Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-6
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Эльбадағы кездесу және қазақ жауынгері

1945 жылы сәуір айының соңында бірінші лейтенант Арнольд Котцебудің барлау тобы Эльба өзенінен екі шақырым жердегі Леквиц атты шағын ауылға кіреді. Ауылдың орталық көшесінде олар бір үйдің ауласына кіріп бара жатқан атты адамды байқайды. Оның әскери киімі өзгеше болатын – неміске де ұқсамайтын. Америкалықтар оның соңынан еріп, сол үйдің ауласына кірді. Атты адам атынан түсіп, үй маңында жүрген, немістер әртүрлі елдерден күшпен алып келген шетелдік жұмысшылармен сөйлесіп тұр екен. Сағат 11:30 болған. Америкалық құжатта осы сәт «одақтастар армиясы мен кеңес әскері арасындағы алғашқы ресми байланыс» деп жазылды. Ол жауынгер – Айтқали Әлібеков еді.

Лейтенант Котцебудің жазбасында бұл тарихи кездесу былай сипатталады: «Сарбаз сабырлы және ұстамды болды, эмоциясын қатты білдірмеді. Командирінің қайда екенін сұрағанда, ол шығыс жақты қолымен нұсқап, бақылау пункті оңтүстік-шығыста екенін айтты. Томаға-тұйық, кездесуге күдікпен қарады. Бәлкім, ол бұл кездесудің тарихи мәнін бірден түсінбеген шығар…».

1945 жылы Эльба маңындағы тағы бір қалада маңызды кездесу өтті. Бұл оқиға жайлы 15 жыл бұрын өмірден озған Шымкент тұрғыны, запастағы полковник Қарабай Қалтаев айтып кеткен. Қарапайым, үндемейтін, аласа бойлы бұл қазақтың батыр екенін көбі біле бермейтін. Бірақ ол Даңқ орденінің толық иегерінің бірі және АҚШ армиясын Эльбада қарсы алған жауынгерлердің бірі болатын. Бұл кездесуге дейін Қалтаев Днепр, Висла және Одер өзендерін кешіп өткен. Даңқ орденінің III дәрежесін – Одесса облысындағы Березовка маңындағы шайқас үшін, II дәрежесін – Висла-Одер операциясы кезінде танк пен екі оқ нүктесін жойғаны үшін алды. I дәрежелі орденді – 1945 жылы жазда Эльбадағы кездесуден кейін Гросенхайн қаласы маңындағы қарсы шабуылды тойтарып, жау пулеметін және шамамен 20 жауынгерді жер жастандырғаны иеленді.

«Сол сәтте біз ағылшын, ал америкалықтар орыс тілін жақсы түсінді. Бізде ішімдік пен шошқа майы болды. Осының бәрі америкалықтармен кездесуде дастарханға қойылды. Олар да қалыспады – консервілері бар екен, қыздарға шоколад берді. Ән айтып, би биледік. Қайдан шыққаны белгісіз – біреу аккордеон әкелді! Көктем еді, айнала жайқалып тұрған. Соғыс болмағандай күй кештік. Бәрі аяқталғандай сезім болды. Бізге әр кездесуді майдан штабына баяндау тапсырылғанын ұмытып кеттік. Бірақ, шамасы, «особистер», яғни комитет қызметкерлері міндетті біздің орнымызға атқарып қойған болар. Кейінірек АҚШ армиясы офицері лейтенант Альберт Коцуба мен майор Александр Гордеев басқарған кеңес сарбаздары арасында ресми кездесу өткенін білдік. Біздің украин ефрейторымыздың аты – Павло Коцуба, сондықтан біз оны «Американец» деп атайтынбыз.», – деп кейінірек Қарабай Қалтаев сол сәтті еске алған.

Эльбадағы кеңес және америкалық әскерлердің кездесуіне 80 жыл толуы – фашистік Германияны бірлесіп жеңудің маңызды белгісіне айналды. Сол күні 1945 жылдың көктемінде Торган қаласындағы жартылай қираған көпір үстінде екі армия жауынгерлері қол алысып, достық пейіл білдірді. Бұл оқиға «Эльба рухы» деп аталды және бүгінде Қазақстан, АҚШ, Ресей мен ТМД елдері арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың символы саналады.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда кейбір Батыс елінде, әсіресе Еуропа мен Германияда, бұл тарихи оқиғаны ұмытуға, қайта жазуға тырысу үрдісі белең алды. Алайда жауынгер-азат етушілердің ерлігін өшіру мүмкін емес. Ол жылдары халқымызды америкалықтармен ортақ мақсат пен бейбітшілікке ұмтылыс біріктіргенін, ауыр шығындар мен азапты жылдарды ұмытпауымыз керек. Қуантатыны – бүгінде АҚШ-та кейбір ізгі дәстүрлер қайта жаңғырып жатыр. Америкалық билік ТМД елдерінің Вашингтондағы елшіліктерімен бірге 25 сәуірде Эльбадағы армияларымыздың кездесуіне арналған еске алу рәсімін Арлингтон зиратындағы мемориалдық тақта жанында өткізуге келісімін берді. Жеңістің 80 жылдығын атап өту аясында америкалық ардагерлермен бірлескен өзге де шаралар жоспарлануда. Бұл АҚШ-тың алдыңғы әкімшілігімен салыстырғанда жағымды өзгеріс. Себебі соңғы жылдары «Байден идеологиясы» мұндай еске алу және мерекелік шараларға ешбір негізсіз шектеулер қойған болатын.

Ал Еуропа елдерінің, әсіресе Германияның ұстанымы мүлде түсініксіз. Эльбадағы 80 жылдық кездесу құрметіне ұйымдастырылған салтанатты жиындарға АҚШ өкілдері ғана емес, Германияны фашизмнен азат еткен өзге елдердің өкілдері де шақырылмады. Бұған қоса, бұрынғы КСРО елдерінің делегацияларына сөз сөйлеуге мүмкіндік берілмегенімен, Саксония премьер-министрі Михаэль Кречмер сахнаға шықты. Қала басшылығы мен Германияның Сыртқы істер министрлігі гитлерлік Германияның тарихына қатысты күндерді үлкен ықыласпен атап өтсе де, бүкіл әлем қадір тұтатын тарихи оқиғаларға мән бермей отыр. Кеңес армиясы азат еткен концлагерьлерді еске алу шараларында да Қазақстан халқының да сол азат етуге қатысқанын айтпай, тек АҚШ, Ұлыбритания және өзге одақтастар азат етуші ретінде көрсетіліп жүр. Бұл ТМД мен бұрынғы КСРО елдеріне, соның ішінде Қазақстанға жасалып отырған әділетсіздік. Себебі Қазақстан тарихы – Еуропаны фашизмнен азат етумен тығыз байланысты.

Айтқали Әлібеков – 1924 жылы Ақтөбе облысының Алға ауданында дүниеге келген. Ол – Еуропаны фашизмнен азат еткен батырлардың бірі. Соғыстан кейінгі жылдары ол майдандас достарынан хат алғанда, сол күндерді еске түсіріп жылап жіберетін. Бұл естеліктер – оның мәңгілік серігі еді. Бүгінде ол арамызда болмаса да, біз оның ерлігін ұмытпауымыз керек. Эльбада америкалық лейтенантты алғаш қарсы алған қазақ жігіті — дәл сол Айтқали болатын. Бүгінде Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелерін бұрмалап, тарихты өшіруге тырысып жүргендерге жол бермеу – біздің парызымыз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2025 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз