Әуе компаниялары әуежай басшылығының әрекетіне қарсы! Алматы әуежайы қызметтеріне тарифті көтеру туралы Азаматтық авиация комитетіне қолқа салғаны сол еді, әуе тасымалдаушылары өре түрегелді. Әсіресе «Эйр Астана».
Өйткені, «Эйр Астананың» жалғыз өзі ғана жылына жүздеген миллион теңге аударады екен. Әуежайдың бұдан басқа да табысы жетіп артылады деген тасымалдаушы, тарифті өсірмеуді сұрап отыр. Кері жағдайда, билет құны бұрынғыдан да қымбаттай түспек, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Былтырдың өзінде ғана Алматы әуежайы 3 миллиард теңгеден астам пайда тапқан. Оның алдыңғы жылғы табысы да 3 миллард теңгеден асады. Әрине, әуежай өз тарифтерін көтерсе, біз де билет бағасын өсіруге мәжбүр боламыз. Басқа әріптестеріміз де ұшып-қону қызметіне баға көтерілді деген жағдайда тарифтерін өсіруге дайын отыр», – дейді «Эйр Астана» әуе компаниясының менеджері Евгений Аксенов.
Алматы әуежайына барлығы 33 әуе компаниясының ұшақтары ұшып-қонады екен. Бірақ, соған қарамастан қауіпсіздікті алға тартқан әуежай басшылары техниканы жаңартуға тағы 1 миллард 789 миллион теңге қажет деп отыр. Ал оны табудың бір ғана жолы әуе компанияларына көрсетілетін қызмет ақысын өсіру екен.
«Әуе компанияларына қауіпсіздік қажет болса, әлбетте ол үшін шығындалулары керек. Сонда ғана талапқа сай жағдай жасаймыз. Біз қорымыздағы қаржыны да жаратып жатырмыз. Мәселен, ұшып-қону жолағын жөндеуге өз есебімізден 6 миллиард теңге жұмсадық. Перрон техникаларын да жаңартуға да ақша шығындап жатырмыз», – дейді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті Серік Мықтыбаев.
Осылай деп ақталған әуежай басшылары модернизация жасауға өздерінің миллиардтары жеткіліксіз екенін ашық айтты. Десе де, бұл уәжге «Эйр Астана» сенгісі жоқ. Өйткені, олардың мәліметі бойынша былтыр Алматы әуежайынің 7 бірдей топ-менеджері жалақыдан бөлек, 125 миллион теңгені сыйақы ретінде өзара теңдей бөлісіп алған екен. Ақпаратты әуе компаниясындағылар таратқанына әуежай басшылығы кәдімгідей шамданып қалды.
«Эйр Астанада» 32 вице-президент отыр деп жатқан жоқпын! Олардың қанша алатынын да айтып отырғаным жоқ», – дейді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті Серік Мықтыбаев.
Ал тарифті көтеру туралы ұсынысты қазір Азаматтық авиация комитеті қарастырып жатыр екен.
Әуежай қызметтеріне тарифті қымбаттатқан күні-ақ әуе тасымалдаушылары билет бағасын көтермекші. Яғни, айналып келгенде қауіпсіздік үшін жұмсалатын миллиондар алпауыт компалиялардың емес, тағы сол қарапайым жолаушының қалтасынан шыққалы тұр.