Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Жоспарда жоқ қой…”. Депутаттар көмір мәселесін көтере алмайтынын айтты

Бұл бассыздыққа кім жауап береді? Бұл туралы әлі ешкім ләм-мим деп ауыз ашпады. Тек көмір тапшылығы екі күнде шешіледі деген ғана облыс әкімдігінің ресми мәлімдемесін естідік. Болды!

https://kaz.365info.kz/komirge-talas-tyrgyndardy-tynyshtandyruga-politsiya-shakhyrtyldy-300235

Халық қиналса оның билікке зарын жеткізетін басты өкіл – депутат. Олар қайда қарап отыр? Бір апта болды, теледидардан ешкім сұлбасын көрсетпеді. Заңсыздыққа жол берген делдалдар ғой, әрине. Сондықтан кәсіпкерлер қауымының сойылын соғып жүрген бірнеше депутатқа хабарластық. Әрқайсысы әртүрлі сылтау айтып, жауаптан жалтаруға тырысты.

Депутат неге жылдам қарекет қыла алмайды?

Соңғы шыға алғанымыз – Меруерт Қазыбаева. Ол да кәсіпкерлер жайын қозғаушы депутат. Бірақ ол қазір Парламентке жиналысқа қатысуға кетіп бара жатқанын айтты. Бізге қызық болды. Сонда олар не талқылап жатыр? Бұған депутаттың көмекшісі былай жауап берді:

– Парламент жоспар бойынша заң жобаларын талқылайды. Одан ауытқуға болмайды. Бүгінгі кезек – халықаралық істер комитетінің еншісінде.

Иә, депутаттар бүгін де түк болмағандай халықаралық мәселені талқылап, мамыржай күй кешуде.

Әрине, халықаралық мәселе де маңызды ғой. Бірақ ел ішінде шектен шыққан жағдай орын алып жатқанда олар да жоспардан тыс жиын өткізіп, Үкімет мүшесін, әкімдерді, Монополия комитетінің өкілдерін алдарына шақырып алып, неге жауап алмайды.

Бұған қапелімде не дерін білмеген депутат көмекшісі: „Жоспардан ауытқи алмаймыз„ деп қысқа қайырды.

Сонда деймін-ау, Парламенттің халқын қорғауға қауқары жоқ па? Әлде „Сен тимесең, мен тиме бадыраң көз„ деп отыра бермек пе? Онда түрпідей тиіп көрейік. Әсер етсе, әрине…

Бұдан соң Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығына хабарластық. Олар бұл мәселенің өздеріне қатысы жоқ екенін айтып,

оны әкімдік қадағалауы тиіс деп қысқа қайырды.

Монополияға қарсы күрес агенттігі бірінші шырылдауы керек

Осылайша ресми органдардан тоқ етер жауап ала алмаған соң тәуелсіз заңгерге хабарластық.

– Заңсыздық орын алып жатыр. Бұл – нақты факті.

Біріншіден, бағада асыра сілтеу орын алды. Ал осындай келеңсіздікті жойып, оны қадағалау үшін мемлекет арнайы агенттік құрған, олар бағаны қадағалау үшін жалақы алып отыр.

Монополияға қарсы күрес агенттігі ғой. Ең бірінші солар әрекет қылуы керек.

Екіншіден, заңсыздықтың жолын кесуші орган – прокуратура.

Бірақ ол адамдардың шағымы негізінде әрекет қылады. Бір қап көмірді 1000 теңгеге сатып алғанын дәлелдейтін адамда құжат бар ма? Чек бере ме олар? Осының өзі заңсыздық. Бұл жаппай сипат алып жатқандықтан әкімдіктің өзі прокуратура көмегіне жүгінуі тиіс. Сөйтіп делдалдарды орнына қоюға болады, – дейді заңгер Әбдіқаһар Сейітжанов.

https://kaz.365info.kz/amaldyn-zhogynan-bardym-komirsiz-khalgan-khazakh-ne-istegenin-ajtty-video-300090

Расында, Монополияға қарсы күрес агенттігі қайда қарап отыр? Оларды неге біз естімейміз? Депутаты болсын, Үкімет мүшесі болсын, неге солардың құлағын тартқыламайды?

Халық көшеге шықса полиция жібереді, әне. Соған басы жеткенде мәселе шешіміне неге олардың басы жетпейді? Онда да ерігіп жүрген жоқ халық, қолдан тапшылық жасағандардың кесірінен көмір іздеп сабылып жүр.

Қазақстан құқықтық мемлекет дегеніміз осы ма?.. Көптің жадындағы осындай сауалдарға жуық арада жауап алармыз деп үміттенеміз біз де…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз