Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
4
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Асылтұқымды мал Баянауылға тез сіңісіп, қазір еселеп өнім бере бастаған

243

Герефорд, ангус бұқалары, қазақтың ақбас сиыры, жергілікті жердің де тұқымы ерекше сиырлары да көрмеден орын алған-ды. Өңірдегі басқа да шаруашылықтармен бірге Батырбектің «МТС Жайма» серіктестігі де қатысты деп жазады “Егемен Қазақстан” газетінің өңірдегі тілшісі Фарида Бықай.

– Үдемелі индустриялық-инно­ва­­циялық даму бағ­дарламасына қа­­тысып, АҚШ-тан 699 бас абердин-ангус, Ресейден 170 бас гере­форд асыл тұқымды бұқалар сатып алдық. Қазір мал басы саны артты. Шетелден әкелінген малдар Баянауылға үйренген шығар дейсіз бе? Үйренгенде қандай! Туған ауылдарына келгендей жүр ғой. Күте білсең мол табыс, – деген еді сонда Батырбек әзілдей күліп.

Бұл күндері елімізде ет экс­порт­ының әлеуетін арттыру ісі қолға алынды. Бастысы – мал басын асылдандыру. Ет пен сүт көбейеді. Жалпы, «МТС Жайма» серіктестігі осыдан он жыл­дай бұрын сол кездегі аудан әкімі Қора­бай Шәкіровтің бастамасымен, екі­бастұздық «Гамма» серіктестігінің инвестициялық қолдау көмегінің арқасында ауылда егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту мақсатында құрылды. Құрылған жылдары ауыл­дағы «МТС Жайма» серіктесігі 133 бас асыл тұқымды қазақтың ақ­бас сиырларын сатып алып, мал тұ­қымын асылдандырды.

2007 жылы «Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық» мәртебесін алды. Облыстағы «Таурус» серіктестігімен келісімшартқа отырып, жыл сайын асыл тұқымды ақбас сиырларына «герефорд» бұқаларының ұрығын әкеліп ұрықтандыру жұмыстарын жүргізді. Өз қаражаттарына 200 бас ірі қараға арналған мал қораларын күрделі жөндеуден өткізіп, біреуін жаңадан салды. Бордақылау алаңын тұрғызды. Қасапхана жасалды.

– Бүгінде шаруашылықта «Қазақ­тың ақбас сиырын, бұзаулайтын ірі қара мал басын өсіруге арналған кешен құру» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба құны – 1939,3 миллион теңге. Яғни, дамыған инфрақұрылымы бар заманауи кешен деген сөз. Екіншіден, баламалы қуат көзі – жел қуаты мен күн көзінен энергия алынады, – дейді серіктестік басшысы жаңа­шылдықтарымен бөлісіп.

Міне, біз аралап көргеніміздей, агроөнеркәсіптік кешенде шығын жолдарын азайтып, жаңа технология енгізілуде. Мысалы, жайлау мен қыстаққа 14 үй салынып, пәтерлерге жарықты күн батареясымен береді. Екіншіден, малды жел арқылы жұмыс істейтін су көтергішпен суарады.

– Сүт бағытындағы мал ша­руашылығын қолға алған жақсы-ақ. Бірақ, өзіңіз айтқандай, біз өте алыстамыз, шалғайда. Басқа ауылдармен байланыс жасау қиын. Аудан орта­лығынан бері қарайғы жолдың әуресі де аз емес, – дейді кәсіпкер.

Иә, Қаратомардың Жайма сияқты шал­ғай ауылына да мемлекеттік бағ­дарлама келіп жетті, игілігін қара­пайым ауылдықтар көруде деген осы. 4 қыстық қора, бақташыларға арналған үй, әкімшілік-тұрмыстық корпус, мал сою алаңы, 500 басқа жем беретін жабық алаң, 1000 басты жемдеуге арналған ашық үлгідегі алаң, бәрін қосқанда 22 нысан пайдалануға беріліпті. Асыл тұқымды мал санын көбейту мақсатында ангус және герефорд тұқымдас бұқалар өсірілуде. Шаруашылықта 1500 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Жалпы саны 4 мыңнан асатын ірі қара бар, биыл 63 мал етке тапсырылыпты, 318, 8 центнер ет өндірілген.

Айтпақшы, шаруашылық биыл 4250 гектар алқапқа арпа, бидай және сұлы егіп, 9520 тонна өнім алыпты. Өткен жылы егін шығымдылығы төмен болған еді. Биыл көрсеткіш бірден 9 есеге артып, гектарына 22,4 центнер өнім алыныпты. Серіктестік иелігінде 34400 га жері бар екен. Оның 1100 егіншілікке, 900-і шөп жинауға, 14400 жайылымға бөлінген. Жылына 7 мың тонна шөп дайындайды. Баянауылда жиналды деген дәнді дақылдардың 90 пайызы осы «МТС Жаймаға» тиесілі. Бұл таулы-тасты, сусыз жердегі Баянауылда егін өспейді дегендерге жақсы жауап та. Тіпті, 260 гектар жерге Батырбек күнбағыс та егіпті. Құс та өсіреді. Қалауын тапса қар жанар деген осы. Қаратомар ауылымен көршілес ауылдарды да ұнмен қамтамасыз етіп отыр. Диірмен бірінші, екінші сұрыпты ұн өндіреді, одан қалған дән мен кебекті сыртқа сатады.

Алыстан келгендерге қонақүй дайын. Негізінен, бұл вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшы-қыз­­­меткерлерге арнап тұрғызылған.Тұр­ғын үйлер қысы қатты ауа райына лайықталып бой көтерген. Ша­руашылық жұмысы қарқынды. Жоба-жоспар бастан асады. Бұл аудан үшін, облыс үшін маңызды.

Бүгінгі жұ­мысшылардың дені жас­тар, ал, жастар ауылда тұрақтап қалу үшін жұмыс керек, жаңа заманға сай жаңа үйлер қажет. Ауылда жүзде н аса жұмыс орындарын ашқан «МТС Жайма» атты берекелі шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Жоба толық жүзеге асқанда бұл жердегі «МТС Жайма» жасап жатқан заманауи алып кешен үлкен қуатпен қарқын алып, өңірдегі «Галицкое», «Абай атындағы», «Победа» ЖШС-лар сияқты өркениетті, табысты даму жолын таңдар деген сенім мол.

Қазір «МТС-Жайма» орналасқан Қаратомарда 600-дей адам тұрады. Бүкіл ауылдың тұрғындары кешенде еңбек етуде. Дәрігерлік бөлімше, дәріхана, клуб үйі жұмыс жасап тұр. Бір күндері балабақшаға барған 20 баланың қатары да көбейіпті, алғашқы болып келгендер қазір мектепте оқып жүр екен. Болашақта өсіп-өніп, өркендеп ауылға ие болатын қожайындар осылар деп ойладық аттанарда. Айнала кең далаға қарап тұрмыз. Көз жетпейді. Жаймадан бөлек,осы далада басқа тағы да 12 шаруа қожалығы еңбек етуде. Жер жетеді. Игер, пайдалан деген осы. Міне, Батырбек сияқты ауыл жігіттері кең даланы бос қалдырмас үшін, өзгелер көз тікпес үшін маңдайтерлерін төгуде.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз