Бүгін Астанада өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалдық бәсекелері өтеді және Қазақ елінің 6 боксшысы шаршы алаңға шығады.
Атап айтқанда, 48 келіде Назым Қызайбай, 51 келіде Жайна Шекербекова, 54 келіде Дина Жоламан, 57 келіде Айжан Қожабекова, 69 келіде Валентина Хальзова және аса ауыр (81+) салмақтағы Ләззат Күнгейбаева ел намысын қорғайды.
«Қазспорт» телеарнасы жартылай финалдық бәсекелерді тікелей эфирде көрсететіні жоспарланып отыр. Жарыстың күндізгі бөлігі Астана уақытымен 14-40-та басталады. Ал кешкі бөлігі сағат 18-40-та жалғасын табатын болады.
Ал ертең әлем чемпионатының ең тартысқа толы болатын финалдық кездесулерін «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
19-мамыр күні басталған жаһандық бәсеке 27-мамыр күні мәресіне жетіп, қыздар арасындағы әлемнің ең үздіктері анықталатын болады.
Барлық он салмақ бойынша алтын жүлде үшін болатын шаршы алаңдағы кездесулер Астана уақытымен 14-45-те басталады.
Айта кету керек, әлем чемпионаты Астана қаласында өткен жылы ашылған көп салалы «Барыс-Арена» спорт сарайында өтіп жатыр.
Жанкүйерлерге тегін кіру мүмкіндігі қарастырылған.