Үстіміздегі жылдың 29 қазанында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп чех тіліне аударылған «Қара сөздері» кітабының онлайн таныстырылымын өткізді.
Қазақстандық дипломаттар бұл күндері Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында тұрған кезде ұлы ақынның сөздері ерекше үнге ие болатынын атап өтті.
Чех «Азия достары тобының» жетекшісі, профессор, философия ғылымдарының докторы Иржи Шима кітаптың жарық көруі чех жұртшылығына әлемдік әдебиеттің дамуы мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың ұлы ақынының шығармашылығымен танысуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Карлов университетінің профессоры Томаш Кучера өз сөзінде:
«Қазақтың ойшылы және ақыны Абай Құнанбаевтың кітабы теңдесі жоқ басылым. Бұл чех оқырмандарына қазақ халқының тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және бұл біздің мәдениеттерімізді жақындастыратыны сөзсіз» деп пікір білдірді.
Чех бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сөздері де қызығушылықпен тыңдалды.
Қазақстандық тараптан презентацияға қатысқандар: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева; ақын, «Қазақстан Жазушылар одағының» төрағасы Ұлықбек Есдәулет; М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Мамытжанов.
Чех тіліне аударылған «Абайдың қара сөздерін» Қазақстан Республикасының Елшілігі Прагадағы білім беру мекемелерінің кітапхана қорына жібереді.