ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Оның айтуынша, Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселесін үнемі бақылауда ұстайды.
«Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын», – деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық іс-шаралар жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуға тиіс.