Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Бүгінгілер біле ме…”. Баяғыда қазақтар ұрыларды қалай жазалаған?

278

Бүгінге дейін ауызекі әңгімеде, бала тәрбиесінде жиі айтылатын «Адамның ала жібін аттама» деген сөз екені белгілі. Қазақ мақал-мәтелдері де соны айғақтайды. Соның бірі «Түйме ұрлаған да ұры, түйе ұрлаған да ұры» деген мақал қазақ үшін ұрлықтың үлкен-кішісі болмайтынын растайды.

https://kaz.365info.kz/besik-khydalar-khazakhtyn-bajyrgy-dastyri-zhajynda-ne-bilemiz-295568

Қазақ салтында ұрының атын ер-тұрманымен алған жігіт сол атты иеленетін болған. Қазақ бұндай атты «қондас» деп атаған. Бірнеше рет ұрыны қуып жетіп, оның атын тартып алған мықты жігіттерді ел құрметтеп «батыр» деп атайтын болған.

Әсіресе малдың жүгенін, тұсау-шідерін ұрлау ең ауыр ұрлықтар қатарына жатқызылған. Бұндай жағдайларға байланысты көптеген ырымдар болған. Арқандаулы аттың арқанын ұрлағандарға «Арқан ұрласаң арқандалып қаласың», жүген ұрлағандарға «Жүген ұрласаң жүгенделіп қаласың», тұсау ұрлағандарға «Тұсау ұрласаң тұсауланып қаласың» деп арналып шығарылған сөздер басқаларға алдын-ала ескерту ретінде айтылған. Себебі бұл заттардың малдың басын көбейтетін тылсым күші бар деген сенім кеңінен тараған.

18 ғасырда өмір сүрген атақты Төле би жылқының шідері мен тұсауын ұрлағандарға тоғыз мал айып етіп салатын болған. Би бұл үкімін: «Тұсау ат  сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды» деп түсіндірген.

Осылайша билер ұрыларға жасаған ұрлығының мөлшеріне қарай айыбын төлетіп отырған. Қылмыскердің өзінің малы болмаса туыстары, одан қалса бүкіл рулас ауыл-аймақ болып төлейтін болған. Бірақ ұры ұрлығын қоймаса теріс бата беріп, тонын сыртына айналдырып кигізіп жаяулатып елден аластаған.

https://kaz.365info.kz/amaldyn-zhogynan-khargagan-teris-batanyn-khydireti-khandaj-294236

Осындай бір оқиға Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты өмірбаяндық шығармасында баяндалады: «Біздің Өтеулі тұқымынан Бабас дейтін кісі өткен. Бабастың Қабаш деген інісі болыпты. Қабаш жекжат-жұрат, тамыр-таныстарын аралағыш екен. Бір аттанса, үйіне айлап оралмайтын әдеті болса керек. Үйге келуін келгенмен, байыз тауып отыра алмайтын көрінеді. Ертерек ел қыдыруға шыққанша асығып жүреді екен.

…Содан Қабаштан хабар болмай, үш айдың жүзі өтіпті.  Бабас қобалжып үй-іші үрпиісе бастаған екен. Осындай бір күні Түлкібастағы Темір руының адамдары Қабаштың қолын байлап ауылға алып келіпті.

Қашанда даушының даусы өктем шығатын әдеті емес пе. Қабаш болса, қабағы түсіп, елге қарай алмай, жер шұқылап тұр. Оны байлап әкелген жігіттер ел адамдарына қамшы үйіргендей, қара бұлтты төндіре сөйлейді.

– Мінеки мына сұмаяқ, суыққол туысқандарыңды Шымкент базарынан ұстап әкелдік. Ауылымыздың атын ұрлап, әкеп сатқалы тұрған жерінен тұтылды бұл бетсіз…

Бабас қатты абыржып, қалбалақтай берсе керек. «Ел арасына жік түспесін, ала жіп аттаған алаяқ атанбайық» деген намыс іш-бауырын жегідей жеген жайы бар көрінеді. – Айналайындар-ай, амалым қанша! Қатар жатқан ел едік. Алыс-беріс, барыс-келісіміз жарасқан ауыл едік қой. Аттан түсіп, аяқ суытыңдаршы тым болмаса. Дәм үстінде, дастарқан басында отырып келісімге келелік. Айып бізден. Ағайын, ауыртпалықтарыңды көтеруге әзірмін, – деп Бабас қол қусырып, тізе бүгіпті.

…Айып төленіп, даушылар ауылына аттанады. Барын беріп, қара жерге қарап қалған Бабастың үйі ескі қоныстан көтеріле алмай, отырып қалған екен. Ел маңынан өткендер «қарақшылар қонысы», «ұрының ұясы» «алаяқтар ауылы» деп өтетін болса керек. Қара таңба әркімнің бетіне шіркеу болып, жүздері төмен жүреді.

Тіптен бас қосыла қалған жерде әлгі айғақты ат бадырайып шыға келеді екен. Бірде сейсенбі базарына барған біздің базаршыларды біреулер мұқатыпты:

– Е-е, сендер ұры ауылының жігіттері екенсіңдер ғой.

Бұл сөзге жауап қата алмай, ауыздарына құм құйылған біздің жігіттер, іздерінше ат басын ауылға бұрған екен. Базаршылардың алдынан шыққан ел құралақан жігіттерді көріп, аңтарысып қалады. – Неменеге тесіле қалдыңдар. Елге қарауымызға бетіміз күйіп, «ұры» деген атақтан қашып кеп тұрмыз, – дейді базаршылар.

Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйіп, қаһарға мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Сонан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайдан сол самайға дейін тіледі. Басына жарғақ тұмақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де, қолына таяқ ұстатады.

https://kaz.365info.kz/balasy-zhokhtar-khazakhtar-toj-tomalakhkha-kimdi-shakhyrmagan-296678

– Енді қайда барсаң онда бар. Сендей арам ағайыннан адал арым артық – деп теріс батасын беріп, ата қоныстан аластап шығарған екен. Ол заманда қарғыс ауыры «теріс бата», жазаның үлкені «қасқа» етіп әйгілеп, елден қуып қаңғыртып жіберу болыпты ғой».

«Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қағидамен өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының, адалдық жолынан тайып, теріс жолға түскендерді жазалау салтының қысқаша тарихы осындай.

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз