Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Азаматтық неке – үлкен үнем”. Қазақ жігіттері сонша ұсақ па, әлде бұл мәжбүрлік пе?

708

Кеше Парламент Мәжілісі қабырғасында

депутат Нұрлан Әбдіров Қазақстанда қоғамының азаматтық некеге қатысты қарым-қатынасын қайта қарауды ұсынды.

Оның пікірінше, отбасы институты кез келген мемлекет пен қоғамның іргетасы, міне, азаматтық неке деген осы іргетасты сөгіп, ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруде.

“Азаматтық неке” біздің адамдардың ой-санасына сіңіп, қалыпты жағдайға айналып барады. Ал мұндай некеде ешкім жауапкершілік алмайды, балаларына да отбасы туралы дәстүрлі құндылықтарды сіңірмейді. Мысалы, 2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының жалғызбасты аналардың жиынында мынандай сандар келтірілді: бізде некесіз туған 72 мың бала бар, 400 мыңнан аса жалғызбасты ана, 60 мыңнан аса жалғызбасты әке тіркелген. Жалғыз басты ана қолында қазір 700 мың, жалғызбасты әке қолында 300 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Оның сыртында 31 мың жетім бала тағы бар„ дейді статистикалық мәлімет келтірген Әбдіров.

Оның сөзіне сүйенсек, 2016 жылдың 1-қаңтарындағы жағдай бойынша жетімдер үйінде 6 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда тіркелетін неке саны осымен үшінші жыл төмендеген, ал некені бұзудың жиіліп тұрғанына осымен жетінші жыл екен. Сондықтан депутат бұл мәселені өзекті деп тауып, оны назардан тыс қалдырмауды сұрайды.

Азаматтық некедегі жігіт ағасы Айбол Жарылқап азаматтық неке қазақтығымызға селкеу түсіреді, салт-дәстүрімізді бұзады деген бос сөз екенін айтады. Керісінше, ол бұл мәселені көтерген депутат жас отбасылардың қазіргі қиын жағдайын неге көтермейді деп налиды.

– Депутаттар нақты мәселемен неге айналыспайды? Мен мұны тайыздық деп білемін. Әйтпесе, азаматтық некеге қазақ жастары неге құштар деп бір рет ойланып көрмейді ме?

Немесе неке қазір жиі неге бұзылады? Оның барлығы, айналып келгенде, тұрмыстық жағдайға келіп тірелетіні ақиқат.

Депутат па, бұзылған неке статистикасын Үкіметке көрсетсін, міне, жастарға қиын, отбасын асырай алмай, ажырасып кетіп жатыр десін. Тоқсан сайын тарифтер өседі, бензин қымбаттайды, инфляция ай сайын орын алады, бірақ, неге екені белгісіз жалақы өспейді. Жұмыссыздық дендеп тұр. Жастардың көбісі пәтер жағалап жүр. Үкімет пәтер бермейді. Жас отбасыларға беріледі, онда да ол арада жасқа қатысты шектеу бар. Сол шектеудің кесірінен қаншама жас далада жүр? Неге соларды айтпайды?..

Сөйткен Айбол, азаматтық некеге жігіттер ең бірінші қорқынышын жеңу үшін, одан соң, үнем үшін баратынын айтады.

– Ажырасып жатқан қатарластар көп. Одан көп зардап шегетін балалар. Соны көріп отырып, кез келген бойдақ ертең жаман әйелге тап болып, менің балам да осылай жатқа кетіп қала ма деген үрей болады. Әрине, мұндайда азаматтық неке жақсы. Не болса да болашақ жарыңды көріп-біліп аласын.

Маған жақсы қыз жолықты. Қазір біздің екі баламыз бар. Бала дүниеге келген соң, қалай жалтарасың? Одан соң той жасайық дегенбіз. Бірақ бірінші балам дүниеге келгенде әйелім ол ақшаға одан да жер алайық деді. Жер алған соң, әрине үй тұрғыздық. Сөйтіп, жүргенде екінші бала да дүниеге келді. Шілдеханаға келгенде құдалар бір-бірінің жөн-жоралғысын жасап алған. Сөйтіп, той жасаудың да уақыты өтіп кетті. Енді оның не қызығы бар?

Балалар менің атымда. Бірақ некені заңдастырған жоқпыз. Келіншегім талап етпеді, содан соң, ол солай қалып қойды. Заңды некеде жоқ дегені болмаса, кәдімдігдей ерлі-зайыпты, бір бүтін отбасы секілді тұрып жатырмыз, – дейді ол.

Соңғы кездері елімізде кәрі қыз бен сүрбойдақтар қатары көбейіп барады. 2015 жылғы статистикалық дерек бойынша Қазақстанда 18 бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған 800 мың қыз бен 350 мың жігіт бар екен. Міне, осы жастардың үрейін жеңіп, алдымен азаматтық некеде тұруға көндірсек, арғы жағы өздігінен шешіліп кетер ме еді, қалай?.. Бұл да бір ой секілді…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз