Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Елбасы шырылдап жүр ғой!”. Шүкеев мұны естімеген бе?

27 миллион болса, “ә бопты” дер еді. 27 миллиард дегеніңіз басыңызды айналдырып, жүрегіңізді лобытатын сома ғой! 27 миллиардқа қандай кеңес алуға болады? Ондай алтынмен апталып, күміспен қамталған кеңесті бір тыңдау ішерге ас, киерге киім таба алмай отырған қара халыққа бұйырмас. Ал, бұйыртқандардың сол ақылды пайдаланып, “күнді батыстан шығарып, шығыстан батырғанын” әл-әзір ести қоймадық. Соған қарағанда бір ақиқаттың беті ашылған сияқты.

“Самұрық-қазыналықтар” өздерінің қандай ақымақ екенін 27 миллиард теңгені шашуымен толық дәлелдеді. Қазақ мұндайда “тауықтың миындай да миы жоқ” деп жатады.

Сондықтан, “тауық ми” “самұрықтарды” аяу керек… Біз бұған дейін ақымақтықтың шегі болар деп ойлаушы едік. Болмайды екен.

Елбасы не деп шырылдап жүр?

Мәселен, жылда “мемлекеттің бюджетін үнемдеңдер” деп шырылдайтын Елбасының ақылы “Самрұқ-Қазынаға” әсер етпегені ме? Бүгінгіндей дағдарыс алқымнан алған тұста ақылдың үлкені осы бір “мемлекеттің бюджетін үнемдеңдер” деген бір ауыз сөздің ішіне сыйып кетіп отырған жоқ па? Мұны бір деңіз.

Екіншіден, заманның заңғар тұлғасы Елбасыдан “самұрықтықтар” кеңес сұраса, 27 миллиардты шығындамай-ақ , тегін ақылға қарық болар еді. Шетелден арнайы алдырған ақылмандар Елбасыдан көп біледі дейтіндер болса, оны да айтсын!

Үшіншіден, Қазақстанның кез-келген әр саладағы білікті маманы 1 млн. теңгеге бір жыл бойы кеңес беруге дайын екенін “самұрықтықтар” неге ойламаған? 27 миллиардқа 27 миллиард рет ақыл тыңдауға болады. Осыны ойлаған кезде көкейімізге “Олар осыншама ақылды бір жылдың ішінде қалай тыңдап үлгерген?” деген сұрақ тығылды.

27 миллиард 270 мың адамның айлық табысы

27 миллиард дегеніңіз еліміздегі 270 мың адамның (орташа жалақы 100 мың деп алсақ) бір айлық табысы. 270 мың отбасын аштан қалдырып, ақылды болып алмақ болғандарды қалай да жазалау керек секілді.

Бұл ақшаға үйсіз жүрген 2700 отбасыға (бір баспананы 10 млн. теңге деп есептеп отырмыз) баспана әперуге болады. Демек, “Самұрық-Қазынаның” басшылары мен қызметкерлері кеңес алсын деп, 2700 отбасы баспанасыз қалып отыр.

Қазір Қазақстанның сыртқы қарызы 10,9 трлн теңгеден асып кетті. 110-нан аса мемлекетке берешекпіз. Бұл ақшамен сол мемлекеттердің тым құрығанда біреуінің қарызын жабар едік. Жаппаса да, қарыздың бір бөлігі қайтар еді.

Бұдан сырт…

“Самұрықтықтар” әлі қанша ақшаны желге ұшырары бір Құдайға аян. 2017-2019 жылдары (мемлекеттік қарызды азайту мақсатында) Қазақстанда бюджет тапшылығы болатынын сарапшылар айтып жатыр. Бюджет тапшылығы қысқан тұста “Самұрық-Қазынаның” “ақымақтана” қалуы ненің белгісі?

 2016 жылы “Самұрық-Қазына” әкімшілік шығындар үшін 345 млрд теңге жұмсаған (27 миллиард осының ішінде). Мұны жоғарыдағыдай есепке салсақ, ұйқымыз бұзылар.

Біздің ғана емес, күллі қазақтың ұйқысын сансыз нөлдермен бұзған корға кім тежеу қоймақ?

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз