Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Билік бізді қатырып кетті!». Қарағандылық кәсіпкерлер зар илеуде

Мұстафин ауылына үй салған мердігердің бірі Александр Мукановтың шенеуніктерге деген өкпесі қара қазандай болып отыр. Оның фирмасы аталмыш елді мекенге 4 үй салыпты. Алғашқыда жергілікті биліктегілер салынатын баспананың әр шаршы метріне 150 мың теңгеден есептеп, бұл қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді деп мәлімдеме жасаған. Қомақты қаражат көзі көрініп тұрған соң мердігер фирмалар үй салуға бел шешіп кірісіп кетеді. Бастапқыда республикалық бюджеттен қаражат бөлінбегендіктен кәсіпкерлер өз қаражаттарына үй сала бастаған.

«Билік айтқан соң жоба бойынша бізге берген сметалық құнымен құрылысты бастап кеттік. Ештеңені өзгертпедік, бағаны арзандатып шығындарды қысқартпадық. Ең соңында үйді тұрғызып енді шатырына келіп қалғанда «баспананың әр шаршы метріне 90 мың теңге төленеді», деп отыр. Алғаш бөлінген ақшамен әр шаршы метріне 150 мың теңгеден төленген. Ал кейінгі екі үйге шаршысына 90 мыңнан аударды. Тіпті менен де көп шығынға ұшыраған кәсіпкерлер бар», Александр Муканов.

Құрылысты бірінші кезекте аяқтап үлгерген мердігерлерге баспананың әр шаршы метріне 160 мың теңгеге дейін төлепті. Ал содан кейінгі үйлерді тапсырған кәсіпкерлерге 90 мың теңгеден ұстатыпты. Осылайша құрылыс саласында нәпақа тапқан бизнес өкілдері шамамен әр үйден миллионнан астам қаражат жоғалтқан.

Кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселені облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен кезекті отырыста жайып салды. Құрылыс саласында көп жылдар бойы тәжірбиесі бар кәсіпкерлер «айдалада алтын бар, барсаң бақыр да жоқ», дегендей сақтық танытып, жобаны бірден сараптамаға беріп, алдын-ала шығындарын қысқартып үлгерген. Биліктің айтқанына сеніп шығынға батқан кәсіпкерлердің басым бөлігі жастар көрінеді.

Билікке сенуге болмайды екен!

«Мен біздің өңірде болған су тасқынының салдарын жоюға қатысқанмын. Сол кезде-ақ іштей қаражаттың уәде етілгендей төленбейтінін сезгенмін. Біздің бұл жұмыста тәжірбиеміз бар ғой. Сондықтан біз бірден шығындарды қысқартуға кірістік. Өйткені мұндай жағдайларда байқамаса, бизнес күйрейді. Мұндай ақшаны мемлекет төлемейді, әр шаршысына 80 мың теңге төлесе жақсы, деп басында айтқанмын», дейді құрылыс компаниясының директоры Төлеген Әшімов.

Ал уәдені беріп қойып енді ыңғайсыз жағдайға қалған шенеуніктер мемлекет қазынасынан бөлінген қаражатқа билік жүргізе алмадық деп отыр.

«2015 жылы бірінші траншпен қаражат сметалық жоба бойынша Ішкі істер министрлігі төледі. Екінші рет қаражатты Ұлттық экономика министрлігі аударды. Бұл министрліктің «аймақтарды дамыту» деген бағдарламасы бар. Осы бағдарлама аясында олар баспананың бір шаршы метріне 90 мың теңгеден артық қаражат төлей алмайды», деп түсіндірді облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жан Мырзағали.

Ойда-жоқта шығынға ұрынған мердігерлерге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қолдау білдіріп, бас прокуратураға шағым жазған. Қазір тексеру жүріп жатыр. Ал уәде етілген сматалық жобамен қаражат алмаған кәсіпкерлер Бұхар жырау ауданы әкімшілігін сотқа бермек. Құрылыс саласындағы бизнес өкілдері айтып келмейтін апат көктемде тағы әуре-сарсаңға салса, мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істеуге бола ма, жоқ па деп ойлануда.

Арайлым Еркебаева, Қарағанды

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз