Қазақстанда ветеринария қызметінің жұмыс жүйесі сын көтермейді. Өңір өңірде ен салу дұрыс жүргізілмегендіктен, қай малдың қай жаққа кеткенін бақылау қиын.
Мәселен,
малға салынатын таңбалардағы сан қайталанып кетіп жатады. Фермерлер бұған көп шағымданады. Ал тегін берілуі тиіс құлаққа салынатын ен-сырғалар малшыларға өте кеш жетеді.
«Тегін сырғаны күтіп отыруға уақыт жоқ, тіпті, берілген күннің өзінде олар өте сапасыз болып шығады. Сондықтан біз осы нәрсені алып тастап, оған бөлінетін ақшаны вакцина сатып алуға жұмсау туралы ұсыныс жасағалы қашан? Бірақ бізді тыңдар құлақ жоқ„ – дейді герефорд тұқымы республикалық палатасының директоры Дәурен Матақбаев.
Оның айтуынша, ветеринария саласындағы көптеген мамандар диагностика, вакцина және ауруды емдеуде өте ескі тәсілдерге жүгінеді.
«Мен өз көзіммен көрдім. Бір ауданның ветеринары малдың тек жартысына ғана екпе екті. Ал қалғаны ше десем, олар мәліметтер базасында жоқ дейді.
Одан енді не пайда? Егілмегені ауырса, барлығына жұқтырады ғой.
Заңнамада да қайшы тұстар көп. Іс жүргізу тәртіптері де қиын. Бір құжат үшін қаншама жерге сабылу керек. Сондықтан ветеринарлар басын қатырғысы келмейді. Аш бәледен қаш бәле дейді. Сөйтіп, үнсіз қалғанды жақсы көреді. Ал ары кетсе, елдің малы су тегінге бауыздалады, дұрысы, сол өзі, ал ауруды ескертіп, оның алдын алу көп әңгіме болады», – дейді маман.