Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
22
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Астанаға келген гонконгтық турист жуынатын ыстық су таппай дал болған (фото)

Елордадағы аптап ыстыққа қарамастан, «ЭКСПО» көрмесін тамашалаушы туристердің қарасы саябырсымаған. Гонконгтық Каолин де Алматыда бірер күн болып, енді міне Астананы саяхаттап жүр.

«Мен отбасыммен бірге біраз күн Алматыны араладым. Алматы өте әдемі қала. Әсіресе, ақ басына бұлт қонған таулар қалаға ерекше өң беріп тұрғандай әсер қалдырады. Алматыда тұрақтаған қонақүйіміз арзанға түскен еді. Астанада олай емес. Мұндағы қонақүйлер бағасы Алматымен салыстырғанда әлдеқайда қымбат», – деп қытайлық бойжеткен өз әсерлерімен бөлісті.

Сондай-ақ, ол Астанада өздері орналасқан қонақүйде бірнеше күннен бері ыстық су болмағанын айтып, бұл олқылықтың туристер үшін өте қолайсыз екенін жеткізді.

«Мен Жапония, Тайланд, Тайваньға жиі барып тұрамын. Ешбір елде мұндай келеңсіздікті көрмеген едім. Астанаға туристерді көптеп келуін қаласаңыздар, алдымен, осындай кемшіліктерді ретке келтіру керек деп ойлаймын»,  – деп Каолин өз ойын айтты.

Қытайлық ару, сонымен бірге, елордадағы такси қызметіне көңілі толмағанын айтып, олардың «ағылшын тілін білмеуін ең басты кемшілік» деп отыр.

«Астана халқы өте қонақжай. Тіл білмесе де, туристерге көмекке келіп, қолдарынан келгенше жәрдем беруге асығып тұрады. Десе де, такси жүргізушілерінің ағылшын тілін білмегені біз сияқты туристер үшін өте қолайсыз деп санаймын. Меніңше сіздердің елдеріңіздегі ең түйткілді мәселе – тұрғындардың ағылшын тілін жетік білмеуі деп ойлаймын», – деген ол мұндай олқылықтың, тіпті, мейрамханалар мен сауда үйлерінде де бар екенін атап өтті.

«Астанада мейрамханаларға барып тамаққа тапсырыс беру де өте қиын. Себебі, ас мәзірі ағылшын тіліне аударылмаған. Әйтеуір, даяшылардың көмегімен бір-бірімізді ыммен түсінісіп жатамыз. Бүгін міне тағы да кезекті бір сауда үйіне келіп тұрмыз. Мұнда да, өкінішке орай азық-түліктің ағылшынша аудармасы жоқ. Ал бағаға келер болсақ, Гонконгпен салыстырғанда сіздерде әрине, барлығы әлдеқайда арзан», – деді ол.

Сондай-ақ, ол қазақстандық белгілі тұлғалардан тек Сабина Алтынбекованы танитынын атап өтті. Ал Димаш жайлы Каолин мен оның отбасы білмейтін болып шықты.

«Менің отбасым сіздердің елдеріңізден тек көркінен көз сүрінер волейболшы қыздарыңыз – Сабина Алтынбекованы ғана таниды. Ал Димаш жайлы естімеппіз», – деп қысқа ғана жауап берді.

Коалиннен «Қазақстанға қайта келесің бе» деп сұрағанымызда, бойжеткен алдағы бес жылда жол түссе тағы бір мәрте келетінін айтып қалды.

«Отбасыммен «ЭКСПО» сынды ауқымды көрмеген бірінші келіп тұрмыз. Болашақта Қазақстанға тағы да келеміз деген ойдамыз», – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз