Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Қазақ оянды!». Билік елдік талқыға халықты неге жолатпай жүр?

111

“Иә, бізде қабылданған заңдар болсын, басқасы болсын – барлық жерде ат төбеліндей ғана топтың мүддесі бар”,

деген экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов биліктің халықпен санасатын уақыты келгенін айтады. Ғалым көптен күткен елдік мәселе – билік тармақтарын қайта бөлу мәселелері жөнінде құрылған комиссияға азаматтық қоғам өкілдерінің қатыстырылмай қалғанына алаң.

– Бізде қабылданатын заңдар да, реформалар да шикі. Төбеден түскен жай секілді. Ал зардабын халық шегеді. Өйткені халық ол заң туралы мүлдем естімеген, оның талқысына қатыспаған. Оның ақыры әрине, әлеуметтік қайшылыққа әкеліп соғуда.

Меніңше,

саяси топтар ондай дүниеге халықты әдейі жолатпайды. Ал Елбасыға: “Халық марғау, саясаттан хабары жоқ, дауысқа салып, қатыстырып қайтеміз, сауатсыз халық бірнәрсені бүлдіреді” деп есеп беретін секілді. Үкіметтің кей мүшелері тіпті солай ойлайтын да сияқты. Бірақ бұл – таза өтірік.

Интернеттің кеңінен дамуы халқымыздың кез-келген салада белсенді, әрі сауатты екенін көрсетті. Көлік туралы заң, жер дауын алыңыз, халық бірігіп, тұтаса алатынын көрсетті,

– дейді Тоқтар Есіркепов.

Профессор билік тармақтарын қайта бөлу Қазақстан халқының көптен күткен саяси реформасы екенін, оған әлеуметтің ерекше назары ауып отырғанын баса айтады.

– Қазақстанда осыған ұқсас түрлі саяси реформа болды. Бірақ оның ешбірі күтілген нақты нәтижені бермеді. Мысалы, мен 2006 жылғы демократияны дамыту бойынша құрылған мемлекеттік комиссияның жұмыс тобына қатыстым. Біз азаматтық қоғамның концепциясын талқылап, қабылдадық.

Бірақ ол тұжырымда басты функция жоқ боп шықты! Яғни, халық мемлекеттік қызметті бақылау керек, билік халыққа есеп беруі тиіс деген тармақтар болмады. Әрине, мен бұл мәселені сол арада көтердім. Жұмыс тобының басшысы Дариға Назарбаева мені қолдап, дауыс берді, сөйтіп менің ұсынысымды комиссияның дауысына салды.

Бірақ дауысқа салғанда біздің масқарамыз шығып, жеңіліп қалдық.

Білмеймін, онда қабылданған кейбір шешімдер пайдалы болған шығар. Бірақ анығы, содан соң биліктің құзыреті артты, оппозиция ойын алаңынан ысырылып, мүлдем алынып тасталды. Бұл енді жетістік емес, керісінше, кері кету еді.

Ғалым бұл жолы да сол кездегі қателіктерге жол берілгелі тұрғанын ескертеді.

– Ал қазір ше?

Қазақстан деген мемлекеттің басқару жүйесі өзгерейін деп жатыр! Тағы да ең басты нәрсе жоқ. Халық жоқ!

Сонда жаңа дәуірге халықтың мүддесі мен мұң-мұқтажын ескермей аяқ баспақпыз ба? Әрине, Елбасының жемісін берген сардарлы саясаты жетерлік.

Көпвекторлы саясат, немесе Еуразиялық одақ тек экономикалық болады дегендей принциптер дұрыс, олар өзгермеуі тиіс, оны сақтауымыз қажет. Қазіргі қалыптасқан жүйе де 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен бекітілді. Сол секілді

бұл жолы да Елбасы өзі ұсыныс жасасын, ол бүкіл халық болып ортақ талқыға салайық.

Сонда бұл әлдеқайда сенімді әрі сауатты шешім болады,

– дейді экономика ғылымының докторы, профессор.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз