Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Елбасының Жапонияға сапары. Тағдырлас елдердің үндестігі

189

Жапония Қазақстанның, Қазақстан Жапо­ния­ның әлемде бейбітшілік пен өркендеу жөнін­дегі күш-жігерін әрдайым қолдап, қуаттап отырады. Ендеше, Қазақстан Президентінің ресми сапары аясында Хиросимаға арнайы ат басын бұруы – қос тараптың бұл мәселедегі мүдделестік жібінің ешқашан үзілмейтінінің, керісінше, мығымдана түсетінінің айқын көрінісі.

Хиросимаға барған Мемлекет басшысы ең алдымен Бейбітшілік мемориалды сая­ба­ғында болды. Нұрсұлтан Назарбаев осы сая­бақ­тағы 1945 жылы атом бомбасынан құрбан болғандарды еске алуға арналған Кенотафқа гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Жалпы аума­ғы 12,2 га жерді алып жатқан саябақта тарихи оқи­ғадан хабар беретін түрлі ескерткіштер бар. Солар­дың бірі – Садако Сасаки ескерткіші. Ескерт­кіш атом бомбалары тасталған мезетте жары­лыс нүктесінен небәрі 1,5 шақырым жерде орна­ласқан үйінде болып, ядролық қарудың зарда­бын тартқан Хиросиманың Садако есімді кішкен­тай қызына арнап тұрғызылыпты. Ол қыз бұл қа­сіретті оқиғадан 10 жыл өткеннен кейін ра­диация сәулесінен тараған аурудан көз жұмған.

Жалпы, саябақтың архитектуралық ансамблін Жапонияның танымал архитекторы, Токио университетінің профессоры Кэндзо Тангэнің және арнайы ұйымдастырылған байқау аясында өздерінің өзгеше ой-идеяларын үш маманның бірлесе жобалауымен бой көтерген. Бейбітшілік мемориалды саябағы – қала тұрғындарының 1945 жылдың 6 тамызындағы атом жарылысынан ажал құшқан жандарды еске алу үшін арнайы келіп тұратын орын.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті Бейбіт­шілік мемориалды музейінің экспозициясын ара­лап көрді. Музейдің негізі 1950 жылы қалан­ған. Ол 1945 жылдардағы қасіретті оқиғаны, радиацияның залал-зардабын халыққа түсіндіру және көрсету үшін арнайы тұрғызылған. Ішінде атом жарылысынан хабар беретін барлық мәлімет-мағлұматтар толық жинақталған.

Елбасы – арнаулы атаққа лайықты тұлға

Бейбітшілік мемориалды музейін көргеннен кейін Елбасы «мемориала қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысының құрметіне орай, «Заман-ай» әні қазақ және жапон тілдерінде орын­далды. Рәсімді ашқан Хиросима қала­сының мэрі Казуми Мацуи Қазақстан Пре­зидентінің 1991 жылы Семей сынақ полигонын жабу туралы шешім қабыл­дауы, бүгінгі күнге дейін ядролық қару­ды таратпау және қарусыздану бағы­тында көтерген бастамалары бүкіл әлем­ге үлгі болып отырғанын атап өтті. Соны­мен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Ядро­лық қарусыз әлем құру» идеясын көтер­ген Президент ретінде халықаралық қоғам­дастықта үлкен рөлге ие болғанын айтты.

Мемлекет басшысы өзіне айрықша құрметті азамат атағын бергені үшін Хиросима қаласының билік өкілдері мен жұртшылығына ризашылығын білдіріп, мұны Қазақстан мен Жапонияның антиядролық қозғалыстағы ниеттестігінің белгісі деп атады. «Жапонның Хиросима мен Нагасаки қалалары адамзаттың жаппай қырып-жою қаруына қарсы күресінің жалпыәлемдік символы болып саналады. Сіздердің ядролық қарудан ада әлемді қалыптастыру жолында жұмсаған күш-жігерлеріңіз бен қосқан өлшеусіз үлестеріңізді бүкіл әлем жоғары бағалайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті атом бомбасынан құрбан болған ондаған мың адамның рухына тағзым ету үшін Хиросимаға арнайы келгенін айтты. «Хиросимаға келіп, Бейбітшілік мемориалды саябағы нысандарымен танысу кезінде ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы біздің бастамаларымыздың маңыздылығы мен өзектілігіне деген сенімім тағы да беки түсті. Осы жерде, Хиросимада тұрып, атом бомбасы жарылысының бар қасіретті салдарын көре отырып, бүкіл әлем көшбасшыларын ядролық сынақтардан бас тартуға, атом қасіретінің қайталануына жол бермеуге шақырамын», – деді Қазақстан басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Семей полигонында қырық жылдан астам бойы үздіксіз жүргізілген ядролық сынақтар қазақ жеріне және халық денсаулығына орасан залал тигізгеніне тоқталып өтті. «Бүгін хиросималық бүлдіршіндер орындаған «Заман-ай» әні біздің елдеріміздің әлемдік қоғамдастықты ядролық зұлмат қатерінен құтқарудағы ұмтылысының нышанына айналды», – деді Қазақстан Президенті. Сондықтан, Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай қасіретке жол бермеу үшін бар күш-жігерді жұмсауға шақырды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Синдзо Абэмен келіссөз жүргізу барысында жаппай қырып-жою қаруы қаупінен ада әлем қалыптастыру жөніндегі іс-қимылды жалғастыру үшін екі елдің күш-жігерін жұмылдыру жө­ніндегі уағдаластыққа қол жет­кізілгенін айтты.

Қала мэрі Кадзуми Мацуи Хи­ро­симаға келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа барша тұрғындар атынан алғыс білдіріп, оған айрықша құрметті азамат атағының берілуі ядролық қарусыз әлем үшін күрестегі сіңірген еңбегінің жоғары бағалануының белгісі екенін атап өтті. «Сіз 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан халқының қалауымен Семей ядролық сынақ полигонын жаптыңыз. Орталық Азияда ядросыз аймақ қалыптастыруға және 29 тамызды Ядролық сынақ­тарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жариялауға баста­машылық еттіңіз. Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісінде Сіз жетекші рөл атқарып келесіз», – деді К.Мацуи.

Жалпы, Жапонияда «Хиросима қаласының құрметті азаматы» деген атақ бұрыннан бар. Ол 1962 жылы бекітілді. Бұл мара­пат дәстүрлі түрде қаланың әлеу­меттік-экономикалық жағдайын жақ­сартуға және қала имиджін мем­лекет ішінде ғана емес, шетелде де көтеріп жүрген азаматтарға беріл­ген. Күні бүгінге дейін бұл атаққа 20 Жапония азаматы лайық деп танылған. Олардың ішінде дүние жүзіне белгілі жапон дизайнері Иссэй Миякэ мен атақты балерина Йоко Морисита бар.

1963 жылдан бастап, осы қа­лаға арнайы ат басын бұрған, Хиро­симаның қаты­суымен халықаралық ынтымақтастықтың дамуына елеулі үлес қосқан беделді шетел­дік қо­нақтарға «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын беру туралы шешім қабылданады. Бұл марапатқа ие болған 36 азаматтың ара­сында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, одан бөлек, әртүрлі қалалардың мэр­лері, Хиросимада ірі халықаралық жарыс­тардың өтуіне ұйытқы болған түрлі спорт­тық федерациялардың басшылары бар.

Қазіргі дейін бірде-бір шетелдік мемлекет және үкімет басшыларына мұндай атақ берілмеген. Демек, Нұрсұлтан Назарбаев – осындай арнаулы атаққа лайық деп танылған бірінші Президент.

Салтанатты рәсім аяқталған соң Ел­­басы қаланың Құрметті қонақтарға арнал­­ған кітабына естелік жазба қалдырды.

Жапонияға сапар нәтижелі болды

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Жа­понияға ресми сапа­ры­ның қорытын­дысы бойынша отандық БАҚ өкілдері үшін бас­пасөз мәслихатын өткізді. Журна­лис­­терге берген сұхбатында Мемле­кет басшысы сапар аясында өт­кен келіссөздердің нәтижелі болға­нын атап өтті. «Біз сапар қорытын­дысында алдымызға қой­ған барлық міндетті орындадық деп са­наймын. Қарым-қатынасымызға страте­гиялық сипаттағы терең әрі өзара се­німге негізделген байланыс ретінде баға бер­ген бірлескен мәлімдеме қа­был­данды. Үкімет­аралық комиссия байланыста­ры­мыз­дың басым­дығы бар бағыттарын тағы да пы­сықтады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Қазақстан Прези­денті елі­мізге жапон компания­ларының келуі біз үшін өте маңызды екенін айтып, шағын жә­не орта бизнес саласындағы уағда­лас­­тық­­тарға, сондай-ақ, Жапония кәсіп­к­ер­лері­нің еліміздің ауыл шаруа­шы­лығына қызы­­ғу­шылық танытып отырғанына тоқта­лып өтті. «Жа­пония компаниялары біз­­ге келеді деп үміттенемін. Жапон бизне­­­сінің «капитандарымен» кездес­кен­де олар елімізге деген қызығу­шылық бар еке­­нін айтқан еді. Біз­дің делегация мү­­шелері респуб­ликамыздағы биз­нес­­тің қазіргі тыныс-тіршілігімен, ахуа­лымен таныстырды. Қазіргі уақытта қар­жы табу әрине, оңай емес, дағдарыс болған­дық­тан, барлығы да үнемдеуге тырысады. Осын­дай жағдайда біздің елге көрсетіліп отыр­ған құрмет жақсылықтың нышаны деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, екі елдің қарым-қатынасында антиядролық мәселе туралы тақырып ерекше орын алатынына назар аударды. «Біздің Хиросимоға соққанымыз дұрыс болды. Қазақстан мен Жапонияның күш-жігерін жұмылдырып, ортақ бастамалар көтерудің маңызы зор. Оның үстіне «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде мен осы ғасырда жаппай қырып-жоятын қарудан мүлдем арылу міндетін қойған едім», – деді Қазақстан Президенті.

Шынымен де, Мемлекет бас­шысы «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фе­сінде бұл жөнінде өте өзекті мәселелер көтерген болатын. Мәсе­лен, ол манифесті жария­лау ая­сында сөйлеген сөзінде: «Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты мани­фесім ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақ­тың тағдырына шынайы алаңдау­шылықтан туындап отыр. Біздер, мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершілік арқалап отырмыз. Көптеген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайрылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкей­­кесті міндет жоқ», – деген еді. Жапония – Мемлекет басшы­сы­ның бұл идеясын қуаттап қана қой­­май, бұл бағытта белсенді жұмыс­тар атқарып жүрген ел. Оған Азия континентіндегі тарихи, ұлт­тық үлгідегі «жапон амбиция­сы», «жапон патриотизмі» ұғым­дарын әлем жұртына тарата білген, ядро­лық қарудың қасіретін көрсе де, одан ерік-жігері алып шыққан озық мем­лекеттің бүгінгі жеткен биігі дәлел бола алады. Біз бұған Хиросимаға барған кезімізде көз жеткіздік.

Өзіне тасталған атом бомбалары күш-қуатының жойқын да алапат болғаны соншалық, кезінде жалпы аумағының 90 пайызға жуығы жермен жексен болған, сонау 1980 жылдан бастап Күншығыс елінің мемлекеттік маңызға ие қалаларының тізіміне енген Хиросиманың жергілікті тұрғындарының саны шамамен 1,1 миллионнан сәл асып жығылады. Жапонияның ірі Хонсю аралының батысында орналасқан бұл қала – Хиросима префектурасының әкімшілік орталығы. Портты қала мәртебесіне ие.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз