Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Аягөзде Желтоқсан көтерілісіне арналған ескерткіш ашылды

677

Алматы қаласынан зиялы қоғам қайраткерлерінің арнайы делегациясы келіп, қуанышты сәттің куәсі болды.

Дос Көшім, Болат Дүйсенбі, Бейбіт Қойшыбаев бастаған қайраткерлер мен Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Баяхметов, Аягөз қаласының әкімі Руслан Қасымжанов сөз сөйлеп, ескерткіштің лентасын қиып берді.

Бұл ескерткішті тұрғызу бастамасын көтеріп, оның салынуына зор еңбек сіңірген азаматтардың да аты-жөндерін атай кетуді жөн санаймыз. Олардың арасында ҚР Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильяновқа, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нүкен Сәдуұлына, ұйым мүшелері Сапура Токсейітова, Нүкен Бейсенғазы, Күлмәриям Тойболдиева, Роза Искакова, Сәтбай Әлімбаев, жергілікті білім басқармасының бастығы Нұрғали Әзімбаев, “желтоқсаншы” Қайрат Саханов, «Желтоқсан ақиқатының» Алматы облыстық филиалы төрағасы Ізтілеу Тойшыбайұлы, «Желтоқсан ақиқаты»  Алматы қалалық филиалының төрайымы Күміс Күргенбаева, Астана қалалық филиалының төрағасы Ержан Ұзақ, бірлестіктің белсенді мүшесі Санат Қайырбаев, «Желтоқсан қоғамы»  бірлестігінің төраға орынбасары Жүрсін Тастекеев сияқты азаматтарға алғыс айтылды.

Ашылу салтанатынан кейін Қатым түсіріп, ас берілді. Желтоқсанда қыршынынан қиылған қазақтың ұл-қыздарының рухына бағышталып құран оқылды.

Айта кетсек, «Желтоқсан ақиқаты»республикалық қоғамдық  бірлестігі 2010 жылы мамырдың 31-і күні Өскемен қаласында Желтоқсан көтерілісінің құрбандарының бірі – Сәбира Мұхаметжановаға өзі оқыған педагогикалық колледждің бұрышына мәрмәр  ескерткіш тақта қойған болатын. Одан бұрын Ләззат Асановаға, Сұлухан Назароваға оқыған мектептеріне мәрмәр тастан тақтайшалар орнатылып, жерленген жерлеріне граниттен ескерткіштер тұрғызылды.

Тәуелсіз елдің жас ұрпағы өз ұлтының тарихын ұмытпауы тиіс. Ұлттық сананы оятып, Тәуелсіздіктің тағылымын жігерлі жастарымыз терең түсінуі үшін осындай игі шаралар әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз!

Күміс Күргенбаева,

«Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрайымы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз