Жаңа Зеландияның Жоғарғы соты Mega Cloud компаниясының иелеріне 2014 жылы Қазақстан мемлекеттік органдарынан ұрланған құжаттарды жариялаған пайдаланушы туралы толық ақпарат беру жөнінде үкім шығарды. Бұл туралы The Diplomat басылымы жазады.
Жаңа Зеландия Жоғарғы сотының құжаттарына сәйкес, 2014 жылдың тамызында Қазақстан үкіметінің компьютерлік жүйесі мен лауазымды тұлғаларының электронды пошталары бұзылған.
«Нәтижесінде, бірқатар құжаттар ұрланып, Жаңа Зеландияда орналасқан Mega Limited компаниясының архивтік сайтына көшірілген»,
делінген сот хаттамасында.
Қазақстан өткен жылы Нью-Йорктың Оңтүстік округінің (SDNY) өңірлік сотына
хакердің нақты кім екендігін білмегендіктен, белгісіз тұлғаның үстінен шағым түсірді.
Бұл ұрлық туралы Астана тек, 2015 жылы оппозициялық «Республика» газетінің Facebook-тегі парақшасында сол ұрланған құжаттарда кездесетін құпия екі ақпарат жариялағаннан кейін ғана білді.
Нью-Йорктегі сотқа арыз түсіріп, соттың алдын-ала тыйым салуы арқылы Қазақстан «Республика» газетінің ұрланған құжаттардан ақпараттар жариялауын шектеу үшін барын салып жатыр. Алайда, 2015 жылғы қазан айының соңында SDNY судьясы Эдгардо Рамос мұндай тыйым «Республикаға» қатысты қолданылмайтындығын жеткізді.
«Себебі, «Республиканың» аталған хакерлік шабуылға қатыстылығын немесе хакерлермен келісіп жұмыс жасағандығын дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз»,
деді.
Бірақ, ұрланған 70 GB ақпарат сақталған Mega Cloud хакердің нақты кім екенін білуі мүмкін болғандықтан, Қазақстан енді бар күшін соны анықтауға жұмсап отыр. Сол бағытта судья Рамос Жаңа Зеландияның Жоғарғы сотына «Жаңа Зеландияда орналасқан Mega Limited-тен қажетті айғақтарды алуға жәрдем беруді сұраған» ресми сұрау жіберген болатын. Жаңа Зеландия соты бұл сұрауды қабылдады. Қазақстан атынан өкілдік қылып жатқан заңгер Даниэль Кальдемиристің айтуынша, сот Қазақстан тарапының талабын толығымен қанағаттандырған. Енді тек сот үкімінің орындалуын қадағалау үшін жауапкер тараптың заңгерлерімен байланысты реттеу қажет.
Mega компаниясының қазіргі төрағасы Стивен Холлдың айтуынша, жүргізіліп жатқан сот процесі оның компаниясын орасан зор шығынға батырады. Сондай-ақ, ол Қазақстанның үкіметтік серверлерін бұзған хакер мен ұрланған құжаттарды Mega компаниясының сайтына жүктеген тұлға екеуінің бір адам екендігі дәлелденген жоқ, деп мәлімдеді. Бұл расында солай ма, әлде олай емес пе, сотта белгілі болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы қазақстандық шенеуніктердің gmail пошталық жүйесі арқылы жазысқан мыңдаған құпия хаттары ұрланып, бірқатар сайттар мен Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған болатын. Ұрланған хаттардың ішінде Қазақстан тарапы қызметін пайдаланған Нью-Йорктік Curtis Mallet-Prevost Colt & Mosle LLP заң компаниясымен жазысқан хаттары мен сол кездегі ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Марат Бекетаевтың, ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченконың да хаттары болған.