Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
3
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Денсаулық сақтау министрі ақтөбелік жігіттің бүйрегін дәрігерлердің кесіп алуын заңды деп мәлімдеді

22 жастағы Серікболсын Көшербайдың жүрегі тоқтамай тұрып, қос бүйрегін сойып алған дәрігерлерге қатысты дау өршіп барады. Марқұмның туыстары қаралы хабарды естіртпей тұрып, ең алдымен баспасөзге сұхбат берген мамандарға ашулы.

Аймақтың бас хирургі Ерлан Сұлтангереев мәйіттің ішкі ағзасын алуға жақындары рұқсат берді деп сүйінші сұраған екен. Енді жалған ақпарды жариялаған дәрігердің мекемесінен бастап, жергілікті «Ақтөбе» газеті де сот алында жауап берсін дейді жәбірленушілер.

“Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінен талапкер бір миллион теңге келтірілген залалды өндіру туралы қосымша талап арызын ұсынып отыр. «Ақтөбе» газетінде Сұлтангереевтің мәлімдемесін жоққа шығару туралы хабарлама берілу керек”

– деді адвокат Қатарбай Раисов.

Алайда, мәйіттің кез келген мүшесін ешкімнен рұқсат сұрамай алу заңмен реттелген екен. Тек, түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендіктен, жұрт осынау даудан соң ол заң туралы енді естіп жатыр. Бүйрек дауынан кейін бұл іске тіпті Денсаулық сақтау министрінің өзі кірісті.

“Бізде Қазақстанда келісім беруге қатысты мәселе шешілген. Егер адам тірі кезінде донор болуға қарсы екенін білдіретін құжат қалдырмаса , ол келісім берген болып саналады. Мысалы, жол апатынан соң науқастың беті бері қарамайтын болса туыстарының рұқсатынсыз ағзасы алынады”, – деді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Қазір марқұмның қос бүйрегін рұқсатсыз алғандармен қатар, жігіттің өліміне себепкер болған күдіктіге де қатысты тергеу жүріп жатыр. Екі апта бұрын тойға барған Серікболсын Көшербай, ауылдасымен жанжалдасып, қарақұсынан соққы алған екен. Үйіне келген бойда басы ауырып тұрғанын айтып, ұйқыға кеткен. Содан ес жимай ауруханаға түсіпті. Ал күдікті қазір қамауда отыр.

“Ақтөбе облысы ішкі істер департаменітімен Серікболсын Көшербайдың денсаулығына, оның өліміне әкеліп соқтырған, ауыр залал келтіру дерегі бойынша аудан тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды”, – дейді Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Айнұр Аманқұлова-Нұрадинова.

Елімізде ағза транспланттау саласында мәйіттік донорлық мәселесі даулы тақырыптардың бірі. Біріншіден, қайтыс болған адамның туыстары өз қарсылықтарын білдіреді. Екіншіден оларға донор тапшылығынан талай адамның жан тапсырып жатқанын түсіріндіріп, кеңінен насихатап жатқандар шамалы. Сондықтан мәйіттің ағзасын рұқсатсыз алуға қатысты дау әзір шешілмейтін сияқты.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз