Алматыда 26 маусым күні автобуспен соқтығысқан көлікті танымал қазақстандық «5:32» телехикаясының продюсері жүргізген екен. Маусымның 26-сы күні кешке Алматы полиция департаментінің түсініктемесінде жол апатына себепкер болған жүргізушінің ұсталғаны белгілі болды. Бойжеткен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
CMN.KZ тілшісіне хабарлағандай, «Salem Social Media» медиа-компаниясының продюсері 28 жастағы Әнел Сартаева (Уалиева) KIA Sportage көлігін тізгіндеген. Ол «5:32», «Эскорт», «1286» және басқа да танымал қазақ телехикаяларын түсірді.
Salem Social Media дереккөзі апаттан кейін кешке Сартаеваның жұмыс орнында болғанын айтты. Алайда 27 маусымда медиа-компанияның баспасөз қызметі CMN.KZ тілшісіне продюсердің бұдан былай жұмыста емес екенін, бір аптадан кейін ғана хабарласа алатынын хабарлады. Компания оның келмеу себептерін жарияламады.