Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
4
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Қабанбай мен Бөгенбайды комсомол болды демегендеріне шүкір”. Алихан Байменов комсомол тойын тойлағандарды тұқыртып тастады.

455

21-қазанда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында шенеуніктер мен эстрада жұлдыздары комсомолдың мерейтойын атап өтті.

Салтанатта түсірілген суреттер әп-сәтте әлеуметтік желілерге тарап кетті. Содан көтерілген дау-дамай әлі басылар емес. Ызаға булыққан жастар бұрынғы комсомолдардың бұл кездесуін қазақты қынадай қырған режимді арсыз аңсау деп атады.

 Алихан Байменов — беделді саясаткер, кезінде ол да кеңес үкіметінің сән-салтанатын, бүкіл тамашасын көзімен көріп, қолымен ұстаған азамат. Комсомолдың 100 жылдығын тойлаған кезде ол іссапармен шет елде болыпты. Біз оның осы шараға қалай қарайтынын біліп, оған елде болса, сол салтанатқа қатысар ма едіңіз және қоғамымыз неге оған теріс қабақ танытты, деген сұрақтарды жолдаған едік.

Алихан Байменов

Саясат жеңді

— Алихан Мұхамедиұлы, комсомол — тарихымыздың ажырамас бөлігі. Сіз және сіздің құрдастарыңыз үшін ол балалық шақ, бозбалалық кез және жастық шақ. Неге сол жастық шақты аңсау теріс пікір білдіруге ұрынды?

— Біріншіден, аға ұрпақ өкілдері өздерінің жастық шағындағы өмірі туралы жастарға шынайы ақпарат беруге жауапты және міндетті.

Және сол кездегі өмірдің жағымды жақтарын көрсетіп қана қоймай, үстемдік құрған жүйенің болмысын толық ашып көрсетуге тырысулары керек.

Әркімге өзінің балалық, бозбала және жастық шағы қымбат. Міне, сондықтан сыныптастардың, әскерде бірге болған қарулас достардың, қызметтес әріптестердің виртуалдық әлемдегі және шынайы өмірдегі кездесулеріне түсіністікпен, көп ретте, елжірей қараймыз. Бұл жерде саясат та, идеология да жоқ.

Алайда, біз, сонымен қатар, белгілі бір идеялар мен құндылықтарды ұстанушылармыз, солардың жақтастарымыз. Сондықтан да, сол дәуірді кәсіби, ғылыми немесе саяси көзқарас тұрғысынан қарастырамыз. Саясат пен идеологияның  өз жақтаушыларына әрдайым ықпалы мен әсері болады.

Комсомолдың 100 жылдығы. Суврет rus.azattyq.org сайтынан алынды

Кешегі өткен шара көптеген сипаттар тұрғысынан бір ұрпақ өкілдерінің қарапайым бас қосуы болған жоқ. Онда саяси жиынға тән көптеген атрибуттар болды. Сол себептен де қоғамның бағасы өткір болды.

Біріншіден, сахна ортасында коммунистердің көсемі Ленин бейнелеген қызыл ту орнатылған. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы осы коммунизм символының астында орнатылып, көлеңкесінде қалып қойды. Мұның өткір сыни қөзқарасты тудырмауы мүмкін емес еді.

«Әттең…». Ерлан Қарин комсомолдардың 100 жылдығын тойлауға қатысты пікір білдірді

Екіншіден, элита өкілдері мерейтойлық белгілерді коммунистік идеологияны ұстанушы партияның қолынан алды.

Батырларымыз жүйе үшін күрескен жоқ

— Сонда сіз тулармен болған оқиға тегін емес деп есептейсіз бе?

—Әңгіме мектептің, университеттің немесе зауытың мерейтойы туралы болып отырған жоқ қой. Бұл жастар саяси ұйымының мерейтойы болатын. Ал ол ескі режимнің арқа сүйер негіздерінің бірі және басқарушы элитаның құрамына жастарды тарту құралы болатын.

Осы шараға қатысушылардың әрекеттерін ақтап алуға тырысқан бәз біреулер өткен кеңестік өмірден мысалдар келтіріп, өндіріс озаттары мен Ұлы отан соғысы батырларын алға тарта бастады.  Соңғысын сол әруақтар алдындағы арсыздық деп есептеймін. Өйткені,

Әлия мен Маншүк, Бауыржан және тағы басқа батырларымыз коммунист, не болмаса, комсомол болғандықтан соғысқа аттанған жоқ және сол үшін өмірлерін құрбандыққа шалған емес.

Олар жүйені емес, Отанын қорғады! Егер жаңағылардың ойын әрі қарай өрбітсек, онда Қабанбай мен Бөгенбай туған жерін, елін қандай да бір ұйым мүшесі болғандықтан қорғаған ба? Жоқ, бұл патриоттардың адам ретіндегі сыртқы агрессияға қарсы табиғи реакциясы.

Әлгілер өз ұйымын ақтауда батырлар есімін пайдаланған ойын қисынды түрде жалғастырса, онда олар ақиқатты және өз ойларын жүйелі түрде аяғына дейін жеткізуі керек еді. Сөйтіп, ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ұлы қайраткерлерімізді репрессияға ұшыратқандардың және атқандардың 100 пайызға дерлігі комсомолдар мен коммунистер болғанын айтулары керек еді.

— Осы режим кеңестік инфрақұрылымды да құрды ғой…

— Сонда қалай, бұл ұлттың қаймағын, тұлпарлары мен сұңқарларын қыруды және халықтың жартысын жойып жіберуді ақтайды ма? Қазақ халқы ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүргендер ішінде кімді мақтан тұтатындығын еске алып көрейікші. Олардың тағдыры қандай болды?

Зиялылар қалай жойылды?

— Репрессияға ұшырап, атылды емес пе?

— Иә, дәл солай. Олардың барлығын кеңес өкіметі қырып-жойып жіберді. Менің бағалауым бойынша репрессияның, кем дегенде, алты толқыны орын алған.

Бірініші кезек Алаш Орда қайраткерлерінен басталды. Олардың бар кінәсі – ел дамуына өз көзқарастары болуында еді. Алаш қайраткерлерін қырып-жойған кеңес билігі кейінгілердің балама көзқарасқа деген ұмтылысын түп-тамырымен жоюға тырысты. Алаш арыстарының көзін жойғаннан кейін, билік олардың аттарымен тағы 60 жыл арпалысты. Дегенмен, олардың есімін халық жадынан толық өшіре алмады.

Келесі кезек руханият қайраткерлері мен дін басыларын қамтыды. Өздерінің білімі мен қоғамдағы орнына қарай, олар бәрін және барлығын жаппай унификациялау қайда апарып соғатынын алғашқылардың бірі болып түсінген еді.

Ал, руханият пен мәдениетті унификациялау өз кезегінде большевизм идеологиясы мен саясаты іргетасының бірі болатын. Сондықтан да кеңес билігі ондаған жылдар бойы біздің рухани түп-тамырымызбен байланыстарымызды үзу үшін күресті.

Мешіттер қиратылды, «молда» сөзі тек теріс мағынада пайдалана бастады.

Кеңес балаларын молда – қолына таяқ ұстаған зұлым деп үйретті.

Комсомолдың Алматыдағы 100 жылдығы. Сурет rus.azattyq.org сайтынан алынды

Одан кейін кәсіпкерлікке икемі бар іскер адамдар биліктің қаһарына ілікті. Олардың барлығының көзін жойғаннан кейін, кеңес халқының санасына «бай» деген сөз адамгершілік қасиеттерден ада, теріс пиғылды адам деген ұғым сіңірілді. Ал, біздің санамызға өзіңнің білімің, еңбегің және тәжірибеңді қажетіңе жоғарыдан нұсқау болмайынша жаратуға болмайды деген түсінік енгізілді.

Содан соң, жақсы білім алған азаматтардың көзін жойды. Өйткені, олар орын алып жатқан оқиғаларды сыни тұрғыда талдауға қабілетті болатын. Бұл адамдар жүргізіліп отырған саясатты саралап, оның революция көтерген ұрандарға қаншалықты сәйкес келетінін салыстыра алатын.

— Олар артынан адамдарды ерте алатын болған ғой?

— Дәл солай. Бесінші толқын – кеңес өкіметінің алғашқы 10-15 жылында большевиктердің ұрандарына сенген саяси қайраткерлер. Алайда, репрессия мен ашаршылық жылдары олардың көзін ашып, қоғамдағы үдерістерге шынайы және сыни баға бере бастады.

Репрессияның соңғы толқыны әдебиет, өнер және ғылым шамшырақтарын жалмады. Олар халықтың көзін ашып, көкірегін оятады деп қорықты.

Халық кітаптарды тықты

— Қысқасы, сөйтіп, бүкіл зиялы қауымның көзін жойды.

—1920 жылдардың соңында зорлап ұжымдастырумен қатар, ауыл тұрғындарын – негізінен малшыларды –азық-түлік салығын астық түрінде төлеуге мәжбүрледі. Нәтижесінде, біздің халқымыз ашаршылық зұламатын басынан өткерді. Салықты төлемеген атылатын болғандықтан, малшылар малын мардымсыз бағаға беріп, бидай сатып алып, оны үкіметке өткізуге мәжбүр болды. Соның салдарынан, халық азық-түліксіз қалды.

Біз ұлтымыздың жартысынан айырылдық. Каннибализмге дейін жеткен мысалдар болды. Ондай кезде кім ғылым мен мәдениет туралы ойлай алады дейсіз?

Жығылған үстіне жұдырық деп, өткен жүйе қазақ халықына қарсы мәдени геноцид шарасын жүзеге асырды. Елді мәңгүрттендіру, рухани және мәдени тамырларынан ажырату мақсатында небәрі 11 жылдың ішінде  екі рет әліпбиді өзгертті.

Менің әкем төрт сандыққа салынған кітаптарын жерге көміп тастауға мәжбүр болғанын айтқан-ды. Ол тек оңай жасыра алатын ең бағалы деген 40 кітабын ғана сақтап қалған. 1929 жыдан кейін араб жазуындағы дереккөздерге ие адамдар қудалана бастады.

Ал, бүкіл елімізде кітап салынған қанша мың сандық жерқойнауына кетті десеңші?

Бұдан кейін қазақтар тек әл-Фараби, Яссауи мен Баласағұнды ғана емес, сонымен бірге осы ғұламалардың еңбектеріне негізделген математика, астрономия, медицина және жағрафия оқулықтарын, Абай, Махамбет пен Шәкәрімді де тұпнұсқада оқу мүмкіндігінен айырылды.

Міне, осындай «тазалаудан» өткен халық жадына қазан төңкерісіне дейінгі еліміздің тарихы, тек қана қараңғы түнек  және надандықтан тұрған, деген аңыз сіңірді.

Сол жүйе 1949 жылдан 1961 жылға дейін Семей ядролық полигонында ашық аспан астында сынақтар жүргізді. Шын мәнінде, тірі адамдарға жасалған тәжірибе болатын.

Мақсатын соңына дейін жеткізу үшін кеңес билігі қазақ тілін қолдану аясын мейілінше қысқартты. А тіл – ұлттық мәдениеттің негізі.

Өзінің ғұмырының соңына қарай, кеңес жүйесі халықты ұрлыққа бейімдеді. Соның салдарынан, кез келген адам қолы жеткен жерден бірдеңе ұрлап, не жырымдап қалуға тырысты. Бұл үрдіс жаппай сипатқа ие болды.

Ұрлықты қоғам айыптамады

— Елімізде жаппай тапшылық орын алды ғой. 

— Өйткені қарапайым адамның қалтасындағы бір соммен, «дефицитке» қолы жетімді адамның қалтасындағы бір сомның салмағы, яғни құндылығы, әртүрлі болды.

Біздің көрші апай әйелдер сырқатына ұрынып, артынан қайтыс болды. Сонда менің анам былай деген-ді: «Ол байқұс қалай ауырмасын, балаларын асырау үшін күнде жұмыстан беліне суық етті жапсырып қайтуға мәжбүр еді».

Тіпті, зиялы деген педагогтардың өздері кафедрадан көшірме және «фин» қағазын алып кетуге тырысатын.

Комсомолдың в Алматыдағы 100 жылдығы. Сурет tengrinews.kz сайтынан алынды

Бұл нәрсенің сұмдығы – мұны ешкім ұрлыққа жатқызбайтын, қалыпты дүние көретін және ол үшін ешкім ешкімді жазғырмайтын. Өйткені бұл күнкөріс үшін қажет деп ойлайтын. Ең бастысы, келтірілген экономикалық шығын емес болатын. Ұрлық пен жырымдау әдетке, қалыпты дүниеге айналды. Яғни, моральдық және әдептілік негіздері мен тежегіштері жойылды. Сөйтіп,

осы жүйе қоғамдық немесе мемлекеттік мүлік ешкімдікі емес, ал одан өз үлесіңді жырып алудың ешқандай сөкеттігі жоқ деген түсінікті қалыптастырды.

Әрине кейін, «сол жүйеде тәрбиеленген өнімдер» мүлікке иелік ету мүмкіндігіне ие болған кезде, мен жаппай жекешелендіру туралы айтып отырмын, келісім шарттардың екі жағында да солардың өздері болды. Бүгін солардың бірі инсайдерлер болса, кейбіреулері — ірі меншік иелері. Міне, солар өткен кездерді аңсап, қалай болса да сол уақыттың жақсы жағын ғана көрсетті.

— Егер сіз елде болсаңыз, сол шараға барар ма едіңіз?

— Бармас едім. Әрине, маған да өзімнің балалық, бозбалалық және жастық шағым қымбат.  Мен де комсомол болдым. Кім ол кезде бұл ұйымға мүше болмады? 1977 жылы 14-тен 28 жасқа дейінгі жас шамасы аралығындағы 37 миллион ұл-қыз комсомолға мүше болды. Бұл саяси ұйым болғанымен, оған мүше болу әркімнің міндеті болатын. Оған ешкім қарсылық танытпайтын. Тек осылай ғана күн көріп, білім алуға болатын.

Бірақ өзіңнің жастық шағына адами көзқарас бір дүние болса, сол жүйеге және оның ұйымдарына азаматтық тұрғыдан баға беру өз алдына бөлек әңгіме. Кейбіреулер шараға қатысушылардың тарих алдындағы ары таза дейді. Ендеше, олар ақырына дейін адал және бірізді болсын.

Егер олар сол жүйенің тек жетістіктері мен жағымды істерін көретін болса, онда сол қөзқарасқа негізділген өз партиясын құрып, не Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының қатарына неге өтпейді?

Бірақ олардың барлығы дерлік  бүгінгі билік партиясының мүшелері, соның арқасында қазіргі лауазымдарында отыр емес пе. Сөз жүзінде олар тәуелсіздігімізді қолдап, репрессияны айыптайды. Бірақ, осы мерекеден кейін олардың адалдығына қаншалықты сенім артуға болады? Тіпті біздің Тәуелсіз Қазақстанның әскери киімін киген адамдарды тартыпты сол шараға. Бұдан қалай көңіл қалмасын?

Жастардың сын айтатын жөні бар

— Сіз ол мерекеде не болғанын сұрадыңыз ба? 

— Сұраған жоқпын, сұрағым да келмейді. Қазір олардың кейбірі өзін ақтау мақсатында кейбіреулерді сөйлетіп отырғанын көріп отырмыз. Әшейін, Алаштың 100 жылдығын осылай тойлағанға көңілі толмаған адамдар реніш білдіріп жатыр дегісі келеді. Бірақ бұл себепші факторлардың бірі ғана. Мәселеге одан гөрі ауқымды және терең. Мерекеге қатысушылардың ешқайсысы репрессия мен ашаршылық салдарынан миллиондаған адамның қырылғанын еске алмаған болар. Ал, солардың әруағын бір минут үнсіздікпен еске алды ма? Сол үшін кешірім сұралды ма?

— Бірақ олар сол репрессияларға қатысқан жоқ қой. Неге олар алдындағы ұрпақтың істеріне жауапты болуға тиіс?

— Олар комсомолдың 100 жылдығын тойлап отыр ғой… Ендеше, өздерін сол комсомолдың бүкіл ғұмырымен байланыстырып отыр ғой. Оның ішінде,  жүйенің қолшоқпары болып зиялыларды қырып-жойған және ашаршылықты ұйымдастырған кезеңдері де бар.

— Бұл мәселеге қазіргі жастар қалай қарайды? Олардың сын айтуға құқығы бар ма?

— Жастар, мен және менің қатарластарым үшін ең басты азаматтық және саяси құндылық – Тәуелсіздік. Ішкі саяси өмірде пікір алуандығы болуы мүмкін және тиіс.

Бірақ мәселе Тәуелсіздік пен халық тарихындағы зұламат кезеңдерді бағалауға келгенде, біз негізгі құндылықтарымызды қорғауға міндеттіміз.

Бұл көптеген ұрпақтардың төгілген қанының арқасында қол жеткізген құндылықтар. Сол себепті, жастардың өткір сыны қолдауға тұрарлық. Өйткені олар тәуелсіздік құндылықтарына төнген қауіпті сезген болар.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз