Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Біздің телеарналар мұны көрсетер ме екен?». Қазыбек би туралы қызық кино шығыпты

199

Деректі фильмде Қаз дауысты Қазыбек бидің туғаннан бастап бүкіл өмірі сипатталған. Әкесі Келдібектің сәуегейлікке сеніп, өзіне жар таңдап жүріп қалғаны. Қырықтан асқанда сол сәуегейлікте айтылған қызды жолықтырып, соған үйленгені. Содан алты алашты аузына қаратқан шешен бидің туғаны. Бәрі-бәрі өтіп кеткен заманға оралтып, көрерменнің көз алдына сол кездегі тарихи жағдайларды, салт-дәстүрді, қазақы танымның бір үзігіндей бейнелі көріністерді көрсетті. Деректі фильмге тән, сартап боп қалған, тек тарихшыларды ғана сөйлететін қасаң сценарийлердің бұл жолы көбесі сөгіліп, күрт өзгеріп, сахналық қойылымдар, бидің туған кезінен бастап өлгеннен кейінгі, жерленгеніне дейінгі көптеген тарихи шындықты дәйекпен сипаттайды.
https://kaz.365info.kz/t-nde-k-retin-kino-amanat-filmi-ksro-ny-a-sajtyndardy-ashuyn-keltire-me-207063
Режиссер Ерлан Төлеутай қызыққа толы әрі қиындығы көп болған түсірілім кезеңін еске алды: «Жазды күні қыстағы көріністерді түсіру қиынға соқты, үш мың шақырым биіктіктегі Молодежный шыңына шығып, Қазыбек бидің қызы жоқтайтын көріністерді түсірдік. Қарапайым көрініс болғанымен, ауыртпалығы көп болды. Ол шыңға жетудің өзі бір ғанибет екен. Жолы жоқ, бір ғана орыс апарып-әкеледі». Қақаған қыста қайтыс болған адамды Арқаның аязында көме алмай, жердің тоңы жібігенше көк тастың үстіне сақтауы туралы көрініс көрерменнің көбін елең еткізді. Алғаш рет би болып қалмақ-қазақ арасында байлам айтқаны – жас бидің көрегінділігін де, батылдығын да көрсетті. Қазыбек би сол жас күнінде айтып өткен Алаштың айбыны бүгінге дейін кітапқа қаттаулы мол мирас.

Қазыбек бидің рөлін Қайрат Кемалов сомдаған.

Одан басқа Алдабек Шалбаев, Саят Мерекенов, Іңкәр Әбдіраштар мол үлес қосып, фильмнің әрін кіргізіп отырды.

Қызы болып ойнаған Зарина Кәрмен әкесіне жоқтау айтып, қазақтың бір жоралғысын тұтас күйінде көз алдымызға әкелді. Деректі фильмнің ең үлкен ұтымды тұсы бүгінмен параллель жүргізуі, яғни бидің тоғызыншы ұрпағы боп келетін кейіпкердің өмірінен көріністер. Бидің тоғызыншы ұрпағы Қазақстан жұртшылығына аты мәлім суретші Кәріпбек Күйіков. Кәріпбек Күйіковтің полигон зардабынан Егіндібұлақ жерінде қос қолы жоқ боп туғанын елдің көбі біледі. Ол Нобель сыйлығын иеленген полигонға қарсы жобаның мүшесі. Оның да өмірі ел үшін алаң, болашақ үшін алаңға толы. Фильмде де Би атасының өмірі қазақтың келешегін уайымдаумен өткені сабақтастырылған. Қазыбек би Түркістандағы хан қорымында жерленген. Кәріпбектің сол жерге барып, атасына құран бағыштап отыруы да деректі фильмге кіріктірлген. Өзі ешқашан айтпаған шындығын, бидің тоғызыншы ұрпағы екенін мойындауы да тосыннан түсірілгенін режиссер фильмнен соң айтты.

Деректі фильмнің келешекте қазақ арналарынан көрсетілуін күтеміз. Себебі, Алашқа еңбегі сіңген, Қазақтың бірлігіне зор үлес қосқан нар тұлғалардың өмірімен жас ұрпақты таныстыру нағыз рухани жаңғырудың даңғыл жолына бастайтын бастама. Әр биге арнап осындай тиянақты деректі фильмдер түсіру жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
https://kaz.365info.kz/khajrattyn-kinosyndagy-shyndykh-zorlangan-khyzdyn-mamandygy-mygalim-nege-286586
Шынар Әбілдә

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз