Нұр-Сұлтан
Қазір
12
Ертең
13
USD
421
0.00
EUR
499
0.00
RUB
5.6
0.00

Министр: Қашаған кен орнынан бір тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндіріліп жатыр

Ұсы­ныстың сұраныстан асуына және әлемде болып жат­қан басқа да қиыншылықтарға қарамай елі­міз­дің мұнай-газ саласының дамуы әлі де жалғасын табуда, деп бас­тады өзінің сөзін министр. Бұл сала Қазақстан экономикасының қоз­­ғаушы күші болып қала береді және еліміз ІЖӨ-сінің жуық ша­ма­мен 20 пайызын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, министр салада 260 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін де айтты.

– Биыл мұнай-газ саласы кәсіпорындарын қолдау жөнінде шаралар қабылданған, сондай-ақ Қашаған кен орны іске қосылды. Осылардың нәтижесінде мұнай өндірудің жылдық жоспарын 74 млн тоннадан 75,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік туған. Шетелдік сарапшылардың болжамдарына қарағанда, алдымыздағы екі жылда 1 баррельдік мұнай бағасы 60 долларға дейін көтеріледі деп күтілуде. Сондықтан, Қазақстан 2017 жылы 80 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 102 млн тоннаға дейін өсуі тиіс, деді министр.

Одан әрі Қанат Бозымбаев еліміздің экономикасы үшін аса маңызды болып саналатын 3 жобаға тереңірек тоқталып өтті.

– Соның біріншісі – «Теңіз-Шевройл» компаниясы. Олар биыл 26,5 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр екен. Ал 2022 жылға қарай жаңа кен орындарын игеру арқылы компания мұнай өндіруді 39 млн тоннаға дейін арттыра алады. Үстіміздегі жылдың 5 шілдесінде түпкілікті қол қойылған жобаға компания 37 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салғалы отыр. Осы құрылыстың ең шарықтау шегінде 20 мың адамдық жұмыс орны ашылмақшы, деді ол.

Екінші үлкен жоба – «Қарашығанақ». Биыл ол жерден 11,6 млн тонна мұнай жә­не 17,5 млрд текше метр газ өн­ді­ру жоспарланған. Келесі жылы мұнай өндіру көлемін арттыру үшін инвестиция тарту жоспарлануда.

Министрдің аузына алған үшінші үлкен жобасы – «Қашаған» болды. Үсті­міздегі жылдың 28 қыр­күйе­гі­нен онда мұнай өндіру қайта­дан жал­ғасын тапты. 14 қазан­да ал­ғаш­­қы мұнай партиясы құбыр­лар­ға жіберіл­ді. 1 қарашадан бастап «Қашаған» бір тәулікте 75 мың баррель мұнай өндіру деңгейіне қол жеткізді.

Одан әрі министр мұнай-өңдеу мәселелеріне тоқталды. Соның ішінде Қазақстанның ішкі тұтынысына 2020 жылға қарай 15,8 млн мұнай жеткілікті болатынын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақ­стандағы үш үлкен мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мен жаңалау жұмыстарына да тоқталып өтті.

Үкімет сағатында Парламент тара­пынан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төр­ағасы Глеб Щегельский баян­дама жасап, саланың бірқатар ақ­сап жатқан тұстарын тілге тиек ет­­ті. Соның ішінде депутат мұнай кен орын­дарының тартылып бара жат­­қа­нын айтты.

– Егер біз Теңіз, Қара­шы­ған­ақ және Қашаған сияқты үш кен орнын алып тастасақ, қал­ға­ны­ның бәрі жиылып елімізде өн­ді­рі­летін мұнайдың 47,7 пайызын ғана бере алады және олардың өнім­­дері жыл өткен сайын азая түседі деп бол­­жануда. Нақтырақ айтатын бол­сақ, 2020 жылы ол 33 млн тонна болса, 2030 жылы 21 млн тон­­наға дейін төмендейді екен.

Бұл мәселені ше­шу­­ге Энергетика министрлігі ғана емес, Үкімет назар аударуы ке­рек. Өйткені, ішкі тұтыныс үшін өң­деуге алынатын мұнай нақ осы кен орын­дарынікі. Сонымен қатар, елі­міз­дің батыс аймағының мың­даған тұр­ғыны осы кен орындарында жұмыс іс­теп, нәпақасын тауып отыр, – деді де­путат.

Одан әрі Щегельский жаңа кен орындарын барлайтын гео­логия қызметі мәселелеріне тоқ­тала келіп, оның мұнай-газ сала­сы­нан бөлек ведомствоға қарай­тын­ды­ғының оңтайлы еместігін атап өтті.

– Геологиялық барлау жұмыс­та­рын жандандыру үшін геология қыз­метін мұнай-газ өндіру саласымен біріктіретін жаңа заң жобасы әзір­ленуі қажет, деді ол. Сонымен қа­тар, депутат министрліктің мұнай-газ өндіру мәселелері бойын­ша өз мін­детін біршама жақсы атқар­ға­ны­­мен, біздің халқымыздың осы сала­­да жұмысқа тұруы мәселесін ше­ше алмай келе жатқанын атап өтті. Кен орындарына шетелдік жұ­мыс күшін әкелу жұмыссыз жүр­ген жер­гілікті тұрғындардың ашу-ыза­сын туғызуда. Тіпті, кейбір кен ор­нын қолданушы шетелдік ком­па­­ния­­лар келісімшарттағы міндет­теме­сін орындап, біздің жастарымыз­ды шет елдерде оқытуға ақша бөлгендерімен, жұмысқа тұрғызуға құлықсыз. Осы жұмысты дұрыс жол­ға қоятын кез жетті, – деді депутат.

Сонымен бірге, ол ЖЖС бензиннің сапасы туралы айтып, осы тұрғыда халықтан көп шағым түсетінін жеткізді.

Баяндамалар аяқталған соң депутаттар Қанат Бозымбаевқа көпте­ген сұрақтар қойды. Алғашқы сұрақ қойған депутат Шавхат Өтемісов бензин бағасының аяқ асты­нан шарықтап кетуін, сондай-ақ сенбі күні «ҚазМұнайГаз» ЖЖС бен­зиннің қолма-қол ақшаға неге сатылмағанын сұрады. Оны министр бағаны тұрақтандыру үшін шаралар жасалып жатқанын, ал сенбі күні қолма-қол ақшаға сатылмау себебі – күннің өте суық болып кетіп, бензиннің уақытында жеткізілмей қалуымен түсіндірді.

Депу­тат Асқар Базарбаев мұнай өнім­деріндегі қазақстандық үлестің заңнамалық тұрғыдан бекітілуі мүмкін бе деп сұрады. Оған министр 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін қол қойылған келісімшарттардың бәрінде 2021 жылға дейін 50 пайыздық қазақстандық үлес сақталатынын айтты. Ал одан әрі, ДСҰ-ға кіруі­мізге байланысты өзгерістер болатынын жеткізді.

Депутат Айзада Құрманова Павлодар мұнай-химия зауыты Ресей мұнай өнімдерін өңдеуге жарақталғанын айта келіп, болашақта оның отандық мұнайды өңдеуге қайта жарақталуы мүмкін бе деп сұрады. Министр оған зауытты жаңғыртудың екінші кезеңінде ғана ол қазақстандық мұнайды да өңдеуге мүмкіндік алады деп жауап берді. Бірінші кезеңнің өзі әлі 5-6 жылдан кейін ғана аяқталады екен.

Депутат Майра Айсина мұнай өңдейтін шағын зауыттардың болашағы туралы сұрады. Бұған министр пессимистік рухта жауап берді. Оның айтуына қарағанда, қазір Қазақстанда 33 шағын мұнай өңдеу зауыты бар екен.

“Олардың жалпы қуаттылығы – 6,5 млн тонна. Алайда, олар үлкен зауыттармен бәсекелесе алмайды. Сондықтан, жағдайлары қиын, кейбір бизнесмендер сондайды жасап алып, министрлікке келіп, әкімшілік ресурстарды қолданып, өздеріне мұнай әперуді өтінеді. Нарықтық экономикада ешкімді зорлауға болмайды ғой”, деп жауап берді Қанат Бозымбаев.

Сөйтіп, министр осы уақытқа дейін айтылып жүрген «аса үлкен зауыттар, монополистер икемсіз болады, бағаны жоғары ұстап тұрады, олардан гөрі нарыққа шағын зауыттардың тиімділігі жоғары болады» деген теорияны жоққа шығарды.

Бұдан кейін де көптеген сұрақтар қойылды. Үкімет сағатын қорытқан Гүлмира Исімбаева «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» және біріктірілген Салық және Кеден кодекстері бір уақытта әзірленіп жатқанын ауызға алып, олар бүгінгі депутаттардың көптеген ұсыныстарын іске асыруға мүмкіндік береді, деді. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз