Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Бүйрек трансплантациясы: 3 мыңға жуық науқас кезекте тұр

276

Дінмұхамед Тәждинов

 

Орталықтағы бүйрек трансплантациясын жүргізетін хирург Дінмұхамед Тәждиновтің айтуынша осы 30 жылдан астам уақытта 700-ге жуық бүйрек алмастыру операциясы орындалыпты. Еліміздегі транплантациясының бұл түрі басым көпшілігінде туыстық бүйрек алмастыруға жатады.

– Науқастың бауырлары, әке-шешесі бір бүйрегін жақынына беру арқылы, оның өмір сүру сапасын жоғарылатады. Бұдан кейін науқас жасанды бүйрек аппаратының көмегіне жүгінбейтін болады. Біздің орталық миына қан құйылған немесе жол апатына ұшыраған азаматтарды донор ретінде қарастыратыны белгілі. Себебі бұлар – үшінші дәрежелі комаға ұшыраған, былайша айтқанда беті бері қарауы неғайбыл, тіршіліктен үміт үзген жандар. Мұндайда мәйіттік трансплантация жүргізіледі. Донор ретінде қарастырылатын адамдардың науқастарға сәйкестігін анықтап, көрсеткіші сай келген жағдайда жаңа бүйрекке мұхтаж науқасқа саламыз. Мұның барлығы донордың туған-туысқанының келісімімен ғана жүзеге асады, – дейді ол.

Бүйрек алмастыру отасы туралы айтқанда біз нақты кейіпкерге тоқтала кеткенді жөн көрдік. Соның бірі – Ләйла Чечидзе. Оған орталық дәрігерлері биылғы жылдың 30 қазанда бүйрек трансплантациясын жасаған екен. Дәрігерлердің айтуынша, дәл қазір оның жағдайы жақсы. Жаңа бүйрек ағзамен толықтай әрекеттесіп, қалыпты жұмыс істеуге көшкен.

– 2013 жылы қатты сырқаттанып, құлап түстім. Қан қысымым көтеріліп, денем ісініп кетті. Не істерімді білмедім. Бармаған жерім жоқ. Сөйтіп жүргенде диализге түсіп қалдым. Екі жыл бойы қанымды осы диализ арқылы тазартып жүрдім. Кейін Сызғанов атындағы орталықтың күту парағына бүйрек трансплантациясының кезегіне тұрдым. Анализ тапсырып 3-4 ай бойына кезек күттім. Құдай қолдап күндердің күнінде дәрігерлер көрсеткіші жағынан менің ағзама сай келетін донордың табылғанын айтты. Сөйтіп операцияға жаттым. Орталық дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз. Өмірге қайта келгендей болдым. Дәл қазір жағдайым жақсы. Жаманшылықтың бәрі артта қалды деп ойлаймын. Дәрігерлер маған екінші рет өмір сыйлады. Бастысы, мұның бәрі тегін, мемлекет есебінен жүргізіледі. Әйтпесе мұндай отаны қалтам көтермес еді, – дейді Ләйланың өзі.

Науқастар жасанды бүйрек аппаратының көмегімен қанын тазартып, ондағы уытты заттарды шығарады.

Қазіргі таңда ел көлемінде бүйрек транплантациясын қажет ететін, яғни екі бүйрегі де өз қызметін тоқтатқан науқастардың саны – 3 мыңға жуық. Олардың барлығы жасанды бүйрек аппаратының көмегімен ем алуға мәжбүр.  Елімізде мұндай науқастарға көмек көрсететін бірнеше гемодиализдік орталықтар ашылған. Науқастар аптасына 3 күн 4 сағаттан жасанды бүйрек аппаратының көмегімен қанын тазартып, ондағы уытты заттарды шығарады. Сайып келгенде олар осы құрылғыға тәуелді. Себебі, бүйректің жұмысын дәл осы жасанды аппарат атқарып тұрады. Ал мұның бірден-шешімі бүйрек трансплантациясы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз