Шынымен де, Сағадиев қу министр екен! Қазақ тіліне қарсы реформаны қолға алған министр Үкіметте қазақша «сайрап» кетті. Бұған сену қиындау, бірақ Үкіметтің бүгінгі отырысында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев көтерген мәселесін басынан-аяғына дейін қазақша баяндап шықты.
Ал оның әріптестері, әдеттегідей, сөзін қазақша бастап, ортасындағы жілікті тұсын орысшалап, қошатасар тұсты мемлекеттік тілге арнады.
Сол кезде баршаның тілегі мен талабы бір жерден шығып, орысша міңгірлеген Үкіметке „Қазақша сөйлеңдер, қазақша„ деп шуласқан көпшілік, желіні жаңғыртып, министрлердің бір есін шығарып еді.
Сондықтан осы талап-тілектен, басқасын қайдам, Білім министрі аттап өтіп кете алмаған секілді. Әрине, дамуға аяқ басқан кез-келген мемлекет өз халқын әрдайым жоғарыға қояды емес пе?
Оған қоса, министр қазақша баяндамасында ауылдың қазағына өзекті мәселе – апатты жағдайдағы мектептер жайын қамтыды. Ол аталған мәселені 2018 жылдың аяғында дейін толығымен шешеміз деп сендіргісі келеді.
Қазақ елінің үкімет жиынында қазақ тілінде сөйлегені жақсы-ақ, ауыл халқы үшін өзекті мәселені көтергені дұрыс-ақ, өйткені бүгінде республика бойынша 156 апаттық мектеп бар екен.
Алайда дейміз-ау, қазаққа жат реформа – үштілдік саясатын мектепке енгізгісі келетін министрдің аяқ-асты бұлайша ұлттық болмыстағы тұлғаның образына ене қалуын қалай түсінуге болады? Әлде оған әлеуметтік желіде қазақтың дара тұлғасы – Асқар Жұмаділдаевты министр етіп тағайындау туралы елдің ұсынысы әсер етіп кетті ме?
Олай болса, Сағадиев, шынымен де қу екен!