Астанада велосипедпен жүріп бара жатқан баланы жүк көлігі қағып, салдарынан бала көз жұмды. Бұл оқиға тұрғындардың ашуын туғызып, олар құрылыс компаниясына наразылық білдірді.
Тұрғындардың айтуынша, аулада балаларға арналған жол, бағдаршам, қауіпсіздік белгілері мүлде жоқ. Бұл жағдай ата-аналарды өз балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдатуда.
«Велосипедпен жүретін жер жоқ, балаларымызды мектепке жалғыз жібере алмаймыз. Бұл құрылыс компаниясының немқұрайлығы», – дейді тұрғындардың бірі.
Қайғылы оқиғадан кейін ғана компания өкілдері қауіпсіздік мәселесін қарастыра бастаған. Алайда тұрғын үй кешені пайдалануға берілгеніне 4 жыл болған.
«Артқа жүрген жүк көлігінің жүргізушісі баланы көрмей қалуы заңдылық. Камера немесе арнайы бақылаушы болмаса, осындай қайғылы жағдайлар қайталана береді», – дейді тағы бір ата-ана.