Егде жастағылардың ішінде 80-нен асқан адамдардың саны өте көп. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша 2000 жылы 70 млн болса, кейінгі елу жылда олардың саны бес есеге артады. Біріккен ұлттар ұйымы адамдардың өмір сүру ұзақтығындағы революциялық өзгерістерді ескеріп, Қартаю проблемалары бойынша халықаралық әрекеттер жоспарын іске қосуға шақырды, – деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
БҰҰ Әлеуметтік даму комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, кейбір елдерде балаларға қарағанда қарт адамдардың саны өте көп, ал бала туу көрсеткіші халық санының өсуіне қажетті деңгейден де төмендеп кеткен. Жер шарының
60 жастан асқан халқы жыл сайын үш пайызға артады, 2050 жылы олардың саны 2 миллиардқа жетеді
деген болжам жасалды.
Бұндай жаһаандық демографиялық өзгерістер адам өмірінің әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени, психологиялық және рухани саласына өз әсерін тигізеді.
Әлемдік санаққа назар аударсақ, қарт адамдардың көбісі кәрі құрлық – Еуропаға тиесілі. Ең алдымен алаңдап отырғандар –француз, испандар, ал Азияда–қытайлар. Францияның Статиститка және экономикалық зерттеулер жөніндегі ұлттық институты 2005 жылы елде жасы алпыстан асқан француздардың саны 12,6 миллион адамдай болғанын жазды. 2050 жылы бұл категорияға жататындардың саны 22,3 миллион адамға жетеді екен. Алайда француздардың қартаю процесі басқа еуропалық елдерге қарағанда баяу өтеді. Бұл құрлықта ең алаңдатарлық жоғары көрсеткіш Испания мен Италияға тиесілі. 2050 жылы екі мемлекетте де жасы алпыстан асқандардың үлесі ел халқының 40 пайызын құрамақ. Ең қауіптісі сол, 2045 жылға дейін Францияда туу көрсеткіші баяулап, ел халқы негізінен сырттан келіп, қоныстанатындардың есебінен көбейеді.
Халықтың қартая бастауынан көптеген мемлекеттер бірқатар заңнамалары мен зейнетақы бағдарламаларын қайта қарап жатыр. Атап айтар болсақ, әлемдегі 164 елдің 41-інде зейнетке шығу жасы ұзартылды. Соның нәтижесінде өркениетті елдердің 60 пайызында ерлер 65 жастан зейнетақыға шығады. Еуропа Одағына мүше елдерде еркектер 61,5, ал әйелдер 60 жаста құрметті демалысқа жіберіледі.
2017 жылдың күзінде Бейжің қаласында қартаю үрдісіне қарсы күрес мамандарының алғашқы дүниежүзілік саммиті өтті. Осы басқосу барысында сарапшылар адам өмірінің ұзақтығы 150 жасқа дейін жетуі мүмкін деген болжам жасады. Ғалымдардың пікірінше, қартаю – тіршілік заңдылығы, алайда, оны дәрігерлер мен генетиктердің бірлескен күшімен елеулі түрде тежеуге болады. Дегенмен адам жасын ұзарту қоғам үшін нағыз қатерлі сын болуы мүмкін. Егер,
егде жастағылардың орташа жасы 100-ге жететін болса, онда зейнет жасын 80-ге дейін ұзартуға тура келеді.
Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының жетіспеушілігіне, ұзақ өмір сүретіндердің арасында бәсекелестіктің шиеленісуіне әкеп соқтырады.