Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
9
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Елбасы АҚШ-қа сапарын қорытындылап, баспасөз конференциясын өткізді

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төрағалық қызметімізді әлемдік қоғамдастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз. Бұл мәртебелі қызметтегі Орталық Азияның бірінші мемлекеті бола отырып, біз Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды органының өкілі сыңайлымыз.

Бір жыл бойы Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның жұмысы жемісті өтті. Бірнеше комитеттерді басқара отырып, шиеленістерді шешуге қомақты үлес қосты. Бір ғана Астана процесінің өзі мақтауға тұрарлық. Сәтті аяқталған келіссөздер жаһадық түйткілдің түйінін тарқатуға септігін тигізді. Бұдан бөлек, қазақ елі ұстанып келетін негізгі басымдықтардың бірі – ядролық қаруды тартпау.

Президент зұлмат қарудан бас тартып, қалың көпшілікті ядролық әлеуетті тек бейбіт мақсатта пайдалануға шақырды. Бастысы – өзара сенімге негізделген қатынастар орнату. Онсыз қандай да түйткілдің түйінін тарқату мүмкін емес. Әсіресе, ядролық державаларға түсіністік жетіспейді. Тек келіссөздер ғана қандай да нәтижелерге әкеледі. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды таратпау бағытында бірқатар ұсынысты ортаға салды.

Тіпті Қазақстан Солтүстік Корея мәселесіне қатысты келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Солтүстік Кореяның ядролық мәселені реттеуге қатысты жағдайын конструктивті жолмен шешуге әбден болады. Корей жарты аралындағы қазіргі жағдайлар бұл арадағы қарама-қайшылықтың тереңдеп бара жатқанын көрсетеді. Әлем қатты алаңдап отыр. Бұл мәселені АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы сенімді қалыпқа келтіру арқылы шешуге болады деп ойлаймыз. Бұл туралы біз Ақ үйде де сөз еттік. Қазақстан бұл мәселе араағайын болуға, мәселе талқысына өз алаңын ұсынуға әзір.

Қазақстанның мұндай ұмтылыстары көпшілік тарапынан қолдау тапты. БҰҰ Бас xатшысы Антонио Гуттериш Қазақстанның 4-ші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы көпке үлгі екенін айтты.

Антониу Гуттериш, БҰҰ Бас хатшысы:

– Бүгінгі жиынға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Жиынның ұйымдастырылуына жетекшілік еткен Қазақстанға алғыс айтамын. Қазақстан жаһандық қырып-жою қаруын таратпау туралы бастаманы әу бастан көтеріп, үнемі қолдау білдіріп келеді. Осы мәселеде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы алғыс айтамын. Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуының өзі – қырып-жою қаруын таратпауға қосылған үлкен үлес. БҰҰ да ядролық қарудың таралуына түбегейлі қарсы.

Бүгінде Қазақстанның ядролық қарусыз әлем үшін екенін екінің бірі біледі. Мұны Елбасы АҚШ-қа сапары қорытындысы бойынша өткен брифингте де атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев отандық және шетелдік журналистердің сауалдарына жауап беріп, Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметіне оң баға берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл – маңызды шара. Бүкіл дүниенің осындай ұйымын басқару, нұсқау беру, не жасау керек екенін айту, осының барлығы үлкен табысымыз деп санаймыз. Жеке басымның емес, қазақ халқының, Қазақстанның табысы. Арқамызда халқымыз тұрған соң, елге жақсылық жасау үшін жүріп жатырмыз.

Елбасы Вашингтонда болған келіссөздердің де сәтті аяқталғанын айтты. Кездесулердің барлығы жемісті. Бизнес капитандарымен жүздесудің нәтижесінде миллиардтаған келісімдерге қол жетті. Сөйтіп ынтымақтастықтың жаңа көкжиектеріне жол ашылды.

Дональд Трамппен де салиқалы сұxбат өрбіді. Қос көшбасшы өзара сенім мен түсіністік жағдайында екіжақты қатынастардан бастап, өңірлік, xалықаралық мәселелерге терең үңілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ол өзге президенттерге еш ұқсамайды. Мен үлкен Бушпен де, Клинтонменнен де, кіші Бушпен де, Обамамен де кездестім. Бесінші президент келіссөз жүргізуде оларға мүлде ұқсамайды. Бизнесмен ғой, нағыз істің адамы екені көрініп тұр. Бос сөзді ұнатпайды. Маған мұнысы ұнады, біз бір-бірімізді жақсы түсіндік. Ешқандай мәселе туындаған жоқ. Керісінше, талқылаған мәселелерге тікелей байланысты мәселелерді әбден келісіп алдық.

Нұрсұлтан Назарбаев екеуара әңгіме барысында Дональд Трампты Қазақстанға гольф ойнауға шақырғанын айтып қалды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мұнда жарыспай-ақ қойғанымыз дұрыс. Біріншіден, Оның барлық жерде гольф алаңы бар екен. Әр сенбі, жексенбі гольф ойнайды екен, оған ауа-райы да қолайлы. Ал бізге қазір қай жерде ойнайсың? Бірақ бәрібір шақырдым осында. Ол бізде гольф алаңдары барын естігенде таң қалды. Содан: “Алаң бар, бірнеше клуб бар, келсең ойнаймыз” дедім. Сөйтіп гольф ойнауға келістік.

Мұxтар Ыбырайым, тілші:

– Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары шын мәнісінде тариxи деуге негіз бар. Мұнда өткен әрбір жиынның елге берері мол. Жаңа инвестициялар мен тың нарықтарға жол ашылып, экономика күшейе түседі. Оның үстіне, Қазақстанның бейбітшілік, сенім мен қауіпсіздікке салған сара жолын жеке атап өту керек. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің бағыт-бағдарын әлем жұртына тағы бір мәрте көрсетіп, Президенттің бұл сапары мұxиттың арғы жағында үлгі боларлық істермен есте қалды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз