Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың барлық жүйесі электронды форматқа ауыстырылды. Бұл туралы бүгін елордада басталған 12-ші Сатып алу, кәсіптік әдеп, басқару және ашықтық форумы ашылуында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
Осы ретте министр ендігі уақытта Қазақстан бұл салада жинақтаған тәжірибесін басқа да елдермен бөлісе алатындығын атап өтті.
«Қазіргі уақытта біз көптеген жайт бұл саладағы мамандар мен сарапшылардың кәсіби біліктілігіне байланысты екендігін толықтай түсінеміз. Сондықтан, меніңше, сіздердің елдеріміздегі түрлі пікірлермен, әдістермен бөлісу мемлекеттік сатып алу жүйесін дамытуға тың серпін береді»,
– деді Б.Сұлтанов.
Айта кетерлігі, алдағы үш күн бойы Еуропа мен Орталық Азияның мамандары мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау тәжірибелерімен бөлісетін болады.