Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Биліктегілер біле ме екен?”. Алаш қозғалысына қатысты батыл тұжырым айтылды

298

Ғалымның мына сөзі рас. “Алаш идеясын Мәңгілік ел идеясынан бөлек қарастыруға болмайды” дейді Қайырбек Кемеңгер. 

Алашты бүгін не үшін тануға тиістіміз?

Ғалымның мұның бірнеше себебін тілге тиек етіпті. 

Біріншіден, қазақ халқы ХХ ғасырдың басына дейін көшпелі өмір салтын ұстанған-ды. Ол қоғам рулық, тайпалық күн көруді қажет етті. Алаш заманында ұлт зиялылары қазақ қауымының рулық санасын ұлттық санаға биіктетті.

Екіншіден,

қазақ халқы Алаш дәуіріне дейін мемлекетінен айырылып, туған жерінде жабайы жұрттық болып, Патшалық Ресей құрамында жуасыған қауымға айналып, ендігі заманда басымыз бірікпес, ел бола алмаспыз деп келешек күннен күдер үзе бастаған еді.

Осындай күрделі тарихи кезеңде Алаш қозғалысы қазақ баласының санасына елдік идеясын сіңірді. Алаш көсемдері біртұтас ұлт ретінде ұйыса аламыз, жеке еліміз болады деген пікірді қоғамда бекітті. Сол арман күнге, тәуелсіз мемлекетке бүгінгі таңда біз жетіп отырғанымыз белгілі.

Қойгелді не дейді? 

Алаш қозғалысының тарихы мен мақсат-мұратын терең зерттеген ғалым М.Қойгелді былай деп жазады: «Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін мемлекеттік жүйе құру,

яғни оның ұлттық мемлекеттікке құқы бар екендігін метрополияға мойындату

ал түбінде дербес мемлекеттікке қол жеткізу, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып қазақ қоғамын жаңа өмір сұранысына сай өзгерту (модернизация), демократиялық принциптерді қадір тұтумен бір мезгілде, әсіресе, білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды» (Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. – Алматы: «Алаш», 2004. – Т.1. – 552 бет.).

Олар басын бәйгеге тікті 

 Алаш қайраткерлері, сонымен қатар, империяның отарлық формасының бір түрінен екінші үлгісіне ауысу кезеңінің куәсі болды. Осы қиын-қыстау, күрделі тарихи-формациялық кезеңде өмір сүрген Алаш қайраткерлері жанкештілікке, құрбандыққа баруға даярланды. Біле білсек, империяның бір аймақтары отарлаудың бір формасы екінші үлгіге ауысқан кезеңде тәуелсіздікке қол жеткізе алды. Балтық теңізі жағалауындағы республикалар, поляктар мен финдер алмағайып кезеңде, Ресей Империясы Кеңес Одағына айналған уақытта тәуелсіздігін жариялауға мүмкіндік алды.

Оларға азаттық әперген, ең алдымен, сол аймақта өмір сүрген халықтың санасында елдік идеясының күштілігі, яғни халықтың тәуелсіздікке деген аңсарының биіктігі, оқыған азаматтарының, бостандық үшін күрескен қайраткерлер бірлігінің жоғары тұрғандығы деуге болады.

Ал татарлар ше? 

Қазақпен туыстас, тағдырлас түркі халықтарының біразы ХХ ғасыр басында Ресей империясында орын алған саяси-әлеуметтік өзгерістерден кейін әрқилы тағдырды басынан кешті. Қазаққа қарағанда олардың дені бүгінгі таңда тәуелсіз ел бола алмай қалды. Мысалы, соның ішінде татар, башқұрт, чуваш, алтай, хакас, тува, саха секілді халықтарды айтуға болады. Осы орайда Алаштың тарихи ролін көрсететін мынадай пікір келтіруге болады.

Егер қазақ топырағында Алаш қозғалысы  пайда болмай, Алаш қайраткерлері елдік үшін күреспегенде, Алтай мен Атырау арасындағы бүгінгі біртұтас Қазақстан да шаңырақ көтермес еді.

Қазіргі Қазақстан – Кеңестер Одағынан бөлінген Қазақ ССР негізінде пайда болған мемлекет те, ол – өз кезегінде Алаш автономиясының аумағында құрылған Республика. Яғни, осы күнгі Қазақстан Республикасы – Алаш автономиясының мұрагері. Жоғарыда аталған түркі халықтарында Алаш секілді саяси-ұлттық қозғалыстың күшті болмауынан, немесе жоқтығынан, олар әуелі жеке одақтас республика құра алмады, кейін одақ ыдырағанда тәуелсіз мемлекет ретінде шаңырақ көтермеді.

Мысалы бүгінгі таңда ұлттық сипатта мемлекет құрған Жапон мен Оңтүстік Корея елдерінің жолы да – бір қарағанда, Алаш жолы дей аламыз. Егер Жапон мен Оңтүстік Корея өз елдерінде мемлекеттік институттарды құруда, мемлекет ісін жүргізуде туған топырақтан өрбитін ұлттық салт-дәстүрге негізделген құндылықтарға, сол елде тұратын титулдық ұлттың мүддесіне  берік болса, сол секілді біз де осы ділгір мәселеде қатал болуымыз керек.

Заманында Алаш арыстары Жапон елінің даму жолын бекер таңдамағаны да белгілі.

Қателесесіздер…

Алаш неге танылмай жатыр?

Біріншіден, бұл Алашты – ұлтшылдық, тек қазақ мәселесі деп түсінуден. Әділіне келгенде бұл – жалған пікір. Мысалы

Алашорда ұлт кеңесіндегі (үкіметіндегі) 25 орынның 10-ын Алаш қайраткерлері қазақ арасында мекен ететін өзге халық өкілдеріне қалдырды.

Алаш қалам қайраткерлерінің еңбектерінде ұлттың мүддесі, елдің тағдыры көп көтерілсе де, онда ешуақытта қазақты дара қою, өзге халықтан жоғары санау, жағымсыз мағынадағы ұлтшылдық сипаты кездеспейді.

Екіншіден, бүгінгі билік оның ішінде заң шығарушы, атқарушы, сот саласындағы қызметкерлер Алашты тиянақты оқымағандықтан, білмегендіктен.

Оның себебі қазіргі биліктегі қызметкердің көбіне Алаш мұрасын, Алаш құндылығын орта мектепте, жоғарғы оқу орнында, өмір жолында терең тануға мүмкіндік болмады. Алашты олар саналы өмірінде жалпы естіп қана қойды. Соның салдарынан Алаш мектеп бағдарламасынан бастап қалың елге кең насихатталмауда.

Үшіншіден, Алаш – Ресей империясына қарсы күрескен саяси күш болғандықтан. Төл тарихымызды зерттеу ісінде империяның бүгінгі таңдағы мұрагері – Ресей елінен әлі күнге дейін жалтақтау сезімі барынан. Біздіңше, бұл да – қате түсінік. Осы орайда үшінші мәселеге кеңірек тоқталсақ дейміз.

Иә, Ресеймен көрші тұрғанымыз – тағдырымыз.

Бүгінгі Ресей Федерациясы патшалық Ресейдің елтаңбасы мен туын, Кеңес Одағының әнұраны мен саяси тәртібін ресми сақтаса, белгілі дәрежеде ол – өзіне дейін салтанат құрған сол мемлекеттердің мұрагері.

Біз болсақ, сол мемлекеттердің қазақ халқына жасаған зұлматын ұмытпаймыз. 

Тоқ етері 

Ендігі кезекте Алаш мұрасы ел тәуелсіздігіне қызмет ететін, оны нығайтатын, сақтайтын құнды қазына екендігін ескеріп, Алашты тыңғылықты зерттейтін, нәтижесін бүгінгі күнмен байланыстыратын республикалық деңгейде ғылыми орталық жұмыс істеу тиісті деген ойдамыз. Ол мекеме мемлекеттен қолдау көріп, жұмыс нәтижесі алдымен білім саласында, одан кейін аталғандай, қоғамның әр саласында тиянақты сіңірілу керек.

Ал алаштануда бүгін не істеу керек деген сауал қоятын болсақ, ол жұмыстың ауқымы көлемді, бағыты сан-салалы. Алдымен мәтінді оқитын мамандарды даярлап, Алашқа қатысты мұраны электрондық, қағаздық нұсқада түгел жариялау қажет. Архивте сақталған, әсіресе шетелдік қорларда жинақталған құжаттар мен деректерді басып шығару шарт.

Мысалы Ресей қалаларынан, Тәшкенттен, алыс шетелден Алашқа қатысты архивтік материал әлі толық жинақталмады. Алаш арыстарымен байланыста болған неміс профессоры Макс Кучинскийдің архиві бүгін Латын Америкасында сақталған.

Онда Алашқа қатысты материал, суреттер табылуы мүмкін деп ойлаймыз. Осы уақытқа дейін Алаш мұрасы бойынша жарық көрген әдеби, тілдік, тарихи-деректік тағы да басқа материалға жүйелі сараптамалық зерттеу жүргізілуі тиіс. Ол бағытта да ең әуелі білікті мамандарды даярлау ісін дұрыс қолға алу керек.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз