деді Дариға Назарбаева.

Көрменің тұсаукесеріне қатысқан қоғам қайраткерлері мен өнертанушылар «Бейбітшілік тағы» көрмесі татулық пен келісімнің мәнін атап өтіп, бейбіт өмірдің басты құндылықтарын бағалауға зор ықпалын тигізетінін жеткізді.

Гонсало Мабунданың бейбітшілікті насихаттайтын бастамалары көрме ұйымдастырушыларының идеясымен үндеседі. Көрме ұйымдастырушылары– «Дегдар» гуманитарлық қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, мүсіндер ҚР Ұлттық Музейіне сыйға табысталып, елордалықтар мен қала тұрғындары көрмені 23 қазанға дейін келіп тамашалай алады.

Бұдан бөлек, көрмеде Қазақстан, АҚШ және Африка суретшілерінің жұмыстары ұсынылған. Гонсало Мабунданың туындылары сияқты бұл шығармашаларда да туған жерге деген сүйіспеншілік, тарихқа тағзым сынды тақырыптар қозғалған. 

Ұйымдастырушылар экспозицияның Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған жеке бөлімін көрсетті. Экспозицияда 25-тен астам отандық және шетелдік шеберлердің туындылары жинақталған. Олардың қатарында Айша Галимбаева, Амандос Аканаев, Абдрашит Сыдыханов, Амен Хайдаров сынды қазақ өнерінің майталмандары бар.

Сондай-ақ бейбітшілік пен келісім тақырыбы қазақ және африкалық мәдениетті жақындастыра түскен  концерттік бағдарламада көрініс тапты. Көрермен қауым ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің жетекшілігімен өнер көрсететін «Forte-Trio» триосы, опералық әнші Салтанат Ахметова, африкалық мәдениетті насихаттайтын қазақстандық «Килиманджаро» тобы мен «Тұран» этно-фольклорлық  ансамблінің өнеріне тәнті болды.

Экспонаттарды ҚР Ұлттық музейі, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, «Дегдар» ГҚ, «Еуразиялық мәдени альянс» ҮЕҰ, «Құланшы» заманауи өнер орталығы,”Жаухар” сурет галереясы ұсынды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз