Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
4
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Бармақ таңбасына арналған заң Парламентте талқыланды

Қалаулыларға заң жобасын түсіндірген Ішкі істер министрінің орынбасары Р.Жа­қы­пов бұл құжат тек 2021 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап күшіне енеді деп қарас­ты­рыл­ғанын мәлімдеді. Өйткені ол құзырлы құры­лымдарды жабдықтау үшін мемле­кет­тен біраз шығын шығаруды талап етеді.
Рашид Жақыпов дактилоскопиялық жә­не геномдық тіркеуді ендіруге шамамен 37 миллиард 864 миллион 940 мың теңге қа­жет болатынын жеткізді. Оның ішінде 11 мил­лиарды – Ішкі істер министрлігіне, 12 мил­лиард 648 миллионы – Ұлттық қауіп­сіздік комитетіне, тағы 88 миллион 500 мың теңгесі – Әділет министрлігіне арна тартуға тиіс. «2018 жылы бұл соманың 19 мил­лиарды, 2019 жылы – 11 миллиарды, 2020 жылы – 82 миллионы, 2021 жылы – бір миллиарды, 2022 жылы – 2 миллиарды және 2023 жылы 2 миллиарды бөлінеді. Не­гізгі шығындар шекара қызметін қайта жа­рақтандыруға және ДНҚ зертханаларды жаб­дықтауға жұмсалады деп көзделуде» деді министрдің орынбасары. Оның үстіне көші-қон қызметіне қосымша штат ашуға тура келеді.
Оның мәлімдеуінше, дактилоско­пия­лық және геномдық тіркеу – жеке басты анық­тау және растау үшін қажет. Қазіргі уа­қытта ол «әлемдегі 100 шақты елде енгі­зіл­ген» деседі.
Р.Жақыповтың айтуынша, жаңа тұр­патты бұл тіркеу Қазақстанда 2021 жылдан бас­тап, бірте-бірте жүзеге асырылады: «Яғ­ни, жаңа құжат алуға келген азамат бар­ма­ғын басып, саусағының ізін қалдырады». ІІМ мәліметінше, енді төрт жылдан кейін бар­лық қазақстандықтар жаппай жеке куә­ліктері мен төлқұжаттарын ауыстыруға мәж­бүрленбейді.
– БҰҰ талаптары мен халықаралық стан­­дарттарға сәйкес, ИКАО ұйымы адам­ды бұрынғыдай екі параметр – фотокескіні мен қоятын қолы бойынша иденти­фи­кация­­лауды жеткіліксіз деп тапты және өзі­не қатысушы барлық елдерге жеке куә­ліктерге биометриялық көрсеткіштердің бі­рін кіргізуге ұсыныс берді. Бұл көрсет­кіш­терге адам сүйегінің құрылымы, көздің тор қа­бығы, қолының мөрі-таңбасы және бас­қалары жатады. Аталған ұйымға мүше бол­а отырып, Қазақстан да өз мойнына осы міндеттемені алды. Әрине, адамды кө­зі­нің торы (сетчатка) бойынша анық­тау­ды енгізу керемет болар еді. Бірақ ол тәсіл тым қымбат болып шықты, – деді Рашид Жақыпов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қа­зақ­станда азаматтың жеке тұлғасын анық­тайтын 11 құжаттың 7-еуі биометриялық көр­­­­­сеткіштерді енгізуді қарастырады. «Біз­дің қазіргі жеке куәліктеріміз бен төл­құ­жат­тарымызға электронды чиптер енді­ріл­ген, олар тұлғаның биометриялық де­­рек­­­­те­рін енгізуге мүмкіндік береді. Яғни, аза­маттың саусақ іздерін оның қолданы­сындағы осы құжаттарына да енгізуге бола­ды» деді ІІМ басшысының орынбасары.
Ол 12-16 жас аралығындағы балалар да төлқұжат алу кезінде дактилоскопиялық тіркеуге алынатынын қосты. Бірақ ол үшін ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсаты қажет болады. 12 жастан кішкентай балалар мұндай тіркеуге жатпайды. 12 жастық меже қайдан алынған дерсіз? Еуропалық одаққа мүше-елдердің Визалық кодексіне сәйкес, бұл мемлекеттерге бару кезінде 12 жастан асқан балалар дак­тилоско­пиядан өтуге міндетті.
– Барлық ақпарат ІІМ-нің қорғалған деректер базасында шифрланған элек­тронды күйде сақталады. Бұл оған бөгде тұлғалардың қол сұғуын болдырмайды. Дактилоскопиялық ақпарат қатаң түрде тек заңмен анықталған мақсаттарға – соттардың, құқық қорғау органдарының, Шекара қызметінің сұраулары бойынша тұлғаның аты-жөнін анықтау үшін пайдаланылады, – деді Р.Жақыпов.
Жаңа заң гендік тіркеуді де енгізгелі тұр. Бұл ретте ІІМ басшылығының өкілі өздерінде осындай тіркеуден өткен адам­дардың биоматериалы (терісі, шашы, т.б.) сақталмайтынын нықтады: «Био­материал ұзақ сақтауға келмейді. Сондықтан біздің базада қазақстандықтардың ДНҚ фор­муласы сақталады. Геномдік тіркеу бірінші кезекте аса ауыр және ауыр қылмыстардың профилактикасы мақсатында, қыл­мыс­кердің немесе құрбанның кім екендігін анықтау үшін қолданылады. Заң жобасы бойынша геномдық тіркеуге ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері үшін сотталғандар, сондай-ақ жеке тұлғасы анықталмаған мүрделер жатады. Хабарсыз кеткендерді табу үшін олардың туған-туыстары ерікті түрде гендік ақпарат тапсырады» деді министрдің орынбасары.
Депутаттар егер қандай да бір азаматқа қатысты дактилоскопиялық не гендік ақпарат жоғалып қалса, не біреуге берілсе, қандай жауапкершілік болатынын сұрады. Рашид Жақыпов елімізде ақпаратты қорғау туралы заң ендігі қабылданғанын алға тартты: «Бұл жерде әкімшілік жауапкер­шіліктен бастап, қылмыстық жазаға дейін қарастырылған. Егер әлдекім лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, ондай ақ­паратты біреуге берсе не сатса, ол қыл­мыстық қудалауға ұшырайды».
«Жарайды, бұл заң террормен, қыл­мыспен күресетін құрылымдар жұмысын жеңілдетеді екен, ал қарапайым адамдарға мұның не пайдасы бар?» деп сұрады депутаттар. Р.Жақыпов бұл амалдар адам­ның және елдің қауіпсіздігін күшейтетінін нықтады. Екіншіден, қартайған не дертті адамдар кейде үйден алысқа ұзап кетіп, мекенжайы түгілі, өзінің аты-жөнін ұмытып қалатын кездер кездеседі. Оларды іздеп-табу туған-туыстарына мұң болады. Сондайда бұл адамдардың саусақ іздері бойынша кім екендігін тез анықтауға жол ашылмақ. Үшіншіден, бұл «дамыған елдерге виза алуды жеңілдететін» көрінеді.
Қоғамды толғандырған заң жобасының тұсаукесеріне Парламентке кірмеген пар­тиялар өкілдері шақырылды, соның бірі – «Бірлік» партиясының өкілі Н.Сәдуақасов «дактилоскопия рәсімінен өтуден бас тартқан азаматтарға қандай жаза қолданы­лады?» деп сұрады.
– Осы заңмен қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске дактилоскопиялық, геномдық тіркеуден өтуден бас тартқан Қазақстан азамат­тарының жауапкершілігін енгізу қарас­тырылады. Бұл ретте айыппұл жазасы белгіленеді. Ол айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстырылады, тиісінше, бұл көрсеткіш өзгерген сайын, айыппұл  да өсіп отырады. Ал бас тартқан шетелдіктер осы заң бойынша елден аластатылады! – деді Рашид Тауфиқұлы.
Ол өз сөзінде Қазақстанда хабар-ошарсыз жоғалғандар бойынша жыл сайын орташа есеппен 4-4,5 мың өтініш келіп түсетінін хабарлады: «Бірақ оның 80-85 пайызын табамыз, өйткені олардың жоғалуы қылмысқа қатысы жоқ. Олардың себептері – баланы қараусыз қалдыру, үйден қашу немесе туған-туыспен байланысты үзу болып келеді. Мысалы, адам басқа қалаға жұмыс іздеп кетеді де, жақын-жуықтарымен байланыс жасауды тоқтатады, хабар бермейді. Бұл ретте мұндай хабарсыз кетулердің 30 пайыздайын біз өтініш түскен соң алғашқы 1-2 тәулік ішінде ашамыз. Жалпы, жоғалған адам­дардың мүрдесі табылса, олардың кім екендігін анықтау қиынға түсіп жатады, өйткені сыртқы бейнесі өзгеріп кетеді. Ал дактилоскопиялық және геномдық тіркеу тіпті мұндайлардың өзін анықтауға мүмкіндік берер еді».
Ол көрші Өзбекстанның бұл істі бұрын бастағанын және ол елдің деректер база­сында 4 миллион азаматының дерегі барлығын мәлім етті. «Соның арқасында біз биыл шамамен 70 мәйітті иденти­фикацияладық. Олар Өзбекстан тұрғын­дары болып шықты. Біз Қазақстанда аты-тегі анықталмаған адамдар мүрделері бойынша деректерді оларға жіберген болатынбыз» деді Ішкі істер министрінің орынбасары Р.Жақыпов.
Жаңа заң жобасы енді Мәжілісте құрылған жұмыс тобы аясында қаралатын болады.

30967-212-barma_ta_basyna_arna_ru

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз