Қазақстан азаматы Кабулге ауған компаниясының шақыртуымен барған екен.
Ауғанстанда қонақ үйге шабуыл кезінде көз жұмған қазақстандық астаналық бизнесмен болған, деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов.
“Ол 1978 жылы туған Астана тұрғыны болып шықты. Бизнеспен айналысқан. Ауғанстанға коммуникация саласында жұмыс істейтін ауған компанияларының бірінің шақыруы бойынша іскерлік мақсатта барған. Қазір біздің дипломаттар ауған қызметтерімен бірлесіп мәйітті Қазақстанға жеткізуді ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр”, — деп түсініктеме берді Жайнақов.
Өткен сенбі күні кешкісін қаруланған содырлар Intercontinental Hotel қонақ үйіне басып кірген. БАҚ-тың мәліметінше, 18 сағатқа созылған шабуыл салдарынан кем дегенде 43 адам ажал құшқан. 126 адам құтқарылды, оның 41-і шетелдіктер.