18+
Нұр-Сұлтан
Қазір
29
Ертең
19
USD
386.82
0.00
EUR
428.67
0.00
RUB
5.86
0.00

Бұл – Кейкінің басы емес, басқа біреудің басы – ғалым

Шынымен, бұл – Кейкінің басы ма, басқа біреудің басы ма? Қайдағы біреудің басын арулап жерлеп жүрмейміз бе?

 

Қызық болып жатыр. Қызық болғанда, арты жанжалға ұласуы мүмкін мұның.

Вице-премьері Иманғали Тасмағамбетов арнайы жиын өткізіп, 1916 жылғы Ресей патшалығының қазақтан әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі — Кейкі батырға кесене салып, сүйегін арулап жерлеу бойынша тапсырма беріп жатса, белгілі антрополог ғалым Оразақ Смағұлұлы sn.kz сайтына берген сұхбатында сенсациялық мәлімдеме жасапты.

«Қазақстанға Кейкінің басы деп әкелінген бас сүйек мүлде басқа адамға тиесілі болуы мүмкін»

дейді ғалым.

Таңқалдық. Қалай сонда? Сөйтсек, бұған ғалымның нақты — нақты айғақтары бар екен

Коробканың іші бос. Бас қайда? 

Ғалымның айтуынша, Кейкінің басын қайтару мәселесі 90-шы жылдардың ортасында көтерілген. Бұл туралы хабар ғалымға да жеткен.  

— Иә, иә, маған хабар келді. Кейкі батырдың басын Санкт-Петербургтен іздеу керек деп. Содан қызым Айнагүл екеуміз сол жердегі архивті қарадық, журнал бар. Онда бәлен сүйек, бәлен жерден алынған, бәлен жылы тапсырылған, бәлен жерде сақтаулы деп көрсетілген.

Сол журналдың жазбасын ақтарып қарасақ, шынында Кейкі батырдың бас сүйегі бар екен. Кейкі батыр деп жазылған: Киргизский бунтовщик (Нурмагамбетов). Бәлен коробканың ішінде, бәлен чердакта деп жазылған.

Сонымен, Айнагүл барып чердакты іздеп, каробканың нөмерін тауып алса ‒ бос, ештеңе жоқ. Бас сүйек жоқ.

Сол жақтағы антропологтардан сұрадық, неге бас сүйек жоқ деп, Кейкінің басы қайда деп, олар білмейміз дейді. Сол кезде мәселе де мемлекеттік деңгейде жабылып қалды. Сол күйінде қалды, – дейді Оразақ Смағұлұлы.

Бұл арада ғалым үлкен құпияның басын ашып қойған сияқты, байқаймыз. Кейкінің басын қайтару мәселесі бір жылдары мемлекеттік деңгейде көтеріліп, неліктен жабылып қалғанын айтып қалды. Себебі, батырдың басы жатыр деген коробканың іші бос болған. Осы себепті де оны елге қайтару жұмыстарының өзектілігі өлген. 

 Сонда қазір айтып жүрген кімнің басы?

Осы арада дәл осындай сауал туындайды. Шынымен кімнің басы? Қайдағы біреудің басын арулап жерлеп жүрмейміз бе? 

Ғалым бұған былай дейді: 

  – …қайдан алғанын білмеймін, мынадай бас сүйек тауып әкеліпті. Оның сол жақ самай сүйегі, төменгі жақ сүйектері бөлініп қалған. Соның бәрін әкеліп енді қазір Кейкі батыр дейді. Ал, енді, оны Кейкі батыр екенін анықтау үшін, алдымен сот-медициналық, антропологиялық сараптама жасалу керек еді ғой. Ол сол кісінің басы ма, жоқ па екенін анықтау үшін.

Өйткені, ол кісінің басы ондай деңгейде болу үшін ол бірнеше рет қайнатылған болуы керек. Ал, суға салып қайнатылған сүйек пен қайнатылмаған сүйектің арасында айырмашылық жер мен көктей.

Осыны анықтамай, істеп жүргендердің ісі – барып тұрған надандық.

Ғалымның айтуынша, Қазақстанға әкелінген бастың кімдікі екенін өзі де білмейді. 

– Ойына келгенін істеп отыр ғой. Әйтпесе, неге біздерден келіп сұрамайды, не білмейді, бұл қандай бас екенін. Неге анықтап алмайды алдымен? Неше түрлі мифтерге сүйеніп алып, ой бәленшенің басы деп айта береді. Менің мысалы, күдігім бар. Анау сараптама жасалмай, ол бас сүйекке, мен оны Кейкі батырдікі деп айта алмаймын.

Суға қайнатқан бастың нақты ДНК-сы шықпайды

Ғалымның пікірінше, алдымен архивін көрмесе, анықтамаларын тексермесе, венгрлер бастың Кейкі батырдікі екенін анықтай алмайды. Бұл арада ДНК-ның да пайдасы жоқ.  Ол неге бұлай айтып отыр?

– Суға қайнатқан бастың нақты ДНК-сы шықпайды. Таратқан ақпараттарында жүр оның кетпенмен ұрып бас сүйегін жарған деп. Ол қалай сонда? Орталық Қазақстанда, Торғайда, әсіресе, бір кетпенді емге таба алмайсың. Ол кетпенді тек оңтүстік Қазақстанда пайдаланған. Суармалы жерлері бар.

Ал, Торғайдың қай жерінде суармалы жер, егін бар? Орталық Қазақстанның қай жерінде суармалы егін болды өткен ғасырдың 20-30 жылдары? Еш уақытта болмаған.

Өздерінің әңгімесінің өзінде күдік жатыр. Ол кетпенді біреу барып алып келіп пе сонда Кейкі батырдың басын шабу үшін. Міне, менің көңілімде бұл бас сүйек Кейкі батырдікі екеніне үлкен сұрақ тұр, – дейді ғалым. 

 Кенесары ше? Ханның басын Кунсткамераға емес, айдаладағы молаға көме салған ба?  

Айтпақшы, Кейкі батырмен бірге сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресейден Кенесары ханның бас сүйегін де сұратқан болатын. Бірақ Ресейдің антропология және этнография (Кунсткамера) музейі «бізде Кенесарының басы жоқ» деп ат-тонын ала қашқан.

 Оразақ Смағұлұлының пайымдауынша, әлгілер жауаптан жалтарып отырған, шындықты айтып отыр. 

– Қырғыздардың аңызына қарағанда, Кенесарының басын Алмалысай деген жерде алған.  Оның қаншалықты шын-өтірік екенін айту қиын. Бірақ, менің жеке өзімнің ойым: егер де Кенесарының басын сол жерде алса, ол жаз айы, деректер бойынша оны Омскідегі орыстың генерал-губернаторына жіберген дейді. Сонау қырғыз жерінен жаңа ғана кесіп алған басты, әрине, торсық па басқа бір заттың ішіне салды ғой. Сол Алмалысайдан Омскіге жету ол бір күндік жер емес, самолет емес. Кемінде 5-6 күн жүрді.

5-6 күннен кейін қырғыздар өздерінше айтқан шығар генерал-губернаторға мінеки әкелдік деп. Ашып жібергенде, әрине, ол сасып-пісіп үйдің ішінінің бәрін алып кетеді.

Шамасы, жиіркенген адамдар, оның ішінде, генерал-губернатор бар айтқан шығар, „мына сасығыңды әкет, бір молаға апарып көме сал„ деп. Өйткені, не оны алдық, оны бәлен жерге бәлен істедік деген ешқандай құжаттар жоқ, – дейді ғалым.

Білсек, сол кездері басты Ресей жеріне сол күйінде алып бару ауыр болған. 

– Алдымен басты толып жатқан жұмсақ терілерден, еттерден айыру керек. Айырудың жолы оны бірнеше сағат қайнату керек. Етті сүйектен ажыратып, балқыту керек. Сөйтіп барып, адамның басын ала алады. Оны, әрине, бір мұсылман дәрігері де, фельдшері де ешкім де істемейді. Оны істесе, сол орыстар істейді. Бірақ, ондай істеді деген ешбір жазба жоқ. Сондықтан, бастың бар жоғы менің көңілімде үлкен күмән туғызады, – дейді Оразақ Смағұлұлы. 

57f341e548cfayoshinori-ohsumi-international-prize-biology

Оразақ Смағұлұлы