Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда қызмет ететін күзетшілерге қатысты қатаң тексеріс жүргізілмек. Оқу-ағарту министрлігі білім беру мекемелерінде күзет қызметін атқаруға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы бастама көтерді. Жаңа ережелерге сәйкес, бұрын балаларға қатысты қылмыс жасап, жазасын өтеген азаматтар мектеп пен балабақшада күзетші болып жұмыс істей алмайды.
Қатаң бақылау және жаңа талаптар
Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы Тимур Қастуғановтың айтуынша, күзет агенттіктері білім беру мекемелерімен жұмыс істеу үшін бірнеше кезеңнен тұратын тексерістен өтеді.
«Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде жақын туыстарының қылмыстық жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны тексерілетіні сияқты, енді балаларға қатысты қылмыс жасаған азаматтар мектеп пен балабақшаларды күзете алмайды», – деді Қастуғанов.
Сонымен қатар, күзет агенттіктерінің қызметтік қару ұстауға рұқсаты болуы және салық бойынша қарызы болмауы керек.
Қоғам пікірі екіге жарылды
Жаңа өзгерістерге қоғам өкілдері әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Кейбіреулер жеңіл қылмыс жасаған және жазасын өтеген азаматтарға екінші мүмкіндік беру керектігін алға тартса, басқалары бастаманы толық қолдайды.
«Балаларға қарсы қылмыс жасаған адамдардың мектеп пен балабақшада жұмыс істеуі дұрыс емес. Бірақ олар басқа мекемелерде жұмыс істей алуы керек. Өйткені, кез келген адам түзелуге құқылы. Егер оларды мүлде жұмысқа алмау туралы шектеу қойылса, кадр тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін», – деді күзет агенттігінің өкілі Виктор Теперев.
Жаңа талаптар 27 наурызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.