Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-6
USD
389
0.00
EUR
428
0.00
RUB
6.08
0.00

Ол – ресейлік өнім! Қазақ ұлтшылдары ВКонтакте желісін жабуға неге қарсы?

Ерлан Қариннің айтуынша, ВКонтакте әлеуметтік желісін тежеп, немесе мүлдем тоқтату керек. Өйткені саясаттанушы «негізі, барлық жөнсіз, мән-мағынасыз және қауіпті пәлекеттің бәрі аталған әлеуметтік желіде жүріп жатыр» деген пікірде. Алайда Ерлан Қариннің ВКонтакте әлеуметтік желісін жабайық деген ұсынысына ұлтшыл азаматтар қарсы болып отыр. Мүйізі қарағайдай зиялы қауым өкілдерінің ішінде белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали, ақын Аманхан Әлімұлы, журналист Серік Жанболат сынды азаматтар бар.

Атағы дардай ағаларымыздың айтуынша, ресейлік әлеуметтік желіні жабу дұрыс емес.

Өйткені ВКонтактіні жапқаннан кейін, билік Фейсбук сынды басқа да әлеуметтік желілерге де ауыз салуы мүмкін.

Сондықтан да аталған әлеуметтік желіні жабу туралы ұсынысты Серік Жанболат Ерлан Қариннің “қармағы” ретінде бағалап отыр.

Ал Аманхан Әлім болса, әлемдік адамзат ақыл-ойының жемісі және өркениет көрсеткішін жауып үлгі көрсетпей, қайта оны пайдалану мәдениетін үйрету керек деген пікірде. Сондай-ақ, Әзімбай Ғали да Ерлан Қариннің ВКонтакте әлеуметтік желісіне қатысты ұстанымына үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Ол тіпті бір емес, бірнеше рет Ерлан Қаринді айыптап, пікір жазды.

Серік Әбікен

Осы ретте азаматардың барлығы бірдей Ерлан Қариннің ұсынысына қарсы шығып, “бүйректен сирақ шығарып” жатқан жоқ. Көпшілік қауым саясаттанушының ВКонтакте әлеуметтік желісін жабу туралы ұсынысын қолдап отыр. Солардың бірі – «Парасат» журналының бас редакторы Серік Әбікен мырза. Ол қазақ ұлтшылдарының ресейлік әлеуметтік желіні қорғап, жанталасып жатқанына таң қалып отыр.

– Өз басым Вконтакте әлеуметтік желісін жапқан дұрыс деп санаймын. Өйткені аталған әлеуметтік желі – ресейлік өнім. Оған күн сайын кіретін 70 миллион адамның дені орыстілділер екенін естен шығармаған жөн.

Ең қауіптісі, олардың арасында діни радикалдық иделогияны насихаттап жүрген «діндарлар» да жетерлік. Өкінішке қарай, орыс тіліне жетік қазақ балалары солардың тұзағына түсіп қалып жатыр.

Майл.ру Груп компаниясына қарайтын желіні Бүкілресейлік теле-радиотарату компаниясының басшысы Олег Добродеевтің баласы басқарады. Бұл деген сөз – Вконтакте әлеуметтік желісі Ресейдің мүддесін көздейді дегенді білдіреді. Сондықтан да аталған желінің жабылғаннан ұтпасақ, ұтыла қоймаспыз деп ойлаймын, – дейді Серік Әбікен.

Расында, Вконтакте әлеуметтік желісінің пайдасынан гөрі зияны көп екенін көзі қарақты азаматтар айтып жатыр. Өйткені аталған желіде террор мен зорлық-зомбылық еркін насихатталады. Бұл аз десеңіз, мамандар жастардың арасында суицидтің көбеюіне тап осы әлеуметтік желі кінәлі деп дабыл қағуда. Себебі Вконтактеде өзін-өзі өлтіруге шақыратын әртүрлі топтар өте көп. Ең бастысы, аталған желі Ресейдің мүддесін бірінші орынға қоятынын ұмытпаған жөн.

Бір қызығы, ең бірінші орынға Ресейдің мүддесін қоятын әлеуметтік желіні қазақтың маңдайалды ұлтшылдары неге қолдап отыр? Шыны керек, жоғарыда аты аталған азаматтардың көпшілігі «ВКонтакте әлеуметтік желісін не үшін жабу керек» дегенді білмейтін сияқты. Егер білсе, Ерлан Қариннің бастамасына қарсы шығып, оны жөнсіз айыптасмас еді ғой.

Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2019 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз