Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
11
USD
449
+0.67
EUR
479
+1.25
RUB
4.79
0.00

«Белое солнце пустыни» фильміндегі тарихи оқиға – Алаштың Кеңеске қарсы күресі

188

Мұны білмейтіндерге тағар кінә да жоқ. Өйткені Қазақстанда кеңестік идеологияға тұнған фильмдерді тәуелсіз елдің көзқарасымен саралау деген болған жоқ немесе ол басқа посткеңестік елдермен салыстырғанда, өте баяу жүріп жатыр.

Мысалы, Грузия, Украина, Балтық жағалауы елдерімен қатар Түркмения да бірер жыл бұрын «Ұлы Отан соғысы» деген сөзді пайдалануға ресми түрде тыйым салынды, оның орнына «1941-1945 жылдардағы соғыс» деген сөзді айналымға енгізді. Осындай үлкен фактіге өзгеріс енгізген олар, әрине,

ата-бабасы қырылатын фильмді тамашаламайды, ресми тыйым болмаса да Қазақстандағы секілді оны жылтылдатып қайта-қайта көрсете бермейді.

Ал Әзірбайжанда «Белое солнце пустыни» фильмін көрсетуге ресми түрде тыйым салынған. Олардың не қатысы бар дерсіз? Белгілі болғандай, бұл фильмнің сценариін жазған Рустем Ибрагимбеков Әзірбайжан тумасы екен. Сонықтан кіндігі бір түрік халқының достығына сызат түсірмеу жайына алаңдауы орынды да.

Қазақстан эфирінен бұл фильм кем дегенде жылына бір рет беріледі. Ол ол ма? Байқоңырдан ұшатын ғарышкер қонақтарға оны мақтанып көрсететін бізде тағы бір үрдіс бар. Егер сол қонақ ғарышкерлер кино тарихының тереңіне үңілетін болса, бізге мүсіркей қарары сөзсіз ғой.

Егер кешегі кеңестік идеологиямен әбден мешелденген санамызды сауықтыру ісін қолға алуға асықпасақ, бізде бұдан кейін ұлттық сана сілкінісі қайдан болады?

1929-1932 жылдары елімізде 372 ұлт-азаттық көтеріліс болды

1459225814_1365Тарихқа жүгінсек, кинодағыдай бандыларға қарсылық танытушы жалғыз Сухов болмаған, бұл көтерілісті басып-жаншуға бүкіл артиллерия, тіпті, әуе күштері де жұмылдырылған.

Жалпы, өткен ғасырдағы 20-жылдардың басы мен 30-жылдардың соңы — қазақ тарихындағы ең қайғылы да қасіретті кезең. Осы жылдары қазақтың малы мен жері күштеп тартып алына бастады.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ бұл реформаға қарсы дүрліге бас көтеріп, қарулы қақтығыспен жауап берді.

Бүкіл республика аумағында көтерілістер бірінен соң бірі бұрқ етіп жатты.

1929-1932 жылдар аралығында елімізде шамамен 80 мың адамды қамтыған 372 көтеріліс орын алған екен.

Олардың барлығы Қызыл әскердің жергілікті бөлімшелерімен аяусыз басып-жаншылған.

Әрине, әр көтеріліс жекелей зерттеуді қажет етеді. Бірақ олар туралы бүгінде ақпараттар тым аз. Дегенмен 1979 жылы шыққан «КСРО-ның шекара әскері. 1929-1938 ж.ж.» атты кітапта біз сөз еткен фильмге желі болған тарихи оқиға туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді кездестіруге болады.

Енді осы кітаптағы фактілерден үзінді келтіре отыралық.

Кеңес билігіне қарсы тұруға түркімендерді қазақтар үгіттеген

«Күштеп ұжымдастыру кезінде Батыс Қазақстан өңіріндегі көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын қазақтардың басым бөлігі малын алып, көрші Түркменияға бас сауғалады (кейіннен бірқатары Иранға қарай тартты). Алғаш бұл көрініс 1931 жылғы наурыз айының бел ортасында орын алған.

Осы айдан бастап қыркүйек айы аралығында түркімендер мен қазақтар тізе қосып, Қызыл әскерге қынадай тиіп отырған. Оларды жеңу мүмкін болмапты. Қызылдардың бүтін бір дивизионының көзін жою оларға түкке тұрмаған. Ақыры бұл қозғалысты басып-жаншу үшін әуе күшін пайдалану туралы шешім қабылданады».

«Батыс Қарақұмға бас сауғалап барған қазақтар түркімендерді Кеңес билігіне қарсы тұруға үгіттейді. Қазақтың ру басылары түркіменнің ру басыларымен ақылдаса отырып, түркімен көтерілісін ұйымдастырады.

Қазақтың әскери отряды да барлық қақтығыста аса белсенділік танытып, көзге түседі. Алғаш рет Қызыл әскер бөлімшесімен бетпе-бет келуде (1931 ж. сәуір) қазақтар соғыс жүргізу шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Түркімендерге кіріккенімен саны аз болса да қазақтар ол арадан өзінің орнын мықтап бекітеді. Әрине, қазақ пен түркімендер арасында су жетіспеушілігі, азық-түлік, жем-шөпке қатысты алауыздық туындап тұрған. Бірақ бас дұшпанды жою мүддесі қазақтардың түркімендердің бірлігін нығайтқан. Ал қазақтардың көбі Созақ, Торғай, Бетпаққара көтерілістерінде жан беріп, жан алысқан, «мен» деген жігіттер еді. Ақсақалдар ішінде Гурьев болысы Бекеш Дерметханов та болған».

1000 адамнан асатын қазақ-түркімен қолында 150 қазақ болған

mzOqLP3dy4o«Қыркүйек айында қазақ-түркімен қолының саны мыңға жетеді. Оның 150-і қазақ. Олар Бекеш Дерметханов пен Өмірбай Тілеубергеновке бағынды. Саны аз болғанымен, соғыс жүргізу тәсілін мықты білгендіктен, бұл жігіттердің әрқайсысы түркімендер үшін қымбат еді.

Өйткені күнде қанды ұрыс жүріп жатты. Соның бірі 13-14-қыркүйекте Шағыл құдығы маңында болды. Құдықты қорғаушы көтерлісшілер саны – 600. Құдықты қорғауға мықтап әзірленген. Тереңдігі 4 метр, ені 3 метр окоптар қазылған. 13-қыркүйекте таңғы жетіде ұрыс басталады. Қызылдар үш рет әуеден бомба тастайды.

Алғашқы күні бұл ұрысқа 4 ұшақ жұмылдырылса, келесі күні оның саны 22-ге өскен. Әуеден оқ төпеп жатқанына қарамастан қорғанушылар шебі еш бұзылмайды. Дала қан сасыды. Екінші күні 4 ұшақ атып түсіріледі. Сол кезде тіркелген құжаттарға сүйенсек, көтерілісшілер әскери қорғанысты өте шебер әрі кәсіби деңгейде жүргізді.

Техниканың көптігіне қарамастан, Қызыл әскер оларды көпке дейін ала алмады. Дегенмен бірнеше күннен соң көтерілісшілер Дахлы мен Қара Ишан құдықтарына қарай шегінуге мәжбүр болады. Дахлы құдығы маңында қиян-кескі ұрыс өтеді. Тіпті, оған бала-шаға, әйелдер де жұмылдырылады. Олар соңғы оққа дейін аянбай, елі мен жерінің азаттығы үшін қорғанады».

PS. Міне, көркем фильмге негіз болған тарихи оқиғаның нақты сипаты осындай. Мүмкін, осыдан кейін Сухов пен Петруханы қолдап, аталмыш киноны жаны егіле тамашалаушы отандастарымыздың пікірі өзгерер. Ал ұлтымыз үшін сол ауыр кезеңде жер ауып кеткен қазақтар бүгіндері қайтадан ата-мекеніне оралып жатқанын, соның ішінде, Ираннан, Түркмениядан келгендері барын ескеріп, біздің мәдениет министрлігі «мәдениеттілік» танытар деген ойдамыз. Ал баға беру жағын уақыт пен тарихшылардың еншісіне қалдырайық.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз