Бүгін Астанада Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы өтеді.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жасақталған комиссияның құрамына Парламенттің қос палатасының депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, агробизнес өкілдері, ғалымдар мен азаматтық белсенділер атынан барлығы 75 адам енді. Сондай-ақ комиссияда әр өңірден бір-бір өкілден болады.
Бұған дейін хабарланғандай, арнайы Jerturaly.kz порталы іске қосылды. Порталда Комиссияның жұмысы туралы барлық ақпарат жарияланады. Мұнда қолданушылар көкейтесті сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын қалдыра алады. Қосымша арнайы Call-центр жұмыс жасайтын болады.
Сондай-ақ, бірер күн бұрын Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы 14 мамырға белгіленгенін мәлімдеген аталған комиссия басшысы – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Біз еліміз, оның бейбіт болашағы үшін алаңдайтын азаматтарды ынтымақтасуға шақырдық. Халықты барынша қамту үшін облыстық әкімдіктің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер жұмысқа жұмылдырылды. Комиссия біздің азаматтарымызға барынша пікірталастар барысы туралы дұрыс ақпаратты БАҚ режимінде ашық түрде алуы үшін жұмыс істейтін болады», – деп атап өткен еді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда резонанс тудырған Жер кодексінің бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салып, мәселені жыл соңына дейін егжей-тегжейлі қарастыруды белгілеген еді.