Айман Мұсаходжаева бастаған Қазақстанның бір топ әртісінің Beijing Concert Hall сахнасында «Жарқын Жібек жолындағы кездесу» атты концерті өтті.
Оған Димаш Құдайберген де қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәдени шараны Қытай мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі ұйымдастырды. Бейжің концерт залына қазақ әртістерінің өнерін тамашалау үшін халықаралық ұйымдардың, ҚХР-да тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің, Қытайдың ірі корпорацияларының басшылары, шетелдік және қазақстандық дипломаттар, олардың отбасы мүшелері, студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері, Қытайдың ғылым және шығармашылық зиялылары жиналды.
Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты, баритон Азат Мәлік, танымал қазақстандық опера әншісі Майра Мұхамедқызының салған әндері тыңдармандардың көңілінен шықты. Ал Singer-2017 байқауының ақтық сынына дейін жеткен Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуы залдағы барлық көрерменді шаттыққа бөледі. Ол «Adagio» және «Күзгі мұң» әндерін орындады.
https://www.youtube.com/watch?v=Xny2mgyugwY
Қазақстанның халық әртісі Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның «Айгөлек» скрипкашылар ансамблімен бірге П.Чайковскийдің, Ф.Крейслердің және Павло Сарасатенің туындыларын орындауы кеш қонақтарының зор таңданысын тудырды.
Концерт аяқталғаннан кейін Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі Нұрышев әртістерге ризашылығын білдірсе, көрермендер ұзақ уақыт қошемет көрсетіп, музыканттарға гүл шоқтарын сыйға ұсынды.