Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

«Бұл – саяси тоқырау!» Айдос Сарым биліктің қазіргі жағдайын жайып салды

177

Оның айтуынша, біздің билік өзі мінген қайықтың қайда жүзіп бара жатқанын білмейді, содан шошып Ресейде жүрген Марат Тәжинді алдырды. Дегенмен, саясаттанушы Тәжиннің келісінен үлкен өзгеріс күтудің қажеті жоқтығын айтады. Бұл арада билік саяси жүйедегі жайттарды басқарып, сезіп отыруы үшін Тәжиннің қолына ескек ұстатты. Енді ол мәселені ушықтырмай, әр нәрсенің аражігін ашып, дистанция ұстайтын ауанды қалыптастыруға барынша күш салады.

Үлкен саяси қателік кетті

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстанның ішкі саясатындағы хаос тәуелсіздіктің бастапқы жылдары қолға алынған саяси реформалардың аяғына жеткізілмеуі, ең бастысы, сол реформаларды қолға алған саяси топты „сылып„ тастаудың салдарынан орын алған. Бұл – үлкен саяси қателік.

– 2001 жылға оралайық. Сол кезде саяси шешім қабылдайтын топ, яғни, ҚР Президенті әкімшілігі үлкен саяси бір қателік жіберген сияқты. Олар 1980 жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында саяси реформаларды даярлап, оны жүзеге асырған саяси топпен қол үзісті. Содан екі араға үлкен жік түсті. Сол жіктің сызаты әлі күнге дейін бар.

Менің түсінігімде, оларды қайта құру ұрпағы деп айтуға болады. Яғни, шамамен 60-шы жылдары туған, билікке, мемлекеттік қызметке, бизнеске араласқан белсенді үлкен топ. Содан билік ажырап кетті. Олардың сенімі ақталмады, арман-мұраты жүзеге асырылмады. Бұл қателік – жүйелі қателіктерге алып келді. Терроризм, кадрлық құлдырау, заң қабылдаудағы шикілік және тағы басқасына.

Қазір адамдар мемлекеттік қызметке барғысы келмейді, бұл да саяси тоқыраудың көрсеткіші

Саясаттанушы бүгінгі кадр саясаты қоғамның мықтыларын, ең керемет ақылды деген азаматтарын лауазымды қызметке іріктемейтінін, керісінше, қоғамның „шлактарын„ алып келетінін айтады.

– Майлыбаев – соның бір дәлелі. Биологияда теріс таңдау, теріс іріктеу деген процесс бар, яғни теріс эволюция. Қазір көп адамның мемлекеттік қызметке барғысы жоқ. Көп ауылда, мәселен аудан әкімінің, оның орынбасарларының орындары бос тұр. Оған жігіттердің барғысы келмейді. Бүгінгі жұрт билікпен араласқысы келмейді. Осындай жағдайға жеткізген – сол кезде жіберліген қателік.

Ол қателік бүгін тағы да қайталанып жатқан сияқты. Саясаттанушының пікірінше, бұл жолғы құрбан – тәуелсіздік заманында туған ұрпақтар.

– Ал қазір тәуелсіздік ұрпағымен арада жік пайда болған секілді. Ол – осы мемлекетте тәуелсіздік заманында туған қазақтілді ұйым, қазақтілді қауым. Олардың арман-мұраты көбісінен ерекше. Олардың билікке деген қарым-қатынасы да бөлек.

Бәлкім, Президент оны айқын түсінбейтін де шығар. Бірақ осы буынмен қарым-қатынасты сақтап отыру керек.

Мен түсінбеген жерді осы жігіттер түсіндіріп, іліп ала кетер деп көптеген жастарды, „Болашақпен„ оқығандарды билікке де тартты. Міне, осы арада жік шықты. Бүгінгі билік осы ұрпақпен ара-қатынасын  дұрыс бекітпейтін болса, пайымдары мен құндылықтары ажырап кететін болса, онда бүгінгі биліктің тарихта қалуы екіталай. Өйткені

Президенттің рөлін белгілейтіндер – бүгінгі қарттар мен академиктер емес, қазіргі 25 жастағы жастар және одан төменгілер,

– дейді Айдос Сарым.

