Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы Дариға Назарбаева ҚР Сыртқы істер министрлігі қызметінің мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің жаңа төрайымы болып сайланды, деп хабарлайды Today.kz ҚР СІМ ресми сайтына сілтеме жасап. Осы лауазымда Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова отырған еді.
Биыл 25 жылдығы атап өтілетін Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің нығайтуы мен дамуына қосқан үлесі үшін Дариға Назарбаеваға тиісті мерейтойлық медаль табыс етілді.
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясына қазақстандық делегацияның қатысу нәтижелерін, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі басымдықтары жөнінде толық баяндап берді.
“Қазақстан өзінің Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігін, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету үшін, ең бастысы, БҰҰ тарихында Қауіпсіздік Кеңесінде тұңғыш рет ұсынылып отырған Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін пайдалануда”, – деп хабарлады Әбдірахманов.
Ведомство басшысы басты тақырыптары Орталық Азия және Ауғанстан бойынша қарарды ілгерілету, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері болып табылатын 2018 жылдың қаңтардағы БҰҰ ҚК-дегі Қазақстан төрағалығына дайындығы туралы хабарлады.