Бүгін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешев «болашақтықтардан» кешірім сұрады деп хабарлайды Baq.kz.
Бүгін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешев «болашақтықтардан» кешірім сұрады деп хабарлайды Baq.kz.
Студенттерге қатысты ауыр сөздер айтып, олардың намысына тиген Жанболат Мелдешев «Болашақ» түлектері алдында өз қателігін мойындады. Кезекті жиналыстардың бірінде стипендианттарды малға теңеген ол бұл сөздердің ашумен айтылғанын атап өтті.
«Біздің студенттер Ұлыбритания, АҚШ университеттеріне ақша төлейді. Олар қаржыны алып қалады да біздің студентті оқудан шығарады. Осыдан кейін біз оны оқудан шығаруға мәжбүр боламыз. Сондықтан бізде («Болашақ» студенттердің сабақ үлгерімінің – автор ) сапасын көтеру туралы әңгіме болған. Менің сөзім біреудің намысына тиген болса, кешірім сұраймын! Ол оны ренжітейін деп айтылған сөз емес», – деді ол.
Халықаралық бағдарламалар орталығы президентінің мәлімдеуінше, мекемеде келеңсіз жағдайдың туындауына қызметкерлердің өз жұмыстарына салғырт қарауы түрткі болған көрінеді. Қалай болғанда әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке тарап кеткен бұл оқиға кешеден бері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Желіде тараған даулы видеода Жанболат Мелдешевтің студенттердің намысына тиген сөздері анық естіледі.
«Жоғары оқу орындары «малдарды» да қабылдауға дайын. Себебі, оларға бәрібір. Сосын үш айдан кейін ол «малдарды шығарып жібереді. Сосын ол «мал» 48 млн теңге қарызымен бізге келеді», – дейді ол.
Айта кетейік, осы оқиғадан кейін Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызметіне тексеріс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты аталмыш орталықтың президенті Жанболат Мелдешов қызметінен уақытша аластатылды.