“Болашақтықтарды” не үшін оқыттық?…

– Болашақпен оқып келген жастарға үлкен қиянат жасап отырған сияқтымыз. Мойындау керек, олардың бәрі сапалы білім алды. Өзіміз еліктегіміз келген елдің болмысын, тұрмысын көзімен көріп келді. Сол жаңа біліммен, жаңа сапамен келген азаматтарды алдық та, бұрынғы ескі-құсқыға араластырып жібердік. Мысалы, зымыран ұшыруды оқып келген жасты ауылға апарып қой бақтырып қойған секілді. Қазіргі биліктегі қиянат — совет заманында қалыптасқан институттар мен құндылықтар біздің қоғамға қайтып келе бастады. Ал болашақтықтар – бөлек заманның адамдары.

Билікте қалу үшін, билікпен аралас-құралас болу үшін олар сол бұрынғы ережелерді қабылдауға, кеңес заманынан қалған ойын ережесімен ойнауға мәжбүр. Дұрысы, оларға жаңа қоғамда өзін жаңаша сынауға мүмкіндік беру керек еді.

Міне, жаңа бағыт, міне жаңа сала, осыны игер, сенің білім жетеді„ деу керек еді. Сонда басқаша нәтиже болар ма еді? Ал қазіргідей, өткеннің „партократ, комсомол„ ағаларының бүкіл мінез-құлқын бойына сіңіріп өскен жас ертең „Болашақпен„ алған білімі мен біліктен оп-оңай ажырап қалады.

Шынын айтқанда, „Болашақпен„ білім алып келген жасты жұмылдыратын жаңа сала да жаңа бағыт та Қазақстанда жоқ. Олар оқыған білім жүйесі, категориясы мүлде басқа. Ол басқа қоғам үшін арналған, тек біздің емес. Демократиялық, бәсекелестік ортасы бар қоғам дегендей. Сондықтан олар мұнда келгенде, әу баста, абдырап, қоғам ағымынан ысырылып қалатындай күй кешті. Рас қой, өз-өзін таба алмай, шетелге кетіп жатқаны да қаншама?

Тоқырау көзге ұрып тұр: 25 жыл бойы үкіметте 25-30 адам бір-бірінің орнын алмастырып әлек

Саясаттанушы саяси реформаларда шалт қимыл жасайтын уақытқа келіп тұрғанын айтады.

– Біздікін бір партиялы, авторитарлы жүйе делік. Әрине, бұл жағынан Қытайға ұқсаймыз. Бірақ Қытайдың бізден артықшылығы 1980-жылдардың соңы 90-жылдардың басында олар ұлттық дәрежедегі келісімшартқа келді. Олар 5 жыл сайын жиын өткізеді. Сөйтіп келесі 5 жылда билікке келетін адамды алдын ала айқындап қояды.

Оларда билікке тас кенеше жабысу деген жоқ.

Әрине, билікті бәрі жақсы көреді. Бірақ олар осындай ымыраға келе алды. Билеуші ұрпақ екі буын билікке таласпайтын қатаң ереже орнатты. Сөйтіп естігенде біз елдің дамуына жаңа пәрмен бере аламыз деп тұжырым жасады.

Демек, авторитарлы жүйемен де бұл жағын реттеуге болады екен.

Ал бізде ше? 25 жыл бойы өзгермей келе жатқан бір буын, тек арасында жастарды алады, бір кезде қарттарды қайтарады, бірақ айналып келгенде, үкіметте айналдырған 25-30 адам бір-бірінің орнын алмастырып әлек. Басқа ешқандай өзгеріс жоқ. Мемлекеттік қызмет туралы заңнама, оның ішінде осы негізде қабылданған заң актілері, басқасы осы жүйені сақтау, әлеуметтік лифтілер істемей жатқанынан туындаған тығырық, кадрлық тоқырау. Сондықтан билік тармақтарын қайтадан жасақтау бізге ауадай қажет. Бірақ оған қоғамды, жастарды қатыстырмай, біржақты қабылдау нәтижесі бермейтінін ескерте кетейін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз