Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
15
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Долларды айналымнан жаппай ала бастау Қазақстанға қалай әсер етеді?

179

Расында дағдарыс кезеңдерінде түрлі сауықтыру бағдарламаларын желеу етіп, АҚШ долларды көптеп басып шығара берген еді. Соның салдарынан, бүгіндері АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінде қарыз міндеттемесі түрінде 4,5 триллион доллар жиналып қалған. Осы қомақты қарыз ақша әлем елдерін үркітіп келді. Өйткені күндердің күні АҚШ оны жоя бастауы тиіс болатын. Бірақ бұл тұрғыда Америка асықпай, жүріп алып еді. Енді, міне, олар ел үріккен бұл шараны қолға алуға мәжбүр екенін мәлімдеп жатыр.

Pacific Investment Managemen компаниясының ғаламдық стратегиялық кеңесшісі Ричард Кларида:

„Федеральдық резерв жүйесі „Пандора„ атты бақытсыздық жәшігінің бетін ашты, оның артын бажайлау өте қиын„, – деп мәлімдеп, отқа май құя түсті.

Кейбір сарапшылар Ресейге, Орталық Азияға қиын болады, деген болжам да жасап үлгерді. Осыған байланысты, біз Ресей мамандарының сөзін бажайлап көрдік.

„Федералдық резерв жүйесіндегі қордың күрт қысқаруы – әлемдік экономика үшін өте жағымсыз жаңалық. Дағдарыс кезінде бірнеше триллиондап басып шығарылған долларлар айналымнан алынып, оның салдарынан, жағдай шынымен де қиындайды.

Біріншіден, доллар азаяды, соған сәйкес, оның бағасы қымбаттайды. Арзан доллар дәуірі аяқталды дегенді білдіреді бұл.

Екіншіден, қымбат доллар мұнай нарығы үшін қолайсыз, онсыз да жағдайы мүшкіл нарықтың жайын ол қиындата түседі. Мұнай арзандайды. Күз аяқталғанша, мұнайдың бір баррелі 45 доллар болатын шығар. Одан кейін, тағы арзандау  болады. Әрине, бұл рубль девальвациясына әкеліп соғады.

Үшіншіден, доллар түрінде алынған қарыз ақшалар қымбаттайды.

Төртіншіден, қор биржалары көпке дейін доллар бағамына өзгеріс енгізуге, оған бейімделуге мәжбүр болады. Өйткені кейбір ойыншылар доллар түріндегі келісімшарттардан бас тартуы немесе кейбіреуі соған ауысуы ықтимал дегендей, – дейді «Алтын шақа үйінің» вице-президенті  Алексей Вязовский «Ридус» порталына білдірген пікірінде.

Әрине, мұның бәрі әлем тағы бір ғаламдық қаржы дағдарысы алдында тұрғанын білдіреді. Алайда қазақстандық мамандар, бұл ретте, аса сабырлы, тіпті, бұл жайтты дабыра қылудың қажеті жоқ деп, бейқам отыр.

Қазақстандық қаржы маманы Валерий Полховский КТК телеарнасына берген сұқбатында АҚШ-тың долларды нарықтан жаппай   алып қоюы 33 жылдан кейін өз әсерін нақты көрсетеді деп салды.

Валерий Полховский

– Дағдарыс жылдарында монетарлық ынталандыру сынды әртүрлі бағдарламалардың көмегінің арқасында, Федералдық резерв жүйесінде балансында борышкерлік міндеттеме түрінде, шамамен, 4 трлн доллар жиналып қалды. Оның көзін жою туралы көптен бері айтылып келеді. Ақыры, сең қозғалды.

Айына, шамамен, 10 млрд доллар алынып қоймақшы. Ал баланста 4 триллион доллар бар делік. Оны түгесу үшін, кем дегенде, шамамен, 400 ай немесе 33 жыл керек екен.

Демек, менің ойымша, жағдайымыз қиындайды деп, қазір бебеулеуге негіз жоқ. Бұл – болашақтың еншісіндегі дүние, – дейді ол.

Сол секілді Halyk Finance басқармасының мүшесі Мұрат Темірханов та, бұл дабыл қағып, алаңдайтын жағдай еместігін айтады. Ол Крыша.кз сайтына берген пікірінде бұл жағдайға бүкіл қаржы нарығы дайындалып үлгерді, сондықтан оның салдары қатты болмайтынын айтыпты.

Мұрат Темірханов

— Америкалықтардың өлшемі бойынша, бұл көп ақша емес. Тіпті, мұны үлкен жаңалық деп қабылдаудың қажеті жоқ. Ақшаны жаппай алып, оның көзін жоятындығы турасынан нарыққа қатысушылар баяғыдан хабардар. Тек қазір ол нақты іске асып жатыр, сондықтан барлық нарық мұндай жағдайға дайын, яғни, ешқандай дабыра, абыр-сабыр болмайды. Ал Федералдық резервтік жүйенің бұл шешімінің  отандық нарыққа тікелей әсері туралы дөп басып айту қиын.

Біз рубльдегі өзгеріске көбірек тәуелдіміз. Ал Ресей бұл жаңалыққа, тіпті, көңіл де аударған жоқ. Соңғы санкцияға қатысты да осындай сыбыстар жүрді. Енді қиын болады екен, Ресей экономикасы құлайды екен десті.

Бірақ, байқап отырғанымыздай, бастапқыда рубль ақырын шатқаяқтағанымен, артынан, баяғы қалпына қайтадан түсіп алды.

Қалай дегенмен де рубльге де, теңгеге де басқа емес, мұнайдың бағасы әсер етеді. Ал мұнай бағасы әзірге тұрақты. Сондықтан дәл қазір теңгенің құнсыздануына ешқандай негіз жоқ.

Ал АҚШ долларды жаппай алып қойса не болады дегенге келетін болсақ, онда, біріншіден, халықаралық нарықта доллар дефицитінің орын алуы ықтимал, екіншіден, сәйкесінше, бұл америкалық валюта бағамы әлемдік бар ақшаға шаққандағы құны қымбаттауына әкеліп соғады. Бірақ бұл жайт тура қазір орын алғалы жатыр деп айтуға әлі ерте, – дейді ол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз