Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
4
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

«Боксер қатын Бүбіш, еңіреген Ермахан». Әйелдің күйеуін ұруы дұрыс па?

256

Асымызды тастай сала қатынымыз екеуіміз көрші пәтерге жүгірдік. Көрші деп отырғаным Ермахан мен Бүбіш.

Көрші болғанымызға 5-6 жыл болып қалған. Жаңа үйден пәтерді бірге алдық. Содан бері аралас-құраласпыз. Олардың екі баласы бар. Жастары отызға енді толады. Жайлышықта аға-әпке деп сызылып тұрады. Бірақ үйлерінде ыдыс-аяқ жиі сыңғырлайды. Бүбіш келініміз шайпау. Мінезді. Ал Ермахан біртоға. Жуас жігіт.

Ермахан мініп жүрген қара Тойота да Бүбіштің атында. Бүбіш пысық, іскер. Барахолкада контейнері бар. Үйдің жанынан азық-түлік сататын кішкентай дүкен де ашып алған. Қолынан көп іс келетін қатын. Бірақ мінезі қиын. Содан болар, көршілер онымен амандасқаны болмаса, көбіне алыстан сыйласып, айналып жүреді. Тек бізбен ғана жақын араласатын.

Бүбішті жұрт боксер қатын, «Майк Тайсон» дейді.

Ия, Тайсон десе Тайсон. Дәу қара қатын. Кезінде бокспен шұғылданған көрінеді. Содан ба, әйтеуір байын анда-санда бір сабап алатыны бар.
https://kaz.365info.kz/men-kyjeuimdi-syjmejmin-myna-zhas-kelinshek-ne-dep-otyr-280219
Ермахан кейде арақ-сыраны жұтып қояды. Енді еркек емес пе!? Ондай кезде Бүбіш шаңын қағып алады.

Бірнеше рет Ермаханды ұрып құлатқаны бар. Өткенде ғана дүкеннің алдында жығып салып, тепкілеп жатқанда көршілер әрең ажыратып алыпты.

Сол атышулы көршіміздің үйінен тағы шу шықты.

Есікті ашқанымыз сол еді:

Сорлы! Сүмелек! Айлап жүріп тапқан ақшаңды ойнастарыңа таратып келіп, түк болмағандай отырысын қарашы. Менің жүргенім мынау, арқа етім арша, борбай етім борша болып… Балаңды да, сені де асырап… Астыңа көлікке дейін әпердім. Мына үйді де мен алдым. О, бейшара, азғантай ғана табысың бар. Оны айлап жүріп әрең аласың. Сосын оны жұмыстағы Бекеңге қарызға бердім дейсің. Оныңа кім сенеді, сорлы?

«Мә саған!», долданған қатын диванда бүк түсіп отырған Ермаханды кеудесінен ыңқ еткізді.

Онымен қоймай, шашынан жұлқып, бетінен шапалақпен оңдырмай бір тартты. Әйелім жүгіріп барып тағы да байын ұруға қолын сермей берген Бүбіштің кеудесінен кері итеріп, ажыратып жатыр.

– Қой енді, келін бала. Ер адамды ұруға бола ма? Басыл, сабыр ет, деп мен де кірісіп жатырмын.

Ермахан көзі жасаурап, диванның бір бұрышына тығыла береді.

Қайтсін енді? Бір айлыққа қарап жүрген жігіт. Ал Бүбіш болса рас, үйдің барлық тірлігін атқарып отыр. Онымен қоймай кәсіппен айналысып, үйге кіріс кіргізіп отыр. Осыдан кейін қатын ақырмағанда қайтеді? Үйді билеп отырған да осы қатын.

Табысы Бүбішпен теңесе алмайтын болған соң, Ермахан оның айтқанына көніп, айдауында жүреді де. Қайтеді енді? Қайда барады?

Осыдан келіп қатынға қарсы сөз айта алмайды. Боқтап жатса да, қол сілтеп жатса да амалсыз көнуге мәжбүр. Бүгінгі бейшара болып отырысы да сол. Бүбіш әбден оның басына шығып алған. Әйеліміз екеуіміз Бүбішті әрең тоқтаттық.

Сөйтсек, жағдай былай болыпты: Бүгін Ермахан айлығын алған көрінеді. Оның жартысын жанында бірге істейтін жігіт қарызға сұрап алған екен. Бұдан соң Ермахан сыра алып ішіп, үйіне сыра сасып келсе керек. Осының өзі Бүбішке жеткілікті.

— Айлығыңның жартысын Берікке емес, ойнасыңа берген шығарсың, деп төбелесті бастап жіберген сияқты.

Бүбішті сабасына түсірген соң әйелімді жетелеп үйге қайттым. Енді тамақ ішуге қайтып зауқым соқпады. Өйткені әйел адамның ер адамды ұруы, боқтауы, «дүниені мен тауып жатырмын» деп басынуы асқа деген тәбетімді жоқ қылған еді.

Басқа жақты қайдам, осы мен тұратын көп қабатты үйде көп әйел күйеулерін басынатын секілді. Шаңқылдап ұрсып, күйеуіне тап-тап беретін талай келіншекті көрдім. Әйелдері үйде сериал көріп, не болмаса телефон шұқылап отырғанда сүт-нан тасып, дүкенге жүгіріп жүрген талай ер-азаматты көзім шалды. Бұл қаншалықты дұрыс?

Еркектің қадірі қашқан заман болды ма?

«Бақыр басты болса да еркекті сыйла», демеуші ме еді, атамыз қазақ. Қазіргі тірлік не тірлік?

Келіншектеріміз биязы мінез танытып, сызылып отырудың орнына үйде болсын, түзде болсын, тіпті тойда болсын — күйеулеріне жекіп жатқаны. Тіпті еркектің жағасына жармасып, жұдырық жұмсайтындары бар. Міне, соның бірі — көршім Бүбіш.

Әйелден қасиет, еркектен қадір қашқан заман болды ғой бұл. Сіз не дейсіз?
https://kaz.365info.kz/kyjeuim-impotent-38-zhasynda-belsiz-bolgan-zhomarttyn-ajeli-281332
Таңатар Мәдиұлы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз